Жарқын да, жайсаң тұлға еді..
2015 ж. 30 наурыз
2871
3
Үлкенді –кішілі іс барысында талай адамдар бір-бірімен пікір алшақтығын сезініп жатады. Әсіресе, бұл басшы мен қосшы арасында жиі байқалып жататын жайт. Сонымен бірге ол көбінесе, сенің қызмет барысыңа да әсер етіп жатады. Бірақ, өмір бойы жұмыс жақсы болсын деп өскен тұлғалар ол пікір алшақтығына мән бере бермейді. Олар үшін ең негізгісі - жұмыстың соңғы нәтижесі болатын. Сол сияқты қамал алған 45 жасына толуға төрт күн жетпей өмірден өте барған Нұрлан Жамбылұлы Қаппаров та дәл сондай нартұлғалы азаматтардың алдыңғы қатарында маңдайы жарқырап жүрген марғасқа азамат еді...
Біз жұмыс барысында осындай пікір алшақтығына барып қалып жүрдік. Бірақ, Нұрлан Жамбылұлы өзіне тән кеңдігімен бұған қалыпты заңдылық ретінде қарай білді. Отызға жетпей-ақ орда бұзған, қырыққа жетпей-ақ қамал алған қайсар қайраткер болатын. Ал бұл жетістіктер жәйдан-жай келе салмайтыны елге белгілі. Әсіресе, Тәуелсіз еліміз енді құрылып жатқанда, нарықтың қыр-сыры елге беймәлім кезде нар ғана көтере алатын зор жауапкершіліктер еді бұл...
Кеше Алматыдағы қалың жұрттың Нұрлан Қаппаровты соңғы сапарға шығарып салуға арналған қаралы жиынында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев жұмыс барысында кейбір келіспеушіліктер болғанын айтып, Нұрлан Жамбылұлының әруағынан кешірім сұрады.
Осы кезде менің де бір жағдай есіме түсе берді. Нұрлан Қаппаров «Қазатомөндіріс» ұлттық компаниясына президент болып кетіп, Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігі қызметкерлерін жинап жиын өткізіп еді. Сонда мен шынайы көңілмен ақ тілегімді жеткізген едім. «Нұрлан Жамбылұлы, қызмет барысындағы кейбір пікір алшақтықтары біздің арамызға салқындық түсірген жоқ деп сеніммен айта аламын. . Егер осы қиындығы мол ортақ жұмыстар кезінде, менің жеке өз басымнан келіспеушіліктер мен кемшіліктер кеткен болса, мен қазір мына елдің алдында кешірім сұраймын»- деп айтып, ақ жарылған болатынмын.
Иә, Нұрлан Жамбылұлының су шаруашылығы тарихындағы жетістігін ел жақсы біледі. Біріншіден, ол министр болып тұрғанда елімізде тұңғыш рет мемлекеттік су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Екіншіден, кезінде Су ресурстары комитетін агенттік етіп құру ойға алынып жүргенде, ол кісі келіп, Қоршаған ортаны қорғау және Су ресурстары министрлігін құруға ықпал етіп, министрлік деңгейіне дейін көтеріп жіберді. Бұл жерден Нұрекеңнің терең ойлаған кең құлашты, алып ауқымы бен биік деңгейіне куә болдық.
Осы екі жетістігімен-ақ Нұрлан Жамбылұлы Су саласы тарихында жарқын жетістігімен қалды...
Өмір-өзен деген осы! Біреу кеш, біреу ерте өтіп жатады. Оның ішінде осындай жарық жұлдыздай жарқ етіп, өмірден өтуінің өзімен елді ойландырып кететін, өкіндіріп кететін тұлғалар болады...
Нұрлан Жамбылұлының өз туған жерінде дарынды балаларға арнап физика-математика мектебін ашып кеткені де оның саңлақ бейнесінің сан қырлы болғанын білдіреді.
Жатқан жеріңіз жайлы болып, пейіште нұрыңыз шалқи берсін! Артыңыздағы анаңызға, отбасыңыз бен туған-туыс, дос-жарандарыңыздың ауыр қайғысына ортақтасып көңіл білдіремін.
Ел жүрегінде жарқын да, жайсаң бейнеңіз ұмытылмақ емес...
Ислам ӘБІШЕВ,
Ауылшаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасы