Әлеуметтік желілерде қажылыққа тегін апаруды ұсынатын топтар пайда болды
2015 ж. 02 наурыз
2330
1
МСМ Дін істері комитетінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында интернет арқылы Мекке және Мәдина қалаларына тегін қажылық ұйымдастыруды ұсынатын белгісіз топтар пайда болғаны мәлім етілді.
Мамандар бұл алаяқтардың қызметтеріне алданып қалмауды ескертеді, деп хабарлайды E-islam.kz-ке сілтеме жасап, Bnews.kz.
Біріншіден, еліміздегі қажылық жұмыстары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) арқылы Сауд Арабиясы тарапынан жыл сайын арнайы бөлінетін квота негізінде жүзеге асырылады. Қажылықты ұйымдастырумен тікелей ҚМДБ бекіткен туристік компаниялар айналысады.
Жалпы, біздің елімізде ҚМДБ арқылы қажылық рәсімді өткізуге тегін квота бөлінетіні және ҚМДБ бекіткен фирмалардың мұндай жарнама тарататыны туралы ақпарат тәжірибеде болған жоқ. Ал қандай да бір жергілікті немесе шетелдік компаниялар арнайы бөлінетін квотасыз қажылық сапарды ұйымдастыруы мүмкін емес. Екіншіден, азаматтарды қажылыққа тегін апарамыз деп алдын ала жинап алынған төлқұжаттар өзге мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін.
Қазақстандықтар осындай алаяқтық әрекеттердің салдарынан зардап шегуі мүмкін. Осыған орай, қажылыққа баруға ниет білдірген азаматтар белгісіз адамдардың немесе ұйымдардың алдауына түсіп қалмаулары үшін ҚМДБ-ның баспасөз құралдарында тізімдері бекітілген туристік компанияларға хабарласқандары жөн.
Сондай-ақ, қажылыққа баруға ниеттенген әрбір азаматтың тізімі бекітілген компанияларға төлқұжатын өз қолымен әкеліп өткізгендері дұрыс. Жолшыбай "жанашырлардың" тегін шақыруларына сақтықпен, қажылық компанияларын таңдауда үлкен жауапкершілікпен қарап, көледенең компаниялардың тұзағынан сақ болуды қаперде ұстағанымыз жөн.