Президенттікке үміткер 3 адам тіркеуден өтпей қалды

Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президенттік сайлауға кандидат ретінде 3 адамды тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылдады.

Президенттікке үміткер 3 адам тіркеуден өтпей қалды "Сіздердің назарларыңызға Қанат Тоқтарұлы Жұманды  президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартуы туралы қаулының жобасын ұсынамын. Қанат Тоқтарұлы Жұман 1969 жылы Астана қаласында туған. Тумасынан Қазақстан Респубилкасының азаматы. Президенттікке кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвисткалық комиссияның 2015 жылғы 7 наурыздағы 6-шы қорытындысы негізінде Қанат Тоқтарұлының мемлекеттік тілді еркін меңгермегені анықталды. Сол себепті ол Конституцияның және "Сайлау" туралы заңның талаптарына сәйкес келмейді деп белгіленіп, президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартылсын", - деді ОСК мүшесі Ләззат Сүлеймен.

Сондай-ақ, ОСК мүшелеріне мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін дәлелдей алмаған президенттіке үміткер Есенбек Жапарұлы Үктешбаевқа және Уәлихан Әбішұлы Қайсаровқа олардың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңында кандидаттарға қойылатын талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты президенттікке кандидаттар ретінде тіркеуден бас тарту туралы ұсыныс енгізді. Бұл ұсынысты Орталық сайлау комиссиясының мүшелері бірауыздан қабылдап, арнайы қаулы шығарды.

Источник: ИА "Казинформ"