ОРАЛМАНДАР ОРАЗОВҚА НЕСІМЕН ҰНАМАЙ ҚАЛДЫ?

ур Шетелдегі саны 5 миллионнан асатын ағайындарымызды алаңдатып отырған «Көші-қон туралы» заңымызға өзгертулер мен түзетулерді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғындықов таныстырып, енді оралмандар бұрынғыдай төрт жыл емес, бір жыл ішінде азаматтық алуына болатынын айтып қуантты. Сол сияқты 2013 жылы қабылданған заң бойынша қандастарымыз тек қаулымен айқындалған 7 аймаққа ғана қоныстануы тиіс болса, енді Қазақстанның кез келген жеріне көшіп келсе оралман мәртебесіне ие болатынын жеткізді. Өкініштісі, депутаттарды бір қуантып тастаған вице-министр қазақша «қақпайтын» болып шықты. Сөйтіп, қазақ пен қазақтың арасына тілмаш қажет дегенге жетіп масқара болдық. Депутаттарға сұрақтарын орысша аударып қайталауларына тура келді. Ол аздай құжаттың орысшасы сауатты да, қазақшасы қатенің астында қалған. нуртай1   Бұған шыдай алмаған депутат Нұртай Сабильянов: «Министр­ліктен келген азамат мемлекеттік тілде жақсы түсіндіріп, ойын жеткізе алуға міндетті. Өйткені, бұл заңға шетелде тұрып жатқан миллиондаған қандастарымыз үміт артып отыр. Ал егер оларға өз ана тілімізде дұрыс түсіндіре алмасақ қандай мемлекетпіз?» – деді сын садағын бірінші боп қолға алып. Депутаттың талабы орынды, өзге ұлттар оп-оңай меңгеріп жатқан қазақ тілін өзіміздің ұлты қазақ шенеуніктердің үйрене алмай жүргені жасырын емес. Аталмыш отырысқа орай «Орыс тілін білмейтін оралмандар сауатсыз ба, әлде қазақ тілін білмейтін вице-министр сауатсыз ба?» деген көпшіліктің төтесінен қойған сұрақтарын да қисынсыз деуге болмайды. Осындай жауапты жобаны таныстыруды қазақ тілінен мақұрым Оразовты орнына қоя білген вице-министр Аслан Қаржаубаевқа тапсыру керек еді. Аталмыш отырыстағы айтыс-тартыс мұнымен де бітпеді. Жаңа жобада бұрын шетел азаматы ретінде төлем қабілетін растап, шотында 13 жарым мың доллары болуы тиіс деген норманы да Үкімет алып тастапты. Бірақ қандастырымызға жасалатын мұндай жеңілдіктер кейбір депутаттарымыздың көңілінен шықпай қалды. Мысалы, мәжілісмен Сәмиғолла Оразов Қазақстанға көшіп келген оралмандардың саны бар да сапасы жоқ, жұмыссыздардың қатарын толтырып жатыр. Сондықтан шетелден арнайы мамандықтары бар қазақтарды ғана таңдап әкелуге болмай ма деген сауал тастады. «Қазақша айтқанда саны бар да сапасы жоқ. Келгендердің 70 пайызы жұмыссыздардың қатарын толықтырады. Жұмыссыздар саны бізде онсыз да екі жарым миллионнан асады» – деп нақты дерекпен нықтады. Ал бұл мәселеге байланысты көпшіліктің «қазақшасы» депутаттың «қазақшасымен» мүлдем қиыспайды. Халық оралмандарды адам капиталы ретінде, ұлттық қауіпсіздік тірегі деп санап, ұлттың болашағымен байланыстырады. Бұл жерде Президенттің қазақ көшіне қатысты айтқанын еске салған министрліктегілердің «Біздің бар міндетіміз шеттен келген ағайыннан пайда көру емес, оларға жағдай жасау» дегені қазақы ұғымға анағұрлым жақын дер едік. Біріншіден, адам баласы мамандықты игеріп туылмайды, соның ішінде қазақ та. Мамандығы жоқ болса оның қазақ болмағаны ма? Бұл әдіспен әлі бір де бір ұлттың нәсілі анықталған емес, құрметті Сәмиғолла Хамзаұлы. Екіншіден, жұмыссыздық мәселесін оралмандармен тікелей байланыстырудың қажеті жоқ дер едік. Рас, жұмыссыздар көрсеткішіне әсер ететін шығар. Бірақ, ұлттық мәселе жұмыссыздықтан әлдеқайда жоғары тұрғанын ұмытпайық. Мысалы, біздегі ресми мәліметтер бойынша шетелден келетін жұмысшыларға жылына 64 мың квота бөлінеді екен. Бұл бізге үш қайнаса сорпасы да қосылмайтын, діні де, тілі де бөлек біреулерге жақсылық жасау деген сөз. Ал өзіміздің байырғы тұрғындарымыз бен атамекеніне оралған қандастарымызға неге қамқорлық жасап, көмек көрсетпеске? Сіздің бұл пікіріңіз көпшіліктің көңілін қалдырғанын айтқымыз келеді. Елбасы тапсырмасына қарсылық танытып, қазақ намысын таптағаны үшін жауапқа тартылсын деген талаптар да айтылып жатыр. Соның бірін назарыңызға ұсынып отырмыз.                         Зейнолла АБАЖАН