Перуашев: Спортшылар Головкин мен Ислам сияқты өздері ақша тапсын!

1
1143

Кәсіпқой спортшылар мемлекет қолдауына сүйенбей, өздері жетістіктерге жету керек. Мұндай ойды бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде  депутат Азат Перуашев айтты.

Перуашев: Спортшылар Головкин мен Ислам сияқты өздері ақша тапсын!
«Әлемнің барлық елдеріндегі кәсіби футбол клубтары қаражатты өздері табады. Олар біздегі сияқты балалар спортына арналған ақшаны тартып алмайды, керісінше, мектептер мен үйірмелерге жастар спортын дамытуға көмектеседі. Олар нағыз кәсіпқойлар», – деді депутат.

Ол кәсіпқойлардың біздің елімізде де барын атап өтті.

Оларды мұғалімдер мен дәрігерлер сияқты бюджет қызметкерлері деуге болады, бірақ жалақылары олардан 10 есе көп

«Бізде де ондайлар бар. Мысалы, Геннадий Головкин – нағыз кәсіпқой. Ол бюджеттен қаражат алмайды, ұлттық компаниялардан ақша сұрамайды. Дегенмен бұл адамды күллі әлем біледі және ол еліміздің көк Туын биікке көтеріп жүр. Сол сияқты Қанат Ислам да кәсіпқой спортшы. Ол да ешкімнен ақша сұрамай-ақ еліміздің жалауын желбіретуде. Ал футбол командалары, сонымен қатар олардың құрамындағы шетелдік легионерлер үшін балалар спортын дамытуға арналған бюджет қаражаты көптеп жұмсалуда. Олар кәсіпқой емес. Оларды мұғалімдер мен дәрігерлер сияқты бюджет қызметкерлері деуге болады, бірақ жалақылары олардан 10 есе көп», – деді Азат Перуашев.

Оның айтуынша, бүгінгі күні жастардың қызығушылығына ие спорт түрлерін дамыту қажет. Оларды дене шынықтыру сабақтарына енгізу қажет.

Мұндай спорт түрлеріне бокс, күрес, ауыр атлетика және басқа да бірнеше түрді жатқызуға болады.

Сол сияқты Қанат Ислам да кәсіпқой спортшы. Ол да ешкімнен ақша сұрамай-ақ еліміздің жалауын желбіретуде.

«Дегенмен, жергілікті бюджеттердің сараптамасы бірқатар диспропорцияларды көрсетіп отыр. Мәселен, еліміздегі барлық әкімдіктер 2015 жылға күресті дамытуға 3,2 млрд  теңге бөлген, боксқа – 1,5 млрд  теңге, ауыр атлетикаға жарты миллиардқа жетпейтін қаражат бөлген. Ал бюджетті түзетуден кейін де ең көп қаражат – 14 млрд теңге футбол клубтарын қаржыландыруға бөлінген. Яғни Еуропа чемпионатына іріктеу тобында соңынан санағанда екінші орын алған футболға біздің спорт басқармалары бокс, күрес және ауыр атлетика үшеуін қосқандағы бөлген қаражаттан 3 есе көп ақша жұмсап отыр», – деп атап өтті депутат.

Еске сала кетейік, мәжілісмен Азат Перуашев депутаттардың жалақысын қысқарту туралы ұсынысқа қарсы шыққан болатын.

Источник: ИА «Казинформ»

1 Пікір

  1. «…боксқа – 1,5 млрд теңге, ауыр атлетикаға жарты миллиардқа жетпейтін қаражат бөлген. Ал бюджетті түзетуден кейін де ең көп қаражат – 14 млрд теңге футбол клубтарын қаржыландыруға бөлінген. Яғни Еуропа чемпионатына іріктеу тобында соңынан санағанда екінші орын алған футболға біздің спорт басқармалары бокс, күрес және ауыр атлетика үшеуін қосқандағы бөлген қаражаттан 3 есе көп ақша жұмсап отыр”, – деп атап өтті депутат.» дұрыс айтып отыр.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз