Геройхан ҚЫСТАУБАЕВ, «Жас қазақ үні» газетінің бөлімінің редакторы: МИЛЛИОН БІРІНШІ БОЛҒАНША, ЖАЛҒЫЗ БОЛАЙЫҚ, ДОСТАР!

Қазақстандағы БАҚ-тарды ( – бұқаралық ақпарат құралдары) екіге бөлуге болады. Біріншісі – биліктік. Бұлар көп. Бұл БАҚ-тарда сын билікке емес, оппозицияға ғана айтылады. Билікті тек мақтауың керек. Екіншісі – оппозициялық. Бұлар көп болмаса да, баршылық. Мұнда керісінше, оппозицияны мақтап, билікті даттауға тиіссің.  

Бұлардың ешқайсысы да шын тәуелсіз емес. Бәрі де тәуелді. Әрқайсысының артында кем дегенде бір-бір министр, яки алпауыт қаржылық топ тұр. Ал «Жас қазақ үнінің» артында ұлтым деп соққан үлкен жүректі Қазбек Иса ғана тұр.

Көп жағдайда қоғамдағы орын алған кемшіліктерге билік қана емес, мысалы оппозиция да кінәлі. Бұл жағдайда айтқан-жазғаныңның бәрі зая кетеді. Бұл газеттердің  бір де бірі оны баспайды. Елде билік пен оппозицияны қатар сынап жазатын газет аз, жоқтың қасы.

Мен мұны дәлелсіз айтып отырғаным жоқ. Менің «Қазақтың қамын кім ойлайды?» деген көлемді мақалам, не «Жас Алашта», не «Тасжарғанда» шықпады. Себебі онда, билікпен қоса оппозицияны да «жерден алып жерге салған» едім.  Соңында осы «Жас қазақ үнінде» жарияланды.

  Ақиқатын айтқанда билік пен оппозицияға халықтың, әсіресе ұлттың проблемасы қажет те емес. Оларға қажеті – билік қана! Бүгінгі биліктегілер қолындағысын өзгеге бергісі келмесе, оппозиция қалайда сол билікке ие болсам дейді. Ендеше, биліктің де, оппозицияның да «халқым, елім, жұртым» дегендерінің бәрі дерлік өтірік сөздер.  Енді осы өтірікті дәлелдеп тұрып, «қара қылды қақ жарып» әділін айтсаңыз да, жазғаныңызды жалтақтамай жаза алатын, әлгі сансыз газеттер емес, жалғыз «Жас қазақ үні».

Сондықтан да, тек ұлт мүддесін ғана ту етіп ұстаған «Жас қазақ үні»  – бүкіл қазақ үшін ауадай қажет газет! Мұның растығын газет оқырмандары жақсы біледі.

  Мен «Жас қазақ үнін» орны бөлек он жылымен шын жүректен құттықтаймын! Ұлт мүддесі дегенде ешкімнің көңіліне де, атақ-дәрежесіне де қарамай «сойып» салатын, әрі әділ, әрі батыр мінездеріңнен қайтпаңдар, әріптестер! Біздің абыройымызды асқақтататын да осы қасиетіміз деп білемін мен. Миллион бірінші болғанша, дара – біреу ғана болайық, достар!