Жақсы бастама жалғасын табуда

Облыс орталығында Әл-Фараби ауданына қарасты «Көл»   маңындағы жаңадан салынған  скверге -  «Шәмші әлемі» шағынбағы деп атау беру  туралы  Шымкент қалалық  әкімдігі  мен қалалық мәслихаттың  бірлескен шешімі  қабылданып,  ол құжат қалалық  әділет басқармасында  2010 жылғы 26 шілдеде мемлекеттік тіркеу  (№14-1-115)  тізіліміне енгізілді.   Осы күннен бастап  «Шәмші әлемі»  шағынбағы  атауы заңды  түрде тарихқа  енді.

Бұл әсем атау  енді  ғасырлар бойы  халыққа қызмет ете бермек.  «Шәмші  әлемі»  шағынбағында  көптеген облыстық,  республикалық,  халықаралық байқаулар,  фестивальдар мен тағы басқа отүрлі жарыстар   өткізілетін  болады. Өз кезегінде  тұрғындарын айтпағанда  өзінде,  өзге облыстар  мен қалаларға  және бірқатар шет ел азаматтарына  кеңінен таныла бермек!

Енді 45-50  жылдан кейін  (мүмкін Шәмші Қалдаяқовтың  125 жылдығына  орай),   осы атауды  кімнің қойғаны  туралы  сөз қозғалуы мүмкін.  Сонда қаладағы кейбір кісілер бұл атауды мен қойдым  деп айтып  қалуы да ғажап емес!   Осы атаудың қалай берілгенін білетін маман  ретінде  әрі тарих үшін  мына жайттардың  газет бетінде  жарияланғанын  жөн деп ойлаймын.

Жылдағы дәстүр бойынша  облыстық  ономастика  комиссиясының  хатшысы ретінде  комиссияның  2010  жылға арналған  жұмыс жоспарының жобасын  жасап,  облыстық  ономастика  комиссиясының  төрағасы  А.Мырзахметовке  бекітуге  ұсынған едік.  Келесі күні құжат кеңседен  шыққаннан кейін байқасам, Асқар Исабекұлы  биылғы жылдың жұмыс  жоспарына  Шымкент қаласына «Көл»  маңындағы  скверді – «Шәмщі әлемі»  шағынбағы  деп атау және «Этноқалашыққа» -  «Тәуелсіздік алаңы»  атын беру  туралы мәселені  өз қолымен жазып, жоспарға енгізген  екен.

Осы жоспарға сәйкес  Шымкент қалалық  ономастика  комиссиясы  үстіміздегі   жылдың 12  наурызда  өткен  мәжілісінде   «Көл»  маңындағы  скверді  -  «Шәмші әлемі»  шағынбағы  деп атау туралы  ұсынысты  Шымкент қалалық     мәслихаттың  қарауына  жолдап,  бұл мәселе қалалық   мәслихаттың  кезекті   сессиясында қаралып,  қолдау тапқан.  Яғни,  Асқар Исабекұлының  қолға алған идеясы   іске асып, Шәмші Қалдаяқовтың   ескерткіші  тұрғызылды.  Бір жақсы кісінің  шапағаты  мың адамға  тиеді демекші,  осы «Шәмші әлемі»   шағынбағында  «Жұлдыздар аллеясы»  ашылып, оған елімізге  белгілі сазгерлер  мен әншілердің  аты-жөні жазылып,  осы атау аясында  дүркіреген  фестиваль өтпек.  Осы орайда шағынбаққа  қаржылай қолдау  көрсетіп жатқан  кәсіпкерлерімізді  де  атап өткеніміз жөн.  Бұны  біз басшыларымыз  бен кәсіпкерлеріміздің   ұлттық мәдениетке, өнерге деген шынайы   құрметі деп бағалауымыз керек.

Демек, 1992  жылы Шымкент қаласының  әкімі  Амалбек  Тшанов пен қалалық  кеңестің  төрағасы  Қуаныш  Төлеметовтің  бастамасымен басталған Ш.Қалдаяқов  атындағы  фестиваль  одан әрі облыс   басшыларының  тың идеяларымен  жалғасын  тауып  жатқаны  жұртшылықты  қуантып, нағыз  әндердің өлмей,  халықпен бірге  жэасай беретінін көрсетеді.

 

Қабыл Дүйсенби,

Оңтүстік Қазақстан облыстық  ономастика

комиссиясының  хатшысы