Сайлауға саналы түрде қатысқанымыз жөн

сайлау Бүгін еліміз маңызды да жауапты таңдау жолында тұр. ҚХА үндеуін көпшілік қолдаған соң Қазақстан Президентін сайлауды мерзімінен бұрын өткізу үшін дайындық науқаны күн өткен сайын қызу қарқын алып келеді. Қазір қай телеарнаны қоссаң да, қай газет-жорналды ашсаң да көтеріліп жатқан негізгі тақырып бір ғана сайлау болып отыр. Мұндай шұғыл шешімге алда келе жатқан дүниежүзілік экономикалық дағдарыс басты себеп болған сыңайлы. Оның дүмпуін бүгіннің өзінде айқын сезіне бастадық. Оған қоса, келер жылы бұл жауапты науқанға Мәжіліс депутаттарын сайлау да қабаттасып кететіні айтылып жатыр. Таратылған хабарларға ден қойсақ, зиялы қауым, беделді деген азаматтарымыз бұл шараны барынша қолдап, өз тұжырымдарын жеткізуде. Жер-жерлерден түсірілген хабарларға көңіл аударсақ сайлауды қолдаушылар жетіп-артылады. Жетпіс деген жастың ортасынан асқанша сонау кеңестік кезеңнен бастап сайлаудың түр-түрін көріп, еліміздің азаматы ретінде белсенділік танытып, дауыс беруге үнемі қатысып келемін. Теледидардан көрсетіліп жатқандай зиялы қауым мен көптеген мекеме тізгінін ұстап жүргендер бұл шараның саяси астарын ашып, маңызын түсіндіруге тырысып жатыр. Ал, қатардағы халық өкілдері неге екені тым сирек көрсетіледі. Соған қарап қарапайым қарашаның айтар ойы жоқ сияқты болып көрінеді. Немесе олардың пікірі ешкімге қажет емес сияқты. Тәжірибемізге сүйенсек олардың арасында түсіндіру мен насихат жұмыстары нәтижелі жүргізілмейді. Жүргізілсе де жоғарыдан берілген нұсқауды орындадық деген сыңаймен есеп беру үшін ғана өткізіледі. Сондықтан олар бұл шараның негізгі мақсатын, маңызын толық түсіне бермейді. Қарапайым тұрғындар арасында түрлі алып-қашпа әңгімелер орын алып жатады. Ал санаға сына қағушылар қашанда табылатыны белгілі. Біреулер жүздік, рулық, жерлестік түсініктердің жетегінде кетсе, енді біреулер менің дауысымсыз-ақ сайлау өтеді деп мүлдем қатыспайды. Ондайлар бұл іске өздерінің қатысы жоқ деп есептейді. Кейбір жерде сайлауға қатысуға міндеттісің деп мәжбүрлеу де бар, әйтпесе жұмыстан кетесің деп қорқытады. Тіпті, «жаңа адам келсе ол тойынғанша тағы да талай жыл өтеді, бұрынғыға дауыс бере салайық» дейтіндер де табылады. Қарапайым халықтың ортасында жүргендіктен түрлі пікірлерді естуге тура келеді. Осының бәрі дұрыс түсіндіру жұмыстарының жүргізілмеуінің салдарынан болып отырғаны белгілі емес пе? Жаңағыдай теріс пікірлерді ашып, телехабарлар арқылы талдау жасалып түсіндірілсе бізде басқаша жағдай қалыптасар еді. Ал шын мәнінде әркім өзін Қазақстанның азаматымын деп есептесе, ел тағдырына бей-жай қарамауы тиіс. Алдымен өткізіліп жатқан сайлаудың еліміздің ертеңгі болашағына тигізер әсерін түйсініп, өз болашағына таңдау жасайтынын білуі керек. Үміткерлердің қайсысы үлкен жауапкершілікті көтеріп, ел сенімін ақтай алады деген сұрақ әрбіріміздің көкейімізде тұрғаны жөн. Сайлау әйтеуір өткізілуге тиісті шара, даусымызды беріп құтылайқшы деген деңгеймен алысқа бара алмаймыз. Әрбір адам сайлауға саналы түрде қатысып, өз жүрегінің қалауын білдіргені абзал. Оның маңызына барынша жіті мән бергені дұрыс деп ойлаймын.

Жеңісбек ҚЫСТАУБАЕВ, зейнеткер, Алматы қаласы