Мәскеу орталығында Борис Немцовты атып кетті

Мәскеу қаласында белгілі Ресей саясаткері Борис Немцовты атып кетті, оған 7-8 рет оқ атылған, деп хабарлады Қазақпарт.

Мәскеу орталығында Борис Немцовты атып кетті Ресей Федерациясы ІІМ хабарлауынша, оқиға куәгерлері бар. Немцовтың қастандықтан қаза тапқанын Парнас партиясының мәскеулік бөлімінің жетекшісі Илья Пашин растады деп мәлімдеді Азаттық. Саясаткерге қастандық жұма күні кешкісін Васильев еңісінде жасалған. Тергеу комитетінің хабарлауынша, Немцовқа ақ түсті жеңіл көліктен алты оқ атылып, төртеуі тиген. Саясаткер 55 жасында жарақаттан көз жұмған. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтің сөзінше, Владимир Путин "Борис Немцовқа қастандық жасаушыларды айыптайды, бұл өлімде қастандық және арандату сипаттары бар деп санайды". Көптеген Батыс саясаткерлері Немцовтың қазасына қатысты көңіл білдіріп үлгерді. АҚШ сенаторы Джон Маккейн Twitter парағында өзінің бұл өлім туралы естіп "қатты қапаланғанын" жеткізді. Украина президенті Петр Порошенко Twitter парақшасында: "Есеңгіреп қалдым. Бористі өлтіріп кетті. Көңілім сенбейді" деп жазды. Борис Немцов 1991 жылдан бері Ресейде облыс губернаторы, энергетика министрі үкімет төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған және бірнеше мәрте федерация кеңесі мен мемлекеттік думаға сайланған. Ол 2000 жылдардың басынан либералдық қозғалыстар құрып, оппозиция жетекшілерінің біріне айналған еді. Немцов Кремльдің Батыс пен Украинаға қатысты саясатын сынап келген, оның әлеуметтік желілердегі жазбалары кең тарап, қызу талқылана бастаған.
Источник: Азаттық