ХАЛЫҚТЫҢ ӨМІРІМЕН ОЙНАҒАН ЖҮРГІЗУШІЛЕР

0
741

Тағы да күн өз ұясына батуда. Жұмыстан алты шамасында шықтым. Үйге қарай жол тарттым. Автобуста алды-артымызға қарамай ұшып келеміз. Адам лық толы. Оған қоса қатардағы 17 мен 56, 106 мен 85, 30 бен 34,18 нөмірлі автобустар  алдымызға  шығып, жарысып, тар жолға таласып келеміз. Екі көлік бір-бірінің бүйірін қысып, қыспаққа алып келеді. Біреуі рөлді сәл оң жаққа бұрып жіберсе, бәрі де бітті дей беріңіз. Ойран-топан болары анық. Автобус ішіндегі адамдар ары-бері шайқатылып, бір орында тұра алар емес. Қарт әжей қорыққанынан көзін тарс жұмып алыпты. «Ажалым жол апатынан болмаса екен», – деп іштей тілеп келеді.

Жолаушылар жүргізушіге бірі қаттырақ: «Ақырын айдасайшы, немене мал тасып келе жатсың ба? Апатқа ұшырасақ не болмақ?» десе бірі жалынып: «Балам-әй, жарысып қайтесің? Зәре-құтымызды алдың ғой» дейді. Жүргізуші міз бағар емес:

-Апа, қазір уақыт сондай, – деп бәрін заман тәлкегіне артып қоя берді де, ары қарай жарыса кетті.

Құдай сақтап соңғы аялдамаға да жеттік.Әлгі көзін тарс жұмып алған әжей келген кезде бір-ақ ашты.

Бұл мысал қаламызда күнде қайталануда. «Бұқара халықтың өмірімен ойнаған жүргізушілерді кім тоқтатпақ?» деген сұрақ жаныңды жегідей жейді. Бәрі оларға «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожаның, «жалақыңды ал да, жол ережесіне бағынып жүр» дейтін басшының жоқтығынан. Кешкісін өткізетін «планы» мен ақша жинаушыға беретін 1500 теңгесінен қалған ақша соған тиесілі болады.Сондықтан, жүргізушілер нәпақасын осылай табады.

Байқасақ,  автобустар он шақты аялдамадан кейін тоқтап, «диспетчерден» уақыт сұрайды. Ол алдында өткен автобус пен бұның уақыт айырымын айтып тұрады. Жүргізушілер  мен «диспетчерлер»  арасында да, «өз шоттары» болады екен. Мәселен, әр автобусқа оның уақытын айтып тұрған «диспетчер», күніне бір автобустан екі жүз теңге алады. Кешкі жұмыс уақытының соңына дейін, яғни алтыға дейін, бір «диспетчер» он бес шақты автобусқа уақыт айтады. Егер өз нәпақасын адал тапса, күніне үш мың теңге алады екен. Сол ақшаны аздық көрген ол жалған сөйлеуге барады. Яғни, автобустардың уақыт айырымына үш-төрт минут қосып айтады. Олардың бұл әрекеті келесі жүргізушіге өз кесірін тигізеді. Оған тиесілі он минутты он үш-он төрт минут болды деп хабар береді. Ара қашықтығымыз ұзақ екен, – деп ойлаған жүргізуші алға қарай басады. Нәтижесінде, автобустар өзара бір озып, бір қалып жүрген де,  аялдамадағы қарапайым халыққа уақытылы қызмет көрсете алмайды. Кешкісін, «диспетчер» уақытын дәлме-дәл дұрыс және көлік жүргізушінің пайдасы үшін өзгенің уақытын жеуіне  көмектескені үшін, төрт жүз-бес жүз теңге,  ал жалған уақытпен жіберген көлік жүргізушісінен екі жүз  теңге алады. Мұндай өтірік айту қарқыны мен жұмыс істейтін «диспетчерлер» күніне бес мың теңгені қалтасына салып қайтады. Бұған мән беріп жатқан ешкім жоқ,  тек жүргізушілер мен «диспетчер»  арасындағы жасырын есептері ғана. Ал күніне бес круг жасайтын он бес шақты автобустардың есебі тіпті күрделі… Міне, «банда»,- деп осыны айт.

Егер де, қаламызда көлік жүргізушілеріне белгілі мөлшерде айлығын төлеп тұрса, бұлай болмас еді. Осы орайда, дәлірек болу үшін, әуелі Астана, кейін Алматы қаласында автобус жүргізушісі болған  Балтабай Нұрманды сөзге тарттық.

– Алматы қаласындағы жүргізу­шілерге ешқандай жағдай жасалмаған. Белгілі мөлшерде айлық төленбейді. Жұмыстың бірінші күні жол ережесіне бағындым. Ал екінші күні  мен де өзгелердей жарысып жүргізуіме тура келді. Себебі, пайда жоқ. Шынымды айтсам, Алматыға келгеніме өкпем бар. Қайта елордаға қайтамын. Онда тым құрығанда, айына жиырма бес мың айлығым, «планнан» қалған ақша, дұрыс тамақтануым, көк көйлек, қара шалбар, көк  галстук  тағып,  көлік  жүргізгенді  жаным сүйеді.

Қоғамдық көлік ең бірінші бұқара халыққа, қарапайым зейнеткерлерге, студенттерге, жалпы жастарға керек. Шенеуніктерге автобустың қажеті жоқ, олар мінбейді. Еліміздегі автопарктерді біржолата мемлекет өз меншігіне алса, жүргізуші де тыныш, халық та тыныш, апаттың саны да азаяр еді.

 

Әйкерім ЕРДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз