Есімің де кетті ғой әнге айналып...

_mg_1560

Шәмші тойы

 

Оңтүстік елінде үлкен той өтті. Ол - Шәмшінің тойы. Бұл жолғы тойдың жөні бөлек болды.  Өйткені ән падишасының 80 жылдық мерей тойына орай «Көл» аялдамасы жанынан көркемдігі көз арбайтын «Шәмші әлемі» саябағы ашылды. Өткен жексенбіде композитор әндерінің ретрофестивалінің салтанаты Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіші ашылумен басталды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов жиналғандарға бұл тойдың ерекшелігін айтып, «Жұлдыздар аллеясына» есімдері тасқа қашалып жазылған жерлес композиторлар мен әншілерге куәліктер тапсырды. Олардың ішінде бақилық болған Сүгір Әліұлы мен Жаппас Қаламбаев аталарымыздан бастап бүгінгі Ақжол Мейірбеков, Лаки Кесоглу, Нұржамал Үсенбаева, Құралай Сәтмұхамбетова, Ержан Серікбаев, Хадиша Сейітова, Гүлнәр Сиқымбаева, Алтынай Жорабаева, Жұбаныш Жексенұлы, Медеу Арынбаевтардың есімдері тасқа қашалып жазылды.

Дүниеден өткен өнер иелерінің куәліктері ұрпақтарына табыс етілді.

Қазақстанның Халық жазушылары Қадыр Мырза Әли пен Мұхтар Шаханов сазгер жайында естелік әңгімелерімен бөлісті. Композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов әкесінің 55 әні енген  жаңа кітапты облысы әкімі Асқар Исабекұлына сыйға тартты.

Ретрофестивальді тамашалаған көрерменнің көз алдында сазды әуенге құралған театрландырылған көрініс кезегімен өтіп жатты. Жай ғана концерт көңілді тербеп, адамның жан дүниесін баурайтындай ғажайып күйге бөлентті. Саңлақ сазгердің «Теріскей» әнін шырқаған Нұрғали Нүсіржанов пен Құрман Шойынбаевтың дуэты қандай жарасымды болды десеңізші! «Қазақ халқы тұрғанда Шәмші әндері биіктен көріне беретіндігіне көзіміз жетті» деп композитор рухына тағзым еткен Нұрғали ағаның жүрекжарды сөзі көрерменнің көңілін толқытты. Япырау, Шәмші ағаның әр әні тұнып тұрған тарих екен-ау. Медеу Арынбаев пен Ақжол Мейірбеков «Ақ бантик» әнін орындады. Олардың бұл әні көп жұрттың жас кезін еске түсірді.

Мақтанғанымыз емес Оңтүстік театрының көптігінің пайдасын осы жолы көрдік. Облыстың опера және балет театрының Айжан Мазакенова мен Қайрат Құлыншақов бастаған әншілердің «Ол жалғыз біз екеуіміз» әні керемет сазды театрланған көрінісі өте жоғары деңгейде өтті. Оңтүстіктің жарқыраған жұлдызы Хадиша Сейітова «Сыған серенадасын» шырқағанда Ж.Шанин атындағы сазды драма театрының әртістерінің қойылымы сахнаны мыңдаған түске құлпыртты. Әр әннің тарихы әр түрлі. Келіскен ғажайып сахнада, айлы аспан астында көрермен бір кештің ішінде ән падишасының әр бір шығармасының астарына үңіліп, өзі де әнмен бірге тербетілді.

Әбдіхан Нұрмағамбетовтың  «Мұнарлан» тобының жігіттерімен бірге «Қол созып құшақ жайған қандай адам» әнін орындағанда шеберліктің қайталанбас үлігісіне куә болдық. «Отырардағы той» әнін Хадиша Шалабаева әдеттегідей нақышына келтіре орындағанда кимешек киген әжейлер шашу шашты. Бұл керемет тамаша қызықты кеш болды. Фестивальдың тағы бір жаңалығы - сазгердің ақын Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған «Келін келді» әнінің тұңғыш рет орындалуы болды. Өте мағыналы, түсінікті. Және бейнеклипі шынайылығымен есте қалды.

Ән падишасының күрделі образын барлық қырынан аша алған ретрофестиваль өз мақсатына жетті деген ойдамыз. Әрине бұл іс-шараның биік деңгейде өтуіне көп адамның еңбек сіңіргені ақиқат.

Бұл күні Шәмші әндерін тыңдауға жиналған халықта есеп болмады. Біразы тіпті концерт қойылған алаңға кіре алмады. Осы күні Шымкент шаһары композитордың қайталанбас туындыларымен тербетілді. Біртуар тұлғаның даңқын аспандатып, мерейін асқақтатуға арналған мерекеде біз Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бастығы Күлия Айдарбекованы әңгімеге тартқан болатынбыз.

 

«Әнші қыздарымыз әбестік жасады»

 

-Шәмшінің  тойы бұл елдің тойы. Әсіресе биылғы 80 жылдық мереке ерекше өтті деуге болады. Еліміздің дара перзентінің мұраларын паш етуге арналған бұл думанда өз деңгейінде атап өту - бүгінгі ұрпақтың парызы. Міне, біз сол парызды дұрыс орындадық.

Өзіңіз білесіз, «Жұлдыздар аллеясына» оңтүстікте қанат қаққан белгілі өнер иелерінің есімі қашалды. Бұл тізімге 28 сазгер мен 20 әнші ілікті. Шымкенттегі аллеяға есім енгізудің Голливудтағы жұлдызды тастан бір ерекшелігі - мұнда өнер иелері аты-жөнін тарихта қалдыру мақсатында қалтасынан 17000 долларды суырып бере салмайды. Арнайы комиссия шешімімен бұл құрмет шын мәнінде елдің  алақанында жүрген таланттыларға көрсетілді. Сізге айтатын болсақ олардың арасында бір-ақ ауыз әнімен халықтың сүйіспеншілігіне бөленген сазгерлер де бар.

Біраз әншілердің есімдері «Жұлдыздар аллеясына» қашалып, жазылмады. Бірақ бұл үрдіс тоқтап қалмайды, жалғасын табады. Маған Мұхтар Шаханов ағамыз келіп, «неге менің атым «Жұлдыздар аллеясына» жазылмады?» деп сұрақ қойды. Сонда мен ол кісіге «Сіздің атыңыз ақын-жазушылар аллеясында алдыңғы қатарда жазылады» дедім.

Бірнеше әншілерді Әбдіхан Нұрмағамбетов пен Нұрлан Әділхан шақыруға барған болатын. Сол кезде біраз әншііміз жол қаржатын көтересіздер ме деп сұрапты. Солардың ішінде әнші қыздарымыз Шакизада мен Бақыт Шадаева болыпты. Бақыт Шадаева «қонақ үй, жолақысын төлесеңіздер барайық» депті сұрапты. «Сіздер оңтүстіктің тумасысыздар, біз ешкімге  жол шығынын көтеріп жатқан жоқпыз» деген біздің жігіттерге Бақыт «мен Шәмшінің бір-ақ әнін орындаймын. Қаржыны көтермесеңдер бармаймын. Онтүстіктің тумасы болсам болыппын да, тумасы болдым деп баруға міндеттімін бе?» деп «сәлем» айтып айтып жіберіпті. Менің өзім алғашқысында сенбей Бақытқа қоңырау шалдым. Мен оған «қыз-ау, төркініңде үлкен дүбірлі той болып жатыр, келмейсің бе» десем кететін «барлық қаражатты көтерсеңіздер баруға болады, ал жалпы мен Шәмші Қалдаяқовтың бір-ақ әнін орындаймын. Ол тағы менің репертуарымдағы әндер қатарына жатпайды» деген сөзін естіген кезде жаман болып кеттім. Мен Бақытқа «Жұлдыздар аллеясына» қаржы бюджеттен емес, жеке кәсіпкерлердің қаржысына тұрғанын айтсам, «Аллеяны салуға қаржы тапқан кәсіпкерлер неге әншілердің шығынын көтере алмай қалды ма?» дейді... Мен оған жоқ дедім. Ол «онда мен бармаймын, мені тізімнен алып тастаңдар, керегі жоқ» деді және өзі орысша сөйледі. Ал, мен оған қазақша сөйлеп отырмын... Осылайша біз оны тізімнен алып тастадық. Ал әнші Шәкизада «жол шығынын көтерсеңіздер барайын, болмаса менің тойым бар» деп жауап берді. «Туған жерге, тойға келіңіз» десем «сіздер жол шығынын көтермейді екенсіздер, бара алмаймын» деді тағыі. Мен бұл әншілерге «шақырғанға бармасаң, шақыруға зар боласың» дегім келеді. Әншілер қашанғы ала беруді ойлайды осы? Адам беруді де білу қажет қой... Әнші қыздарымыз әбестік жасады.

  Міне, осындай әңгіме...

 

Нәзипа МАМЫҚОВА

 

                                                 Суреттерді түсірген Жәнібек ӘБУОВ