ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚЫТАЙЛАР ЖҮГЕНСІЗ КЕТТІ

d0bad18bd182d0b0d0b9-d0bcd183d0bdd0b0d0b9

Бұл жағдай қазақы қаймағы бұзылмаған өңір - Қызылорда облысында орын алып отыр. Осы кезге дейін қазағы аз аймақтарда қазақтар қорланып жатса, «сазайын беретін рухты қазақтар аз аймақ қой, әйтпесе Қызылордада немесе Маңғыстауда болсыншы, сыбағасын алар еді» деп өз-өзімізді жұбатқан болып жүрдік. Елдің 99 пайызын қазақтар құрайтын Қызылорда өңірінде шетелдіктердің бас көтере бастауы дабыл қағылғандығын, шыдамның қызыл сызықтан асқандығын көрсетеді. Астамшылдықтың шегінен асқан оқиғаға келер болсақ, Сыр өңіріндегі мұнайымызды өз қолымызбен қытайлықтарға қазып әперіп, оны тасып әкетуіне дейін көмектескен қазақ жұмысшыларын ақысынан айырып, алдап соғуында. Бұл қорлықты істеп отырған қытайлықтардың басқаруындағы «Қазгермұнай» бірлескен кәсіпорны.

Ал «СНПС-Ай-Дан Мұнай» компаниясы Тасбөгеттен 3 шақырым жерге мұнай қалдықтарын төгіп жатқаны жерінен ұсталды. Қызылорда облысында туристік визамен жүрген қытайлық азаматтардың мұнайымызға барлау жасап жүрген жерінен қаншама рет ұсталды. Ата-бабамыз қалдырған мұрасы-қазба байлықтарымызды тартып алып, жанымызбен, қанымызбен қорғаған жерімізді ластауымен қоса жанымызға бататыны ұлтымыздың ұясын да ластауға, қыздарымызға ауыз салуы болып тұр. Бұл жағдайлар тек көргендеріміз, ал көзге көрсетпей істеп жатқан шаруалары қандай болар екен.

Бір таңқаларлығы, көкейде шетелдік компанияларға қатысты үкіметтің қаулылары, қаржы дағдарысы кезінде жұмысшыларды қысқартпауға байланысты меморандумдар, қысқасы Қазақстанның нормативтік актілері «Қазгермұнай» БК» үшін арналмаған ба деген сұрақ туындайды. Себебі заңымызды қанша жерден бұзып жатса да бір рет осы қытайлық компанияларға қатаң шара қолданғанын естіген не оқыған емеспін. Сондай-ақ қытайлық компаниялардың Сыр өңіріндегі қоқан-лоққылары туралы неге бірде бір бұқаралық ақпарат құралдарының аузына ілікпейді? Менің ойымша жергілікті билік органдары да БАҚ-та қу бастың құлқынын ғана ойлап, аузын қытайдың қаржысына толтырып алғандар ма деген күдік келеді.

Бұл компаниядан көптеген жергілікті фирмалар тиісті жұмысы мен ақысын ала алмағандықтан жұмысшылардың еңбекақысын бірнеше айға кешіктіре бастады. Қытайлық компаниялардан тек өз жұмысшылары ғана емес енді оған бір топ: «Қыран» ЖШС, «НұрПромСтрой» ЖШС, «Технотек» ЖШС, т.б. көптеген жергілікті фирмалар зардап шеге бастады.  «Қазгермұнай» БК-на тек қана «Қыран» ЖШС-нің өзі 2010 жылдың бірінші тоқсанында 130  мың тоннадан аса мұнайын тасып, яғни 270 млн. теңгенің қызметін көрсетсе де ақысын ала алмай отыр. Ал «Қыран» ЖШС Қызылорда облысындағы беткетұтар көпсалалы ірі кәсіпорын болып табылады. Жергілікті азаматтардың күш-қуатымен құрылған бұл кәсіпорын облыстағы көптеген отбасылардың нәпақа тауып жүрген жұмыс көзі. 2002 жылдан бері «Қазгермұнай» БК - мен бірге ортақ жұмыстар атқарып келді. Келісім шарттарға сәйкес барлық жүктелген міндеттерді уақытқа сай, сапалы атқарған. Алайда 2009 жылдың мамыр айында «Қазгермұнай» БК» басшылығына Лю Чжи атты қытайлық азамат бас директор болып келгелі, тұрақты жағдай күрт өзгерген. Келісім шарттағы көзделген келісімдер қасақана қолдан бұзылып, атқарылған жұмыстардың ақысын кешіктіру, орындалған жұмыстарды қабылдамау, тиісті актілерге қол қоймау сияқты өрескелдіктерге жол беріп отырған.

Компания басшылығына Лю Чжи тағайындалғалы, әрбір азамат­тың отбасылық, материалдық жағдайы, билікпен қарым-қатынасы, билік басшыларымен байланысы, биліктің саясатына көзқарасы туралы ақпараттарды жинақтаған. Осы ақпараттарға сәйкес кейбір азаматтарды өзіне «қызмет» етуге шақырады. Жоғары еңбекақы, материалдық көмектер ұсынылған. Нәтижесінде көптеген «ашықауыздарды» өзіне тартып алады. Қалғандарына ашық түрде «жоғарыдағылардың бәрімен байланысым бар, маған ештеңе істей алмайсыңдар» деген сияқты психологиялық қысымдар жасаған. Сондай-ақ Лю Чжи мырзаның Қытайдың мемлекеттік қауіпсіздік органының майор шеніндегі қызметкері екендігі жөнінде ақпар да келіп түсті. Бас офисінде орналасқан ақпараттық алып құрылғылар мен жерсеріктік антенналарға тек қана Қытайдан келген арнайы мамандар ғана жіберіледі екен. Ал оның теледидар көруге арналмағаны көрініп-ақ тұр. Сондай-ақ жүйелі түрде қытай мәдениетін, саясатын насихаттауды қолға алыпты. Қазір мынадай әңгіме кең тарап кетіпті, «Біздің заманымызға дейінгі бірінші ғасырда Қытайдың екі сұлу қызы қазақтарға ұзатылған. Олардан көп-көп ұрпақтар тарады. Демек, біз туыстармыз» деп санамызға қытайды туысқан етіп сіңіру басталыпты. Бұл пікірдің қайдан шыққанын сезіп отырған боларсыз. Қызылордалық нағыз қазақы рухты жастарды қытайландыру үшін жаппай Қытайға оқуға жіберуді жолға қойыпты. Тіпті Қазақ-Қытай институты дегенді естігеніңіз бар ма? Ал ол институт Қызылорда қаласы Мичурин тұйығы, 1 а мекен жайында орналасқан. Қызылордадағы бұл жағдайды ешкімге естірмей, білдірмей, аяғының сыбдырын шығармай қазақтың төріне қытайлықтар шығып келеді деп бағалаймын.

Қызылордадағы қытайлық компаниялардың жүгенсіз кетуі жерімізде заңсыз қытайлық мигранттардың келуіне жол ашуда. Оған сол компанияның асханасында, т.б. жерінде жұмыс істеп жатқан қытайлық жұмысшылар дәлел болады. Осындай басынушылықпен бетбе-бет келіп отырған жұмысшылар жергілікті болғанымен, құқығын қорғауға қауқарсыз. Еткен еңбектің өтемінен бірнеше ай қағылған соң, ашу-ызаға булығып отыр. Осы кезге дейін Қызылорда облысында шетелдік азаматтар мен жергілікті азаматтар арасында қақтығыстар орын алмапты. Енді бұл жағдай араларына сызат түсіруге дейін апаратын сыңай байқалады. Жаңа оқу жылының алдында әдетте қарбаласып жататын ел биыл уақыт оздыруға мәжбүр. Сондықтан тығырыққа тірелген жергілікті азаматтардың мұңына құлақ асып, мүмкіндігінше қақтығыстың алдын алған жөн болады деп есептейміз.

 

Асылбек Байжан