«АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН АУЫРМАЙ ӨЛЕДІ»

876683 Қазір елімізде президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы ҚХА ұсынысын қолдаушылар саны күннен-күнге артып келеді. Алдымен Мәжіліс депутаттары жүз пайыз қолдап, тіпті, Елбасымыздың атына алғашқылардың бірі болып үндеу де жолдап жіберді. Президент және Мәжіліс депутаттары сайлауын келер жылы қабаттастырмай биыл өткізіп, алдағы жылы күтіліп отырған дағдарысқа қарсы білек сыбана кіріспекшіміз. Бұл да дұрыс шығар, дағдарыс деген дүлейді бес қаруымызды асынып қарсы алуға қолбасшы қайтсек те керек болады. Әдеттегідей Мәжілістен кейінгі соңғы сөзді Сенат айтты. Пәрменді Парламентіміздің жоғарғы палатасы да бұл шараны ертерек өткізудің маңызы зор екенін атап, бірауыздан құптады. Дәлірек айтсақ, бір ғана ауыз адасып, қалғандары толықтай қолдады. Әрине, қалай дауыс берем десе де әркімнің өз еркі, бұл жерде ешқандай қысым болмауы керек. Демократия! Әрі-беріден соң бір дауыс ештеңені шешпейді. Әйтсе де қатаң тәртіпке үйренген, сымдай тартылған сенаторлардың сабын бұзған «тәртіпсіз сарбаз» бір сағат өтпей қайта орнын тапты. Талқылаудың соңында маңызды мәселені тағы бір дауысқа салған Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаев өз қарамағындағылардың толықтай бір қатарда тұрғанына көз жеткізді. Сөйтсек, техникалық ақаулардың салдарынан бір сенатордың дауысы далаға лағып кетіпті. «Жұрттан жырылып, жырақ кеткен кім екен?» деген журналистердің сұрағы жауапсыз қалды. «Түймені басқанда кейде қателеседі. Солай болды ғой деймін. Жаңадан басқанда 42 болды ғой. Сондықтан басында бізге де ұнаған жоқ. Түсініксіз. Есі дұрыс адам осындай үндеуді қолдау керек. Менің ойымша, Сенатта отырған депутаттардың бәрінің есі дұрыс» – деді сенатор Мұхтар Алтынбаев та. Дұрыс айтасыз сенатор мырза, бір-біріңізді күнделікті көріп жүрген соң кімнің дарынды, кімнің дертті екенін сіздер жақсы білесіздер. Құдай сақтасын, бүкіл халық жатса да, тұрса да өздері сенім артқан депутаттарының денінің саулығын тілейді, өздерінің емес, алдымен сіздердің жағдайларыңыздың жайлы болғанын қалайды. Депутаттардың естерінің дұрыстығына да ешкімнің күмәні жоқ, тіпті, теріс дауыс берсе де. Қарсы дауыс беру үшін де белгілі бір ой түрткі болады емес пе, ал өзіндік ойы бар адамның есі дұрыс емес деп кім айтты? Айтайын дегеніміз, ана тілімізді жете меңгермегендіктен бе, әлде басқа да себептері бар ма, еліміз бетке ұстаған кейбір айтулы азаматтарымыз кейде не айтқанын өздері де аңдамай қалады, саптар сөзін сараламайды. Яғни, ойын нақты білдіру мен сөйлеу мәдениеті жетісе бермейді. Бұл депутаттарға ғана емес, министрлер мен түрлі деңгейдегі әкімдерге де қатысты жағдай. Бұндайда «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген екен қазақ атамыз. Көпшіліктің көз алдында, жоғарғы орында отырған соң әрбір сөздің астарын аңдап, маңызына мән беріп барып айтқан жөн. Талғат Мамашев сияқты «ұрып» өте беруге болмайды. Өйткені теледидар алдында үлкендермен бірге балаларымыз да отырады ғой. Одан қалды, өзімізден басқа шетелдіктер де сіздердің дуалы ауыздарыңыздан шыққан әрбір сөзді аңдып отырғанын ұмытпаңыздар. Зейнолла АБАЖАН