Сайлауға қатыспаса басы ауыратындар мен ешкім атын білмейтіндер "мерекесі"
2015 ж. 10 наурыз
2822
9
26 сәуірде өтетін Президент сайлауына үміткерлер көбейіп келеді. Негізгі кандидатты ел болып алқап, алаңға шығар алмай жатырмыз. Әзірше, «қосалқы құрам» жасақталу үстінде. Қазірше оннан астам үміткер тіркелді. Алды Мемлекеттік тілден емтихан тапсыра алмай құлап жатыр. Көбін ешкім танымайды.
Мені бұлардың кім екені, кім болғаны қызықтырмайды. Егер сайлауды аламан десеңіз, көз ұшында қалың шаңның арасынан үздік-создық қылаң беретін бір топ болады, бұлар сол меженің үміткерлері. Сайлаудың бір жақсы жері бар, ел танымайтын, ешкім атын білмейтін «тұлғалар» шығып, өзінің «жарқын бейнесін» көрсетеді. Бұл да болса, сайлаудың «жақсылығы»…
Бізді қызықтыратыны, қазірге нақты тіркелмесе де, сайлауға түсетіндігін мәлімдеп үлгерген «ескі гвардия». «Қосалқы құрамның» ішіндегі ең танымалдары, қақпаға гольді тура бағыттамастан, лағып тепсе де, жұрттың жадынан өшпейтін өздерінше «өрнек» көрсетеріне сенімдімін. Біздің ел үшін Президенттік сайлау мереке – шоумендер мен жұмыссыздардың, еріккендер мен ары өткен, бері өткеннің, өзінің «карьерасын» жасағысы келгендер мен сайлауға қатыспаса басы ауыратындардың, мақтау мен мадақ естімесе жүре алмайтындардың, үндеу, хат, қолдау ұйымдастырмаса тұра алмайтындардың, сайлау десе «кайф болатындар» мен науқан десе «оза шабатындардың» төл мерекесі. Сенбейсіз бе? Төмендегі үмітсіз, бірақ үміткерлерге қараңызшы…
Аттаншыл Амантай…
Амантай қажы ескі әдетінен жаңылған жоқ, бұл жолы да сайлауға үміткер ретінде тіркелуге «аттандап» баратынын айтып салды. Амантай қажыны (фамилясын ұмытып тұрмын, кешірім сұраймын) танымайтын адам жоқ. Қазақтың ақ шапаны туралы ойласаңыз, асатаяғын секеңдетіп, қыс-жаз демей Алматыны адақтап жүретін, көшелердегі бұрыш-бұрышқа, қуыс-қуысқа есімі мен әйгілі ұранын жазуды азаматтық парызы санайтын, «Президент Назарбаевтың өзі жеті рет бата алған», Меккеге жылына пәленбай мәрте баратын, қазақтың атын халықаралық деңгейде (өзі осылай дейді) шығарып жүрген Амантай қажы елестейді… Қазақтың ас-тойларынан, жиын-мерекелерінен, саяси шоуларынан алдымен осы кісінің төбесі көрінеді. Сонау 1990 жылдардан бері күндіз-түні бір тынбай шапқылап жүр. Нәтиже? Үнемі Президенттік сайлауға түседі және үміткерліктен арыға ұзай алмайды. Бұл кісінің өмір жолы өте қызық. Өз сөзіне жүгінсеңіз, сонау Кеңес кезінің өзінде әйгілі ұлтшыл, демократ болыпты. «Құпия ақпараттар» бұл кісінің демократ емес, нағыз коммунист болғанын, азан шақыруды бертінде бастап, қыбыланы кештеу танығанын айтады. Қажының түсіну қиын дейді білгіштер. Себебі, бұл кісі үнемі саяси науқандарда алдыңғы қатарда жүргенімен, ешқандай беделді іс тындырмаған. 2001 жылы Жақияновтар ұсталар тұста, «аттандаған» дауыстары көкке жетіпті деп естідік. Одан бері де «жер сатылмасын, тіл көркейсін, жемқорлық жойылсын» деген айғай-сүрендерін автобустан өтіп бара жатып құлағымыз шалғаны болмаса, одан артық не істегенін білмедік… Бір қызығы, 20 жылдан артық уақыт бойы Алматыны жаяу кезіп жүрген ақсақалдың айналасында өзіне ұқсайтын, сөздері де «аттаннан» басталатын бір топ нөкері бар. Амантайдікін ұқсақ та, олардікін түсіну қиын. Өзі «үлкен жеңіс» күтіп тұрғанын айтады (арғы аталары көріпкел деп естідік, өзі де көріпкелмін деп жүр) және әгәрәки жеңіп жатса, Қазақстанды иманды мемлекет етпек. Сонда біздің зайырлы ел, әлем діндерінің басын бір дастарханға қосқан Қазақстан бұған дейін имансыз ел болғаны ма? Мұнысы енді «саяси сауатсыздық»… Бұған әлдекімдер шамданбай ма екен?..
Айтпақшы, «Аттан» қозғалысы не жайында, не үшін «аттандап» жүргендерін өздері де білмей қалады кейде. Өткенде бір асқа «аттандатып» кіріп барғанда, әйелдер қауымы күтпеген істен шошып, шу ете қалды…
Ех, Елеусізов!..
Әшейінде елеусіз, сайлау десе, өзін өзі елеп алатын кандидаттың бірі – Елеусізов. Әлі ітркелген жоқ. Тіркелу ойында бар, үлгіруге тырысып көрере… «Табиғат» қозғалысының төрағасы. Эколог. Амантай қажыға қарағанда, бұл әпенділеу емес, сәл заманауи, сәл интеллектуал, сәл ойшыл, сәл серьезный…
«Жығылған күреске тоймайды» деген шын сөз. Тойса, осы Елеусізов тояр еді. Бұл кісінің қанша сайлауға қатысқанын бір өзі біледі. Бәлкім, Есеп комитетіне айтып, арнайы сұрау сап, санату керек шығар, әлде, Орталық сайлау комиссиясы біле ме екен?.. Өзі кемінде 18 рет сайлауға түскенін жеткізді, біздіңше, бұл өтірік. 18 рет сайлауға түсу не тәйірі. Ірілерін айтып отыр. Біз білмейтін талай сайлауға қатысқанын өзі де ұмытып кеткен болуы кәдік…
Мэлстің сайлауға не үшін қатысатыны түсінікті. Бұ кісі «сайлауда жеңілетінім рас, бірақ халық экологиялық мәселелерге назар аударса екен едймін. Сайлауды соған пайдаланғым келеді» деп бұдан 10 жыл бұрын мәлімдеген. Одан бері де бірер мәрте осы пікірін қайталады. «Жеңілген жеңімпаз» деген атақ бар болса, ойланбастан осы Елеусізовке берсе болады. Жуырда «сайлау десе жаны кіретінін, кайф болатынын» айтып, жалпақ жұртқа жария салды. Біз жеңілген кайф па, жеңілісін алдын ала болжаған кайф па, біле алмадық. Егер мақсаты экологияға халық назарын аудару болса, жарасы жеңіл еді, Амантай көкемізге ерсін де, Алматыны ұранға толтырсын… Жауырыны жер иіскемесе тұра алмайтындай неғылған табиғат жанашыры екенін білмейміз, білгіміз де келмейді. Неде болса, Елеусізовтің еңбегін ескерер кез жетті, кім қатыспай жатқан дода, түссін, айтсын, ары қарайғысын жұрт көрер…
Телібековтікі не талтаң?..
Осы нөмірі бірінші адамды сайлауда соңғы жылдары жөнді кандидатқа жарымадық деп өкпелеп жүрмеңіз, басқа-басқа, әлеуметтік желідегі «звездалығы» мен оқыс, мағынасыз сандырақтары арқылы танымал, өз ұлтын жек көретін, сөйте тұра 95 пайыз дауыс жинайтынына сенімді Мұрат Телібековтікі не талтаң? Қазақты білімсіз, надан, ақымақ халық деп ашық жазып жүрген батырдың сайлау кезінде халыққа сенім артқаны өзінің нағыз топас, надан, ақымақ екенін әйгілеп тұрған жоқ па? «Аттаншылды» аяймыз, экологті мүсіркейміз, ал білдей бір Қазақстан Мұсылмандары одағының атынан сайлауға түспекші Телібековті қалай «жұбатуға» болады? Телпек дейміз бе? Құшнас дейміз бе? Ауыш дейміз бе?
95 пайыз? Мұндай дауыс жинау үшін Сіз кемінде бір елді 20 жылдан артық басқару керектігін түсінбейсіз бе?.. Мұндай дауыс жинау тек бір кісінің ғана қолынан келетінін ұқпайсыз ба? Дауыс жинау үшін ана еуропалықтар айлап-жылдап насихат жүргізіп, соның өзінде мардымды нәтижеге қолдары жетпей, пүшәйман болатынын білмейсіз бе? Ендеше, Сіз ақымақсыз, Телібеков мырза!.. Қазақты қорлау қолыңыздан келгенмен, сайлауда жеңу қолыңыздан келмейді. Әй, мен де бір ақымаққа бола бос сөз шығындап…
Сайлау туралы кім сандырақтамай жатыр. Біздікі де көп мылжыңның, сандырақтың бірі. Бірақ жоғарыдағы 3 үміткерге қарап, «қоянды көріп, қалжасынан түңіл» деген сөз есіме түсіп отыр. Президент сайлау еріккеннің ермегі емес еді ғой…
Ахмет Сағындық.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, сайлау жөніндегі лингвистикалық комиссияның төрағасы:
Жұмыссыздар Президент болғысы келеді
– Президенттікке үміткер болғысы келетіндердің көбісі жұмыссыздар. Араларында көріпкелдікті кәсіп еткендері де бар. Ол түк емес, келген кісілердің бірі: «Пойызбен Алматыдан Павлодарға кетіп бара жатқан едім, Астанаға келгенде Президент сайлауы келіп қалғандығы есіме түсіп, ал, ендеше, мен барып қатысайын деп, сіздердің алдарыңызға келіп отырмын» дейді. Тағы бір әйел адам: «Таңертең шәй ішіп отыр едім, бір кезде Президент сайлауы жарияланып еді ғой, мен неге отырмын, баруым керек деп алдарыңызға келіп отырмын», – дейді. Бір кісі: «Мен топ бастайтын көсеммін, Қазақстанда менен асқан адам жоқ, мен ғана Президент боламын» дейді. Ол уақытта президенттікке кандидаттар 800 мың төлеулері қажет болатын. Сонда бір кісі келіп: «Менің мынаны төлейтін ақшам жоқ. Оның орнына сексеуіл өткізсем болады ма?» деді. Ал, тағы біреуі: «Мен әдейі келдім, менің 800 мың төлейтін ақшам жоқ, сіздер жәрдем беріңіздер» деп бізден көмек сұрап отыр… Осындай-осындай адамдар аз болған жоқ.
(Журналистерге берген сұхбатынан)