Біз Мұхаңды қолдаймыз да, қорғаймыз да!

0
683

Біз «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Әлихан БӘЙМЕНОВТЕН бүгінгі күүнің күйіп тұрған мәселесі ретінде «Ел бірлігі» доктринасы жайлы ойын сұрағанымызда, Астанада жүрген саясаткер өз пікірін былай білдірді.

«Ақ жол» партиясы алғашқы күннен бастап кез келген саяси-әлеуметтік мәселеде өз ұстанымын жариялап келе жатқан партия. Және оның өзі партиямыздың қа¬тарында Амангелді Айталы, Ис¬раил Сапарбай, Ханбибі Есенқа¬рақызы, Серік Тұрғынбек, Қазыбек Иса секілді көптеген елге таны¬мал тұлғалардың болуымен де айқындалады. Сондықтан Тә¬уел¬сіздік алған 18 жылдың ішін¬де ұлтымыздың болашағына бай¬ла¬нысты, жаһандану заманында қазақ мәдениетін қорғауға бай¬ла¬нысты мемлекетіміз атқаруға тиіс¬ті көптеген қомақты істің атқа¬рылмай жатқанын, қазақтың тілі мен мәдениеті, қазақтың руһанияты тек Қазақстанда ғана қолданыла алатынын және мемлекет тарапынан қолдауға ие болуға тиісті екенін ескере келе біз Қазақстанның Жаңа ұлттық саясат тұжырымдамасын әзірледік.
Оны әзірлеу үстінде біз көптеген қоғам қайраткерлері көтеріп жүрген идеялар мен мәселелерді талдадық. Әрине, оның ішінде Мұхтар Шаханов жетекшілік ететін «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының түрлі үндеулері мен құжаттарын саралап, зерттедік. Сол себепті де Мұхаң бастаған зиялы қауым өкілдері «Ел бірлігі» туралы көзқарасын білдіріп, Президентке АШЫҚ ХАТ жариялағанда сол кезде Алматыда болуына байланысты партия төрағасының орынбасары Бөріхан Нұрмұхаммедов үндеуді қолдап қолын қойды. Біз қазір де Мұхтар ағамыздың Елбасының алдына қойып отырған талабын қолдайтынымызды білдіргіміз келеді.
Біз, «Ақ жол» партиясы, өзіміздің дәстүрімізге сәйкес талап қоюды, сынауды әрдайым жасампаздықпен, балама ұсыныспен ұштастырып отырамыз. Қазақстан халқы ассамблеясы тарапынан «Ел бірлігі» доктринасы ұсынылатынын білген соң біз олардан бұрын Жаңа ұлттық саясат тұжырымдамасын жариялап жібердік. Ондағы ойымыз – бір жағынан билікке қазақтың тілін, дінін, мәдениетін, руһаниятын қалай дамыту тетіктерін көрсету болса, екінші жағынан доктринаны дайындап жатқан азаматтар ең болмаса біздің тұжырымдамамыздың кейбір баптарын ескерер деп үміттеніп едік. Ескерген де болар, бірақ түптеп келгенде доктринаның қағидалық, ұстанымдық қателері көп болып шықты.
Біріншіден, бұл Доктрина өзінің әлқиссасында-ақ ұлттық пен азаматтық сипатты бір-біріне қарама қарсы қояды, оларды балама ретінде қарастырады. Бұл мүлдем қате қағида! Ұлтсыз азаматтық болуы мүмкін емес. Қандай мемлекет болса да белгілі бір мәдениетке сүйеніп өзінің мемлекеттігін қалыптастырады. Біздің мәдениетіміздің негізі – қазақ тілі, руһаниятымыздың өзегі – дін ислам. Бұл мәселелерді орағытып өтіп кете алмайсыз. Сондықтан біз Мұхаң бастаған зиялы қауымның алаңдаушылығын толық қолдаймыз. Мұхаңның кейінгі мәлімдемесін партия мүшелері де, оның ішінде Исраил Сапарбай, Қазыбек Иса, Серік Тұрғынбектер қолдап отыр. Бұл саяси, руханият мәселесін көтергенде Мұхаңның жеке тұлғасын одан бөліп қарауға болмайды. Билік меніңше осы сәтте мықтап ойлануы тиіс. Мұхаң жүрегіне бірнеше рет операция жасатқан адам, денсаулығының шамалы екенін өзі де мәлімдемесінде айтқан. Ендеше біздің бүгінгі бірінші бағытымыз Мұхаңды қолдау болса, екінші бағытымыз – қорғау! «Ақ жол» партиясы әрқашан «Мемлекеттік тіл» қозғалысының жұмысына көмек беруге дайын. Кеше Мұхаңның Президент әкімшілігі мен Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдерімен болған кездесу кезінде ол азаматтар «біз балама жобаны қарауға дайынбыз» деген екен, біз ортақ балама жоба ұсынылар болса оған өз білімімізбен, білігімізбен, тәжірибемізбен, мүмкіндігімізбен атса¬лысуға да, өз жобамызды ұсынуға да әзірміз. Бұл үлкен істе барлық қоғамдық қозғалыстар, саяси партиялар, саясаткерлер бір арнада тоғысудың үлгісін көрсетуі керек. Тағы да қайталап айтайын, біз Мұхаңды қолдаймыз, біз Мұхаңды қорғаймыз! Мұхаң үлкен саяси қайраткер ретінде қазақ халқына бүгін ауадай қажет! Қазір қазақ руһанияты өзінің қазақ азаматтары тарапынан қорғауға мұқтаж болып отыр. Біз Мұхаңды қазақ руһаниятының Қаһарманы деп бағалаймыз!

№46-47    04.12-11.12.2009 ж.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз