Шалқыған Шәмші, толқыған тағдыр…

0
1095

Биылғы жыл  Оңтүстік өлкесі үшін Шәмші жылы болғалы тұрғандай. Атақты композитордың 80 жылдық мерейтойына орай облыс орталығы Шымкент қаласында көптен бері ойда жүрген бір үлкен игі іс атқарылды – «Шәмші әлемі» деп өте әдемі ат қойылған саябақ ашылды. Бұл өзі қалың көпшілік «Қырғы базар» деп атайтын Орталық базардың төменгі жағындағы, арасынан өрт сөндіргіш машина тұрмақ адам өзі зорға өтетін қаптаған жабайы қара базардың орны еді. Бұл базардан  кезінде қаланы «құтқарған» әкім Өмірзақ Шүкеев болатын… Одан бері де екі басшы ауысты. Міне, сол ара абаттанып, миллионға жуық тұрғыны бар шаһар үшін бірінші рет арнайы Алматыдағыдай Неке сарайы салынды. Оның қасынан  жоғарыда айтылған, саябақ орны тепті. Бұл саябақта ән падишасының үлкен ескерткіші орнатылды. Саябақтың, ескерткіштің ашылуы композитордың мерейтойының қарсаңында өтті.

Одан да бұрын облыстық Өлкетану мұражайында Шәмші Қалдаяқовқа арналған бөлме ашылды. Тойға келген қадірлі қонақтар ең алдымен осы тарихи құжаттармен, мұралармен танысты. Мұхтар Шахановпен бірге алқызыл лентаны қиған Шәкеңнің жары Жәмила апайымыз орысша-қазақшасын араластырып болса да «Шәмшінің өзіне жеке мұражай ашылса» деген тілегін айтып қалды. Әрине, орынсыз емес тілегі. Және бұл көптен бері айтылып та келе жатқан мәселе. Оның да толғағы жетіп қалған болу керек. Мемлекеттік органдар мұрындық болып, қоғамдық ұйымдар қолдау көрсетіп композитордың тағы да бір тоқсан жылдық, жүз жылдық мерейтойы қашан болады деп күтіп жүрмей осы игі іс те бітіп қалса бәрімізге де абырой болар еді.

Сөз реті келгенде айта кетейік, тойға аранйы шақырылған, Шәкеңнің ізін қуған композитор, дирижер ұлы, досының атын қойған Мұхтар Қалдаяқов өзінің қазақша сөйлей алмайтынын осы жиында тағы бір рет көрсетіп алды. Сонда біздің қазақтың жақсыларының балалары бәрі бірдей ана тілін, ата тілін білмегенін намыс тұтпайтын жандар болғаны ма?…

Бұдан соң жиылған көпшілік Шәмші әндерінің тұңғыш рет өткізілгелі отырған ретрофестиваліне арналған баспасөз мәслихатына қатысты. Мәслихат дәстүрлі сұрақ-жауаптан өзгешелеу, маңыздырақ, еске алу әңгімелері түрінде өтті. Оған «Егемен Қазақстанның» облыстағы меншікті тілшісі Бақтияр Тайжанның «Шәкеңнің жарық көрмей жатқан әндері көп деп естиміз, сол жайлы не білесіздер?» деген сұрағы түрткі болды. Әсіресе Мұхтар ағамыздың әңгімесі әсерлі шықты. «Біз ол кезде жастау екенбіз, жазғанымыздың бәрі қаны жерге тамбай шедеврге айналып шыға келеді деп үміттенетін едік, сенімді едік. Сөйтсек, олай бола бермейді екен. Мысалы, осыдан отыз жыл бұрын Шәкең екеуміз бірігіп жазған «Келін келді» әнінің бағы ашылмай қалып қойды. Бүгін сол әнді ел талқысына ұсынып отырмыз.

Екінші жағынан, Шәкең туралы айтқанда кейбіреулер адамның күнгейінен бұрын көлеңкесін көбірек сөз еткенді ұнататын секілді. Шәмші Қалдаяқов – қалыпқа сыймайтын, сыймаған күйі өмірден өткен ерекше дарын. Мысалы, маған бір күні «дүңген қызына ғашық болып ән шығардым, соған сөз жазып бер» деп қолқа салып кеп отыр. «Айналайын, ағатай-ау, өмірімде тірі дүңгенді көрген жоқпын, қалай жазамын?» дедім. Тағы бір күні одан да қиын өтініш айтып, сыған қызына арнап өлең жаз дейді. «Сығандарыңда шаруам жоқ!» деп шығарып салдым. Ал, мынау алдарыңызда отырған қазақтың классик ақыны Қадыр Мырза Әлі ағамыз «Сыған серенадасы» деген керемет өлең жазды. Шәмші қазақтың қызына, дүгеннің қызына, сығанның қызына ғашық болса, немесе солар Шәкеңе ғашық болса айып па? Бүкіл әлемнің қыздары ғашық болса оған артығы жоқ. Таланты ішін тесіп бара жатқан Шәкең шалқымады емес шалқыды, тағдыры да толқыды. Төлеген Айбергеновтің жесірі Үрнисаға үйленді. Мен ашуланып келіп: «Ертең мен өлсем менің де әйелімді алып аласың ба?!» деп есігін тарс жауып шығып кеттім. Біраз уақыт араласпай да жүрдім. Бірақ, содан, шалқығанынан, толқығанынан Шәкеңнің бағасы кеміп қалды ма? Мен сондықтан «Шәмшіге ғашық болған қыздарды қорғау» деген өлең жазып әкелдім…

Композитор Қалдыбек Құрманәлі: «Шәкең өлгенмен оның ісі өлген жоқ, өлмек те емес. Бірінші болып Шәмші әндерінің фестивалін өткізуді әуелі Шымкентте, кейін Таразда Амалбек Тшанов  қолға алды. Бүгін басқа азаматтар жалғастырып жатыр. Қазақ барда Шәмші әні өмір сүре береді!»

Тағлымды мәслихаттан соң той кешке жаңа алаңда, жаңа саябақта жалғасты. Оған «Шәмші әлемі» деген ат берілгенін жоғарыда айттық. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Жұлдыздар аллеясын» ашып тұрып, өздері өмірден өткен Сүгір күйшіге, қобызшы Жаппас Қаламбаевқа, Төлеген Момбековке тиесілі куәлікті олардың қыздарына табыс етті. Тағы бір айта кететін нәрсе, осы аллеяға аты жазылмай қалған оңтүстіктік өнерпаз саны біраз болатын сияқты. Әрине, қай уақытта да бірінші, тұңғыш іс кемшіліксіз болмайды. Оның үстіне басшылардың айтуына қарағанда көкейін теңге тескен бірді-екілі әншілеріміз бұл мәртебесі биік тізімге кіруден өздері бас тартыпты. (Бұл жайлы осы нөмірімізден оқи аласыздар). Бірақ, аллея осы тізіммен тоқтап қалмайтыны, болашақта ол өмір талабына сай кеңейе түсетіні түсінікті.

Ал, өзін бұл қатардан көре алмаған Мұхтар Шаханов ағамыз­дың өкпесі орынды. Басқасын айтпағанда «Жұбайлар жырының» өзін ғана жазған кез келген композитор осы жалғыз әнімен-ақ «өлмейтіндер» қатарынан орын ала алатыны құнды дүниенің бағасына жете білер жұртттың бәріне аян. Бірақ, бұрынырақта облыстық мәдениет басқармасын «Илья Жақанов деген кім?» дейтін, бүгін Мұхаңның композиторлығының өзі бір төбе екенін білмейтіндер бас­қарып отырғанда бұндай олқы­лықтардың орын алуы заңдылық болса керек…  Ән сала алмайтын Шәмшінің «ән падишасы» атанғаны секілді Фариза апамыз айтқандай Мұхтар ағамыздың әсем әндері әр шаңырақта әуелеп жүр.

Дегенмен, әділетіне жүгінсек ондай-ондай ханның қызында да болатыны белгілі. Және бұндай кемшіліктер атқарылған ұлан-ғайыр іске көлеңке түсіре алмайды. Ал, іс шын мәнінде де үлгі боларлықтай. Көктемнің күнгейден басталатыны секілді жақсы істе де оңтүстік әрқашан елдің алдында жүреді. Бұл да соның бірі. Бірегейі. Той тойға ұласа берсін, ағайын!

 

Өмірзақ АҚЖІГІТ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз