ТІЛ ТАҒДЫРЫ ТАЛҚЫҒА ТҮСТІ

0
950

Жуықта, Алматы қаласының әкімшілігінде Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын жан-жақты талқылауды мақсат еткен жиын өтті. Мұндай жиналастар еліміздің әр облыс, қалаларында өз жалғасын табуда.

Аталмыш шараға қалалық Тіл басқармасының бастығы Мамай Ахетов, «Мемлекеттік тілге құрмет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Асылы Осман, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім, «Қазақстан мектебі» журналының бас редакторы Сайраш Әбішқызы, қалалық Ішкі саясат басқармасының бастығы Кенжехан Мәкежанов, республикалық «Жалын» журналы бас радакторының орынбасары Құдияр Біләл және қаладағы белгілі БАҚ өкілдері қатысты.

Тіл тағдыры талқыға түскен келелі жиында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесі сөз болды. Қайта түлеген жаңа бағдарлама босағадағы жетім баланың күйін кешкен туған тіліміздің тағдырына оң ықпалын тигізсе, атымыздың бәйгеден келгені…

Бағдарламадағы қуантарлық бір жаңалық – мемлекеттік тілді балабақшадан бастап үйретіп, оны мектеп пен жоғары оқу орындарында сатылап жалғастыру жүйесін қалыптастыру. Мұның барлығы халықаралық талаптардың дәстүріне негізделіп жасалған. Ендігі жерде тіл оқытатын орталықтардың жұмысы қатаң қадағаланып, арнайы есепке алынады. Бұл басқосу көкейде жүрген көп ойларға қозғау салғандай. Айталық, тілді оқытуға, үйретуге, сондай-ақ, оқулықтарға, сауатсыз жарнамаларға, терминологияға, ономастикаға байланысты әр алуан ұсыныстар ортаға салынды. Мұнымен қоса, бағдарламаның жазылу стиліне, мәтініне даулы көзқарастар да айтылды.

Бағдарлама жобасы әбден пысықтап ой елегінен өткен соң ғана 21-қыркүйек тіл мерекесі қарсаңында үкімет назарына ұсынылмақ. Біздегі тілек – жиналыста айтылған құнды ұсыныс-пікірлер ескерусіз қалмаса болғаны…

                                                                                                                               Әбу ЖАРҚЫНҰЛЫ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз