Мұхамеджан ТАЗАБЕКОВ: ИДЕОЛОГИЯ – ОҚСЫЗ ҚАРУ

Бүгінде халқымыздың өз дінімізге деген көзқарасы қандай? Ислам дінін насихаттаушылар ата салтымыздың болмысы жайлы нендей пікірде? Онан қалса, 70 жыл бойы Ресейдің отарлау саясатының құрбаны болған еліміз діні мен тілінен айрылып қала жаздаған тұста егемендікке қол жеткізген болатынбыз. Десек те, біраз уақыт ата дінінен алшақтап қалған қазаққа нарық қыспағы кезеңінде исламға бет бұруда өзара түсініспеушіліктер де орын алған-ды. Идеология – оқсыз қару. Ол арқылы ел тыныштығын бұза салу қиын емес. Міне, осы секілді жұрт санасында қалыптасқан, бүгінде ислам діні десе, көпшілік көкейінде алаңдаушылық сезім ұялататын және де исламды экстремистік ұғымға балайтын сарындағы жаңсақ пікірлер мен ақиқаттың ара-жігін ажыратып, мәлімет алу үшін, халқымызға ислам дінін насихаттаушы «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасының бас директоры, дінтанушы, белгілі айтыс ақыны Мұхамеджан Тазабековпен сұхбаттасқан едік.

 

« КЕЗ-КЕЛГЕН АМАЛ НИЕТКЕ БАЙЛАНЫСТЫ»

 

– Міне, көптен күткен қа­сиетті Рамазан айына да келіп жеттік. Еліміз мұсылмандары арасында намаз оқып, ораза ұстап жүрген жандар бүгінде аз емес. Десек те, ел аузында оразаны тек намаз оқитындар ғана ұстайды деген пікір қалыптасып кеткен. Бұған не айтар едіңіз?

– Алла тағала тарапынан адамдарға міндет етілген бес парыздың бірі — Ораза айы. Қасиетті Құранның Бахара сүресінің 183-аятында Ораза туралы: «Ей, иман келтіргендер, сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» делінген. Кез келген мұсылман баласы шама-шарқы жеткенше оразаның парызын өтеуге тырысу керек. Рамазан — жығылғанды демеп, жылағанды жұбататын, мұң-мұқтаждардың қабағын кірбіңнен арылтатын шынайы жанашырлықтың айы. Рамазан — өзінің әлсіз, әлжуаз екенін мойындап, құлшылық арқылы қуат алғысы келетін әрі бойындағы «тау тасынан кем емес» сансыз мінін жоюға тырысқан рухани науқас құлдың дертін емдейтін мейірімді дәрігер іспетті.

Қоғамның қарқынды ілгерілеуіне қарап, бүгінде оразаның шарттарын бұрмалап алды деуге болмас. Әр адам хал-қадірінше оразаның шарттарын орындауға, білуге тырысуда. Ал сол оразаның негізгі шарттары неде дегенге келсек, оразаның негізгі шарттары — адам баласының мұсылман болуы, яғни балиғат жасына толуы (ұл мен қыздың жасы), денсаулығы көтеретін жағдайларда оразаны ұстау парыз болып есептеледі.

Расында қазір ораза ұстаушылар өте көп. Әп дегеннен кіршіксіз орындалып кететін амал болмайды. Бір хадисте: «Мұсылманның амалынан ниеті артық» делінген сөз бар. Демек, Алла да ниетке орай дұрыс амалдың есігін ашады.

Ауыз аштырту дегеніміз — үлкен сауап. Пайғамбарымыз (саллаһу аләйһи уәсәлләм) былай дейді: «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген кісі — ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді». Егер ауыз аштыртатын болсақ, ораза бекіткендей сауап аламыз. Бұл — өзің ораза ұстамай-ақ елге ауыз аштыр деген сөз емес. Қоғамда адамдардың бір-біріне деген мейір-шапағатының артуына ауызашардың пайдасының шексіз екендігіне көз жеткізу. Рамазан айының ерекшелігі де сол, бай мен кедейді теңестіреді. Бай да, кедей де аш болады. Олар бір шайнам ас пен бір жұтым судың қадірін біледі. Бай кедейдің төбесінен қарамайды.

Өзге де діндер тарихына бұрылсақ. Исламнан басқа діндерде ораза ұстау болды ма, егер болса оның қағидалары қандай бағытта жүрді?

– Рас, бізден алдыңғы діндерде де немесе сенім ұстанған адамдардың қағидаларында ауыз бекіту деген бар. Бірақ біз көбінесе кітап иелері христиандарға, иудазим ұстанған яхудилейлерге жақынырақпыз. Олардың бізден айырмашылығы, кейбіреулері мәселен, тәулік бойы аш жүретін болған. Немесе кейінгі бұрмаланған кезеңдерде оразаларының түрі кейбір тағамдарды ішіп, кейбіреуін жеуге тыйым салынған. Ал ислам дінінде олай емес. Біздің дінімізде оразаның уақыты таңның атуынан күннің батуына дейінгі аралық. Ол Құранда былай білдірілген: «Таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) ажыратылғанға дейін ішіңдер, жеңдер, сосын оразаны кешке дейін ұстаңдар».

Тіптен кейбір діндерде, ораза кезінде әйелімен жақындасуға да, бала-шағасын мейірленіп сүюіне де тыйым салынған. Ал біздің дінімізде барлық нәрсе тек ауыз берік кезде ғана харам етіледі. Дініміздегі оразаның кереметтігі сондай, біз мүлдем аш қалмаймыз. Сәресінде күні бойы қарным ашып қалар деп қорқақтап тойып алу тағы болмас. Өзге діндерден біздің оразамыздың айырмашылығы — адам денсаулығына толық пайдалылығында. Айталық, ораза ем ретінде ішек ауруларына, іш қатуға қарсы қолданылады. Оразаның медициналық емдігінің қатарында кейбір тері ауруларының жақсару, асқазаны мен ішек жұмысына тоқтау салып, олардың белгілі бір уақыт аралығында тынығуы қамтамасыз етіледі. Бүйрек, бауыр, қуық, сусамыр (қант диабеті), жүрек пен тамыр ауруларына қарсы төзімділікті арттырады. Ол үшін сәресі мен ауыз ашар уақытта тым көп ас жемеу керек.

 

НАМАЗ ОҚУ, ОРАЗА ҰСТАУ ГИМНАСТИКА ЕМЕС

 

  – Ораза ұстау мен намаз оқу арқылы құлшылық етудің Алла алдындағы борышы қандай?

– Жалпы, ораза мен намаз екеуі екі бөлек құлшылық. Кім ораза ұстайды? Мұсылман, иман келтірген жан ораза ұстайды. Ендеше, иман келтірген адамға намаз оқу парыз. Абай атамыз: «Ақылды адамға иман парыз. Иманды адамға ғибадат парыз» деген жоқ па? Лев Толстойдың «Мен ақылдымын, саналымын деген адамның ең соңғы табан тірейтін жері — ислам» деп айтатыны сол емес пе? Ақылды, саналы жанды қандай да жағдай болмасын Аллаға, оның бұйрықтарына сенуге және ақирет күніне сенуге міндетті түрде алып келеді. Демек, ақыл Аллаға сенуге алып келсе, ол — Иман. Иман келтірсек, онда Алланың бұйрықтарын орындауға міндеттіміз. Алланың бұйрықтарының біріншісі — намаз. Пайғамбарымыз (саллаһу аләйһи уәсаллам): «Намаз — діннің тірегі» деп, оның дініміздегі маңызын айқындап берген. Намаздан соң ораза келеді. Намаз оқымадым екен деп, оразаны ұстамауға болмайды. Әр құлшылықтың өз орны бар. Мәселен, үйіңізге қонақтар шақырсаңыз, арасында біреуі келмей қалса, дастархан жайылмай, қалған қонақтарға тамақ берілмей қалмайды ғой. Өйткені, әр адамның өз несібесі болады. Сол сияқты әр құлшылықтың да өз орны, міндеті және жауапкершілігі бар.

Намаз оқу бәлиғат жасына жеткен кез-келген мұсылманның мойнындағы міндет. Намаз — өте оңай құлшылық. Бахара сүресінде: «Ынтасы жоқтарға ғана намаз ауыр» делінген. Жұмыс та сондай. Ынта-сенімнен пайда болады. Алла бар. Алла болса, ақирет күні хақ. Сол ақирет күніне дайындық жасауымыз керек. Тағы да Абай атамызға жүгінсек: «Толық мұсылман — толық адам, жартылай мұсылман — жарты адам» деген. Мұсылманшылығы, Алламен қарым-қатынасы, бұ дүниеде Алланың бұйрықтарын орындауы кемелденген сайын адамның адамшылығы артады. Адам деген атқа лайық боламыз. Адам біздің түпкі атамыз. Неге ол адам деген атқа лайық болды дегенге келсек, себебі адам Алланың ең сүйікті құлы болды. Адам тек қана құдайдың бұйрықтарын орындады. Ендеше, адам деген атқа лайық болуымыз үшін біз де Адам атамыздың жолымен жүруіміз қажет.

Намаз, ораза дегеніміз — гимнастика, болмаса денсаулықты күту үшін ұсталатын диета емес. Немесе қаржыны үнемдейтін экономика да емес. Ол — Аллаға құлшылық ету. Алла жер бетіне адамнан өзге қолынан көп нәрсе келетін мақұлықты жаратқан жоқ. Құдайға құлшылық етпеген адам өзінен төмен нәрсеге құлшылық етеді. Мәселен, отқа, суға, тасқа т.б. Сөйтіп өз дәрежесін түсіреді. «Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екі көзі шығады» дегенді қазақ атам тектен-текке айтпаған. Абай атамыз болса «Жаратушы тұрғанда жаратылушыдан не сұрайсың» дейді.

– Рамазан айы берекелі ай деп айтылады. Содан соң кейбіреулер Рамазан айында садақа берілгені дұрыс, осы айда жанашырлық танытқан жөн деп санайды. Ал, садақа мен зекеттің айырмашылығы неде?

– Жалпы зекет те садақа деп аталады немесе садақаның бір түрі деп айтуымызға да болады. Алайда парыз болған түрі. Алланың берген дүниесіне шүкіршілік етудің бір белгісі. Ислам ғұламалары: «Аллаһтың бергеніне шүкіршілік қылу үш түрлі сипатпен белгілі болады. Оның бірінші белгісі — кез-келген нығметтің иесін Алладан деп білу (он екі мүше, қабілет, сұлулық, күш-қуат, ақыл, бала-шаға т.б.); екіншісі — рахметті тек Аллаға ғана айту; Жер бетінде жарық дүниені бір көруге зар адамдар, бір перзент сүюге зар адамдар немесе бір жұтым су тамағынан өтпей ауруханаларда жатқан адамдар қаншама?! Пальманың түбінде дүниеге кеп, сол ағаштың түбінде өмірден озып жатқандар қаншама?!

Міне, осындай сұмдықтарды көргенде, Алланың өзіңе бергенін қадірлеп, шүкіршілік етуіміз керек емес пе? Үшіншісі — Алланың берген нығметтерінің қақысын беру. Қақысын беру — Алланың берген байлығынан зекет шығару. Ал, Алла перзент берді ме, оның да қақысын беру керек. Шариғат бойынша алдымен перзентіңе жақсы ат қою. Екінші — Құдайды, пайғамбарды сүюді үйретіп, бойына иман ұялатып тәрбиелеу. Үшінші — қызың бойжетсе, қызыңды көркем мінезді, иманды жігітке тұрмысқа шығуына себеп болып, ұлың есейсе текті, ибалы жерден қыз әперу. Ата-ана алдындағы осы үш сипат орындалса — перзентіңнің алдындағы қақыңды өтегенің боп есептеледі.

Жүзім өсіретін адамдар жақсы біледі. Көктемде, не күзде жүзімнің кейбір сабақтарын кеседі. Ол сабақтарды жүзімнің жеміс бермегендігі үшін емес, одан да көп берсін деп қырқады. Зекет те солай. Мәселен, 40 қойыңыз болып, соның бірін зекетке берсеңіз, Алла оны 700-ге дейін арттырып береді, бәлкім одан да көп. Құранда: «Аллаға бергеніңіз еселеп қайтады. Шүкіршілік қылсаң арттырам» деген. Аллаға бермей тұрған кезіңізде де несібеңізді берді. Ал берген кезіңізде одан сайын береді.

Зекетті жәй айларда да беруге болады. Бірақ кейбіреулер рамазан айына туралап береді. Рамазан айындағы зекет сауабының қайтарымы молырақ. Тіпті өзіңнің жақыныңа күліп қарауыңның өзі садақа. Немесе әйеліңнің аузына бір түйір асты салып жіберсең, соның өзі садақа. Садақаның түрі көп. Сондықтан бұл айда барынша жомарт болғанымыз жөн.

Негізі зекет пен садақаның қай-қайсысы да бай мен кедейдің арасын жарастырумен қатар мәрт адамды шынайы жомарттық егесі Аллаһ тағалаға жақындатады. Пайғамбарымыз (саллаһу аләйһи уәсаллам): «Жомарт — Аллаһқа, жаннатқа және халыққа жақын, жаһаннамнан алыс. Сараң — Аллаһтан, жаннаттан және ел-жұрттан алыс, жаһаннамға жақын» деп, жомарттықтың сыйы жаннат екенін айтқан.

Қадір түнінің қадірі жайлы айта кетсеңіз...

– Араб тіліндегі «қадір» сөзі «тағдыр түні» деген ұғымды білдіреді. Тағдырлар өзгеретін түн. Сонымен қатар бұл сөз «құдірет» мағынасын да, «қадірін білу» деген мағынаны да қамтиды. Олай болса қадірім артсын десеңіз, сол түннің қадірін біліңіз. «Қадір түні мың айдан артық» - деп Құранда айтылған бұл сан есеп бойынша 83 жыл, 4 айға тең келеді екен. Таңға дейін Алла мен адамдар арасында сәлем жалғасады. Қадір түнінде тек қана ұйықтамай отыру бүтін құлшылық емес, мүмкіншілік келгенінше Аллаға дұға қылып, бос уақыт өткізбеуге тырысуымыз керек.

Біздің халықта осы түнге байланысты біраз түсініспеушіліктер бар. Қадір түнін Қызыр (немесе Қыдыр) әлейһиссаламмен байланыстырылуы хақында. Қадір түні мен Қызыр алейһиссәләмнің арасында ешқандай байланыс жоқ. Қызыр әлейкссалам Мұса пайғамбардың заманында ғұмыр кешкен пайғамбар (немесе әулие). Сол заманда қайтыс болған. Тірі адамдардың тірлігіне де, дінге де ешқандай қатысы жоқ. Тек аңыз-әпсаналарда «Қыдыр әлейкссалам келеді, саусағы былқылдап тұрады екен немесе Қыдыр дарысын, бақ қарасын» деген сияқты сөздер айтылып кеткен. Қадір түнінде Қыдыр ата келеді екен деп қателесуге болмайды. Ол дініміздің қағидаларына қайшы.

Қадір түнінде періштелердің түсетіні рас. Бірақ ол көзге көрініп, алдымызға топырлап көрініп жатпайды немесе ол жауып тұратын жаңбыр емес. Демек, біздің Қадір түнінде таң рауандап атқанға дейін істейтініміз тек — Аллаға құлшылық жасап, тілек тілеу ғана.

 

«ХИДЖАП –   ШАРИҒАТТЫҢ ШӘЛІСІ»

 

Ислам дінінің парыздарын орындау барлық мұсылман қауымның міндеті. Алайда бүгінгі күнде хиджаб киген қыз-келіншектер еліміздің қай түкпірінде де көбейіп келеді. Осыған орай халқымыз арасында ата-бабамыз қыздарының бет-аузын тұмшаламай ашық күйде ұстап келген. Ал кешегі сәукеле киген қыздар бүгінде неліктен хиджабқа тәуелді болды?

– Мұхтар Әуезов хиджабты «шариғат шәлісі» деп атаған екен. Көп жағдайда біз хиджап кигендерді түсінуден гөрі, кінәлауға бейім тұрамыз. Хиджап — Құранда әйел адамдарға парыз делінген. Талқылауға жатпайтын, үзілді-кесілді болуға тиіс нәрсені парыз деп түсінуіміз керек. Өйткені ол Алланың өзінен парыз етіліп отыр.

Алланың ризашылығына бөленуге, күні ертең о дүниелік болғанда еркекке қарағанда әйелдердің жәннатқа кіруіне жеңілдіктердің көптігі Құранда нақты айтылған. Хадисте: «Қайсыбір әйел төрт амалды орындаса, сегіз жәннаттың қалаған есігіне кірсін» делінген. Біріншісі — күніне бес уақыт намазын оқу. Екіншісі — жылына бір келетін Рамазан айында ауыз бекіту. Үшіншісі — күйеуінің ризашылығына бөлену, төртіншісі — ар-ұятын сақтау. Яғни төртінші амалдағы ар-ұят дегенде, суық жүрістен сақтанып, некелі күйеуіне ғана көрсетуге тиіс құндылықтары мен артықшылықтарын өзге бөтен көздерден тыю. Себебі, адам баласының бүкіл жаман іс-әрекеті көз жанарынан бастау алады. Көшеде ашық-шашық киінген әйелді көргенде еркектің ойы бұзылады. Қиялы бұзылған еркек өз әйелінен жериді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Тыйым салынғанға қараған назар – шайтанның улы оқтарынан» - деген. Содан отбасындағы махаббат салқындайды. Зинақорлық көбейеді. Осылаша қоғам бұзылады. Әйелдің етек-жеңін қымтап киінуі, біріншіден өзін-өзі құрметтеуі боп есептеледі. Егер әйел өзінің тән, жан сұлулығын күйеуіне арнайтын болса, жаңағы айтқандардың бәрі соның белгісі боп табылады. Мәселен, үйіміздегі құны мың долларлық бриллиантымызды аяқ киім шешетін орынға немесе кім көрінген жерге тастап қоймаймыз ғой. Ол құнды затты арнайы қобдишаға немесе сейфке, болмаса жұрт көрмейтін жерге тығамыз. Ал біз сырласымыз, бір жастыққа басымыз түйіскен, күнделікті күйбің тіршілікті бірге кешіп, бірге басымыздан өткеріп жүрген жанымыздағы жұбайымызды сол мың долларлық тас құрлы құрметтей ала алмай жүргендейміз?.. Тасты қызғанамыз, бірақ әйелімізді қызғана алмаймыз. Кәмпит екеш кәмпиттің де сыртын қағазбен қаптаймыз, түрлі зияндардан бұзылып кетпеу үшін. Бұл әлеуметтік де, психологиялық тұрғыдан да пайдасы зор. Бір ғұлама: «Әйел бұзылмасын. Әйел бұзылса – әлемді бұзады» деген екен. Осы мағыналас сөз хадисте де бар. Қоғамдағы әйелдерді жалаңаштану себебі – ұяттың азаюынан. Соны жақсы білген дін дұшпандары: «Әйелдің шариғат шәлісін шешсең, қалған киімін өзі-ақ шешеді» деп жорамалдаған екен. Мұны көзіміз көріп жүр.

  Әлбетте, біреудің не істеп не қойып жатқаны Аллаға ғана аян. Дегенмен, әйелімізді әр түрлі тәуекелге тастап, әр түрлі көзқарастардың шырмауына беріп қоя бергендейміз. Пайғамбарымыз: «Кім өзінің анасын, қарындасын, әйелін қызғанбаса, ол дәйіс. Дәйіс жәннатың иісін де сезбейді» деген. Сондықтан қызғана білу, махаббатыңды жұбайыңа ғана арнай білудің өзі үлкен жауапкершілік.

«Біздің бабаларымызда анау болмаған, мынау болмаған» деп шолақ шешім қабылдаймыз. Кейінгі уақытта дәл осы ана-әжелеріміздің, қыз-келіншектердің халықтық, дәстүрлік киім кию тұрғысынан кеңірек айналыстым. Біріншіден, апа-әжелеріміз бастарына кимешектерін киіп, мұсылманшылықты түгел сақтаған. Әйелдер болса бастарына орамалын салып, тіпті бала емізгенде омырауларын да тұмшалап ұстап, мойнын, омырауын көрсетпеген. Ел ішінде: «Қазақ қыздарына орамал тартқызбаған, қыздарының басын ашық ұстаған» деген сөз бар. Мен бұл пікірге қосыламын. Бірақ біз мына жайтты ұмытып кетеміз. Ол — қазақ қызының балиғат жасына толғанға дейін ғана шашын көрсетіп, ашық жүруі. Балиғат жас деп 15-16 жасты айтамыз. Ал балиғат жасына толысымен-ақ қазақ қызы құтты орнына ұзатылып отырған. Шариғатта да балиғат жасына дейін қыздың шашы ашық болуына рұқсат етілген. Ал біз бүгінде қыз деп кімдерді айтып жүрміз? Қыз деп жасы 25-35-ке келген, орын таппай оң жақта отырған қыздарды атап жүрміз. Қазақ қызын 25-35-ке келгенше үйінде ұстамай, ұзатуға тырысқан. Ілгергілер қыздарын қыздай, келінін келіндей ұстаған халық. Демек, мұсылман бабаларымыз хиджабқа оң көзқараспен қараған.

Осы ретте бүгінгі қоғамдағы азаматтық неке жайлы айтып өтсеңіз...

– Азаматтық неке шариғат заңы бойынша харам етілген. Бұл зинақорлықтың заңдастырылған түрі. Мұның зардабын адамдар кейін көреді. Азаматтық некеден туған бала шата болып есептеледі. Ондай жұптарды қоғамда да, өз туыстары да ерлі-зайыпты деп есептемейді. Бұл біздің діни қағидамызға да, ұлттық менталитетімізге де қайшы деп білер едік.

Бәрі де рухани құлдыраудан шығып отыр ғой. Қазіргі некелесу рәсімі дұрыс жолға қойылған ба?

Шындығына келгенде әйелдің бойына бала бітіп қойған соң неке қиылмау керек. Қиылған күнде де ол бала шата болып есептеледі. Шата балалар жайлы көп естіп жүрміз. Әлемдегі жауыз патша да, атақты қылмыскердің де көбі осындай некесіз туылған балалар. Неке деген қыз бен жігіт бір-бірімен жүрмей тұрып қиылуы керек. Неке үйлену немесе төсектес болу ғана емес. Неке – ер мен әйелді бір-біріне халал ететін Алланың алдындағы берекелі өмірдің бастауы болып есептеледі.

 

«ӨЗІ ЖАРЫМАҒАННЫҢ САРҚЫТЫН ІШПЕ»

 

Бүгінгі күнде өзге діндерге өтіп жатқан қандастарымыздың Ислам дінінен шығуына не себеп? Мен кездескен наркодиспансер басшылары бұл туралы «біздің ислам діні өкілдері бізден емделіп шыққандарға рухани жағынан қолдау көрсетпейді» деп кінә артуда. Мүмкін ондай адамдарға өзге діндер секілді әлеуметтік жағдайын шешу арқылы көмектесуге бола ма екен?

– Дін бірінші кезекте дүниемен насихатталмайды. Дін адамның санасына, ұғымына жеткізіліп айтылады. Бізде бір ұғым бар – дінді насихаттаған адамдар материалдық жағдайын да шешіп беруге тиісті деп ойлайды. Тек Қазақстан ғана емес, әлемдегі мұсылмандықтан шығып басқа секталарға кетіп жатқандарды алайықшы. Олар кімдер? Көбінесе нашар тәрбие алғандар, ілім-білімі төмен, психологиялық ауруға ұшыраған, өз өмірінде дұрыс орнын таппай сенделме күйді кешкендер ғана ата-бабасының дінінен бас тартып, өзге дінге кетуде. Ал, әлемдегі басқа діннен осы ислам дінін таңдағандарға қарасақ – әр елдің бетке ұстарлары мен ақыл-ойдың өлшеуі болған кемеңгерлерді көреміз Мұның өзі нені көрсетеді? Өзге дінді қабылдап жатқандарға қарап, дін кінәлі емес, сол адамдардың өздерінің таңдауы кінәлі екендігін көреміз. Тағы бір айта кетерлік жәйт – біздің дінімізде исламға кіруі үшін бірінші кезекте дүние беріңдер, дінге дүниемен тартыңдар деп бұйырылмаған. Мүмкіншілік болып жатса көмектесеміз. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқандай «Дін – насихат». Егер біз біреуді дінге мал-мүлік арқылы тартатын болсақ, ертең ол ислам дінінің қадірін білмейді, жағдайы реттелген соң бәрібір өз жолымен кетеді. Адамның иманы, сенімі дүниемен шешілмейді. Мысалы, көбінше батыстан келіп жатқан секталар біздегілерге ақшалай немесе баспана мәселесін шешіп беру арқылы өз діндеріне тартып жатқанымен, соңынан берген үйін тартып алып, мал-мүліктің ақшасын он есе етіп өздерінен қайтарып алуда. Бізге осы діндерін насихаттап жүрген сол батыстықтардың адамзатқа жат неше түрлі әрекеттерін естіп те, көріп те жүрміз. Мысалы еркектер мен еркектер, әйелдермен әйелдер үйленуде, шіркеулері бос қалып, оны аукционға салған соң мұсылмандар сатып алуда, онан қалса СПИД көбейіп халқы рухани жапа шегіп жүр. Егер олардың жүргізген діни насихаты дұрыс болса өз халқына неге таратпайды? Қазақ айтқан екен: «Өзі жарымағанның сарқытын ішпе» деп. Батыстықтардың идеологиясы жөн болса, мұны неге өз туысқанына насихаттамайды? Сол секталар неге өз дінін Қазақстанға әкеліп жүр? Өйткені Қазақстанның жері кең, әрі асты толған байлық! Үстінде аз ғана қауқиған қазақ отыр. Сол аз қазақты бөліп-бөліп жіберсе, байлық өздеріне қалады. Бар себеп осы. Сондықтан, бұл жерде ислам дінін, мұсылманды, мешітті кінәлаудың қажеті жоқ.

Кейде Меккеге барып қажы­лық парызын өтеген кейбір мұсыл­мандардан исламға жат қылықтарды байқап қаламыз. Сіз, өзіңіз осындай жәйттерді аңғардыңыз ба?

Дін қоғамға алғаш келген кезде де тарихтан білетініміз осындай әр түрлі келеңсіздіктер болып өткен. Ислам таралуының алғашқы кезеңінде кейбір мұсылмандар намаз оқып жүріп арақ ішіп қойған, немесе қатты сөзге барып қалған. Біздегі Меккеге қажылыққа барып жүрген адамдардың кейде дұрыс сипатта болмауы – көпшілігі қажылыққа дайындықсыз барады. Әрине, қажылыққа неге келгенін білмейтіндері де бар. Баласы не болмаса бір жақыны ақшасын төлеп салып жіберген соң бара салады. Ол кісі қажылыққа дейін де толық дін қағидаларын түсінген жоқ, жүрегіне иман бүтіндей орныққан жоқ. Сондықтан, кей бауырларымыздың кейде әлгіндей абыройсыздыққа ұшырап жатқанын көріп те жүрміз. Көш жүре түзеледі деген. Біздің елімізде атеизмнен енді шығып исламға бет бұрғанда ондай қателіктер болып жататыны уақытша заңдылық.

 

ЕҢ АҚИҚАТ ДІН, ТОЛЫҚ ДІН ИСЛАМ ҒАНА

 

«Асыл арнаның» ашылу мақсаты мен бүгінгі тыныс-тіршілігі турасында айтсаңыз...

«Асыл арнаның» ашылу мақ­сатына келетін болсақ, қазақта сөз бар «уағыздамасаң уағыздаласың» деген. Біз өз халқымыздың насихатын өзіміз жасамасақ, міндетті түрде сырттан келіп уағыз жасайды. Оның үстіне қазір ақпараттық ағымның нағыз қызған шағы. Ақпараттың айла-шарғысына ілігу оңай болып тұрған уақытта, халқымызға қайтсек ізгілікті жеткіземіз? Сол насихатты өзіміз жеткізген кезде ғана. Қазақтың қамын өзгелер емес, тек қазақ ойлаған кезде ғана. Кеңестік дәуірден соң халықта рухани сұраныс пайда болды. Біреулер христиандықтың жетегіне ілесе бастады. Біреулер дін деген осы екен деп, емші-тәуіптің соңынан қабір аралап кетті. Сол сияқты түрлі секталардың шырмауына шыланды. Өкініштісі, олардың ешқайсысы да рухани іздеушілерінің жүрегіне шынайы-рухани қажеттіліктерін өтеп, сұрақтарына қанағаттанарлықтай жауаптар бере алмады. Себебі, ең ақиқат, толық дін — Ислам ғана. Сондықтан біз Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының қолдауына ие бола отырып, әрі жүрегінде иманы бар қазақстандық қалталы азаматтардың қаражат қамдауымен исламды насихаттайтын телеарна ашуды мақсат тұттық. Мақсатымыз — халықты рухани қанағаттандыру. Халықтың көкейінде туындаған сауалдарына дұрыс жауап табуына мүмкіншілік туғызу. Және Діни басқарманың атқарып отырған жұмыстарын елдің түкпір-түкпіріне жеткізу.

«Асыл арнаның» эфирге шыққанына да жылға жуық болыпты. Алғаш кабельдік жүйе арқылы шыққан болатынбыз. Бірнеше айдың жүзі болды спутниктік желі арқылы арысы Африка, берісі Еуропаның шығыс бөлігі және бұрынғы ТМД елдерін қамтудамыз. Тәулігіне 24 сағат бойына эфирге шығатын хабарларымыз екі тілде, қазақ және орыс тілдерінде. 70 пайызы қазақ тіліндегі хабарлар. Бүгінде Астана, Қызылорда, Тараз және Оңтүстік Қазақстан облыстарында филиалдарымыз бар. Ал өзге қалаларда корреспонденттік қосындарымыз жұмыс жасап, сол облыстағы діни-ахуалдағы жаңалықтардан репортаждар берілуде. Күндігіне 3-4 немесе 4-5 сағаттық жаңа дүниелер дайындап, бірнеше блок етіп, қайталап беріп отырамыз.

Ең басты мақсат — халықты рухани қанағаттандыру, халықты мазалаған сұрақтарға дұрыс жауап таба білу. Діни басқарманың істеп жатқан жұмысын елдің түкпір-түкпіріне дейін көрсетіп, таныстыру болып табылады. Мұны – біздің өз дінімізді сақтау үшін де, мемлекеттігімізді, тәуелсіздігімізді сақтау үшін де қажет деп санаған дұрыс. Өйткені, өз дінін берік ұстаған ұлт ешқашан сатқындыққа бармайды. Халықтың рухани жандүниесі өсе түседі. Рухани қанағаттанған адам – қылмысқа да, жемқорлыққа да бармайды. Қазақта: «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген сөз бар емес пе? Құдайын таныған адамнан жаманшылық шықпайды. Иманы бар, адамгершілігі кемел адамдар көбейетін болса, онда біздің мемлекетіміз де мықты болады. Ал шетелдік баспасөздер бізді қайда бағыттап барады? Олар: «Құдайдан қорыққан адамнан қорық» деп үгіттеуде. Оларда намаз оқыған, дінге бет бұрған адамдарды әлдебір жамандық әкелуші ретінде сипаттайды. Сондықтан да, бізге ешқандай батыс елдері де, демократияны ұстаған елдер де үлгі бола алмайды! Бізге ислам дінін ұстаған, осы жолда білім алып, ғылымды үйренген, өзінің әлеуметтік жағдайын Алланың берген берекесінің арқасында шешіп отырған мұсылман бабаларымыздың жолы бізді жақсылықтарға жеткізеді.

 

ҚАЗІРГІ ҚОҒАМДА ӨЗГЕДЕН ҚАТТЫ СӨЗ ЕСТУ ҮШІН КІНӘЛІ БОЛУ ШАРТ ЕМЕС

 

Ашылғанына бір жыл толмай жатып, «Асыл арна» телеарнасына әр түрлі айдар тағыла бастағанын қалай түсінсек болады? Тіпті кейбіреулер арналарыңыздан «уахабтық сарын байқалады» деп те айтып жүр. Бұған не дер едіңіз?

Ислам насихаты Пайғамбар­лар­дан мирас болып келе жатқан нәрсе. «Асыл арнаның» мақсаты – қазақ жұртына керекті жақсылықтарды жеткізу. Оның ішіне имандылық та, мейірімділік те, ізгілік те кіреді. Осы тұрғыдан алғанда, біз туралы қаттырақ айтып жатқан бауырларымыз болатын болса, бізге деген жанашырлықпен айтып жатқан шығар, бізді «бұдан да жақсы болса екен» деген ниеттес пейілі шығар деп есептеймін. Ал, артық кетіп жатқан жерлері болса, жеке басымыздан, біздің атқарып жатқан жұмысымыздан, рухани болмысымыздан олардың толық мағлұматы жоқтығынан деп ойлаймын. Әрі біз қазақи болмысқа қарсы келіп, ұлтымыздың дамуына кедергі келтіретіндей сипатта емеспіз. Өйткені, біз өмірде қандай жағдай туындаса да, мәселенің шешуін әуелі Құраннан, сосын Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) сүннетінен іздейміз. Ал, сол Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Алладан келген ақиқатты адамдарға жеткізе бастағанда да барлық жұрт бірден құшағын ашып, Исламды рухани темірқазығы етіп ала қойған жоқ. Егер сол заманның өзінде адамзаттың абзалы Мұхаммед Пайғамбарымызға (с.ғ.с) басқа тұрмақ, туған-туыстарының өзі сенбей, «бағытымызды бұзып жатырсың» деп, кінә артқан болса, жетпіс жыл бойы рухымыз тапталып, намысымыз жаншылып, бір біріміздің етегімізден тартуға әбден етіміз үйреніп, қазақ екенімізге, мұсылман екенімізге ұялатындай жағдайға жеткенде, «Асыл арна» секілді телеарна шығып, рухани өзегімізді сонау тамырынан көктеткісі келіп, жақсылықтарға жаршы болып жатқанда да кейбір адамдар мен топтардың бізге негізсіз сын айтуына да түсіністікпен қарауға тиіспіз. Өйткені, біз күнәсі мен кемшілігі жеткілікті көп бейбақ пенденің біріміз. Сондықтан, кейде біреуден артық сөз естімесек, көңліміз ренжитін көріністерге көндікпесек, пендешіліктер мен күнәлардан қалай арылмақпыз?

Әрі қазіргі қоғамда өзгеден қатты сөз есту үшін кінәлі болу шарт емес. Сондықтан, біз жайлы қисынсыз сөздерді жан даусы шығып айтып жатқандар болса, оларға айтарым – Құранда Алла Тағала «Білімің болмаған нәрсенің соңына түспе» дейді. Біреу жайлы бір пікір айту үшін сол адаммен не ұзақ сапарда бірге болған болуың, не сауда-саттық сынды дүние мәселесінде бірге жүруің, не ұзақ уақыт бойы көрші тұрған болуың, не болмаса шәкірт болып, ілімін үйренген болуың керек. Мұнсыз сен ол адам жөнінде еш пікір айта алмайсың ғой. Дәл солай Діни Басқарма тарапынан және Мемлекетіміздің дін істері Комитеті тарапынан және жалпы құзырлы орындардан, қала берді қалың көрермен жұрт тарапынан тікелей қолдау тауып отырған «Асыл арнаның» ұстанған бағытын теріс деп айтушыларды осы қағидалардың ешқайсысына сыйғыза алмаймын. Жанашырлықпен айтылуда шығар, бірақ білместік сөздер екені даусыз.

Қазақстанның негізін құрайтын – мұсылман қазақтар. Сол мұсылман қазақтың көбеймеуі үшін, алауыз болып, ынтымағы болмай, бір-бірін дұшпан тұтуы үшін сыртқы күштердің ат салысатыны бесенеден белгілі. Сондықтан, мұндай «терминдердің» шығу тарихы әуелі сыртқы дұшпандардың айла-шарғысынан болса, екіншіден, өзіміздің дін қағидаларын білмеуімізден. Сондықтан, бізге көлеңкемізден қорқып, көп ішінен жау іздегеннен гөрі адамдарға ақиқат жолдың абзалдығын айтып немесе өз иманымызды көркемдеумен айналысқанымыз жақсы.

 Қалың оқырманға ислам қағидаларынан толыққанды мәлімет беріп, олардың пікірімен санасқаныңыз үшін көп-көп рахмет. «Жас қазақ үні» газетінің он жылдығына деген тілегіңізді білсек...

«Жас қазақ үні» газетінің ісіне Алладан береке, ал ұжымға иман, игілік, ынтымақ тілеймін! Қасиетті Рамазан айында баршамызды Алла мейіріміне бөлеп, отбасымыздың ортасында көрер қызығымызды көбейтсін! Ел аман, жұрт тыныш болсын!

 

  Шара Құрбанова