Ішімдікке құмар әкім қызметінен қуылды

Батыс Қазақстан облысындағы ауылдық округінің әкімі ішімдікке құмар болғандықтан жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz облыс прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Photo: БҚО-да ішімдікке құмар әкім қызметінен қуылды Қазақстанның мемлекеттік қызметкерінің Ар-намыс кодексін бұзу дерегі бойынша, аудан прокуратурасы облыстық тәртіптік кеңеске Қуандық Рәшқалиевті тәртіптік жауапкершілікке тарту жөніндегі ұсынысты енгізді. “Ұсынысты қарастыру қорытындысы бойынша, Бөкейорда аудандық әкімінің құзырымен Саралжын ауылдық округінің әкімі Рәшқалиев 2015 жылдың 19 наурызынан қызметінен босады”, – делінген прокуратура хабарламасында. Еске сала кетейік, осыған дейін әдепсіз мінез-құлығы үшін ауылдық округтің басшысының үстінен жергілікті тұрғындар шағымданған болатын, олар кездесуде шенеунікпен ортақ тіл табыса алмады. Олардың айтуынша, әкім өз кабинетінде мас күйде болған және қабылдауға келген әйелге ұрысқан. Прокуратура өкілдерінің айтуынша, бұл жағдай осы жылдың 5 ақпанында болған. Қабылдауына келген азаматшаға әкім бейәдеп сөз айтып, ұсақ бұзақылық көрсеткен. Сонымен қатар, бұрынғы әкімнің бұған дейін де осыған ұқсас құқықбұзушылықпен әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды.