Австрия Әлиевтің мәйітін қайта тексеруді ұйғарды
2015 ж. 02 наурыз
1597
0
Рахат Әлиевтің өліміне толыққанды зерттеу жүргізу үшін Австрия билігі швейцариялық сарапшылардан мәйітін қайта тексеруге өтініш берді.
Тасс хабарлауы бойынша, Швейцарияда мәйітке сараптама жүргізуге келісім жасалып қойған.
Әділет министрі Вольфганг Брандштеттер "Остеррайх" (Österreich) газетіне берген сұхбатында билік ашық әрі толыққанды тергеу жүргізуге барлық күштерді жұмылдырылатынын атап өтті.
Брандштеттердің айтуынша, тергеу амалдарын жүргізуге үш маманнан құралған халықаралық сарапшылар тобын қосу жоспарға қойылған.
"Біздің құқық қорғау органдарымыздың өз ісін жақсы білетініне күмәнім жоқ. Десек те алыпсатарлық орын алмауы үшін сарапшылар толықтай дербес жұмыс атқарады", - деп түйіндеді министр.
Еске сала кетейік, 24 ақпанда Венада тергеу изоляторының бірорынды камерасының жуынатын бөлмесінде Әлиев асылған күйі табылған болатын. Тергеу мен түзету мекемесінің басшылығы тұтқынның өлтірілу мүмкіндігін жоққа шығарды.
Әлиев мәйітіне жүргізілген сараптама нәтижелері денесінде күштеу іздері болмағандығын, әрі бөгде біреудің өліміне қатысы жоқтығын растады.
Мұнымен қоса, токсикологиялық сараптаманың бастапқы деректері Әлиевтің тыныштандыратын дәрі қабылдағанын, қанында барбитураттар іздері табылғандығын көрсетті.
Экс-дипломат 2014 жылдың жаз айынан бастап тергеу изоляторында болған. Желтоқсанның аяғында Вена прокуратурасы оған адам өлімін ұйымдастырды деген ресми айып таққан.
Қазақстанда Әливеті "Нұрбанк" ісі бойынша 20 жыл бас бостандығынан айыру шешімі қабылданған болатын. Тергеу болжамы бойынша, Әлиев өзі құрған қылмыстық топпен бірігіп аталмыш қаржы институтының екі топ-менеджерін ұрлаған. Кейіннен олардың денесі Алматы қаласының маңында табылды.
Сонымен қатар, 2008 жылы еліміздің Әскери соты Әлиевті елде билікті күшпен алу әрекеті және өзге де қылмыстары үшін сырттай 20 жыл бас бостандығынан айыру шешімін қабылдаған болатын.