ҮМІТ АҚТАЛМАДЫ

Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қалалық мешітіне мұнан сегіз жыл бұрын бұрынғы мүфти, бүгінгі зейнеткер Рәтбек Нысанбайұлы имам болып тағайындалғанда діни істерге серпіліс бітіп, жаңа бастамалар көтеріліп, руханият пен имандылық жұмыстары алға басар деп қуанған едік. Қуанышымыз ұзаққа бармады. Р.Нысанбайұлы өз жұмысын ескі сарынмен, өзін-өзі жарнамалаудан бастап, әлі күнге өзімбілермендікке салынумен келеді.

 

Діни қос басылымдарымыз – «Ислам өркениеті» газеті мен «Иман» журналына және елдің басқа да танымал баспасөздеріне жазылуды ұйымдастырудың орнына, үнемі кері тартады. Оның жұма уағыздары кезінде қайталай беретін «мен ғалыммын, мен дін ғұламасымын, мен діннің егесімін, мен Қазақстандағы діннің іргетасын қалаушымын, мен, мен...» деген баяғы «ескі әні» мешіттің жамағатын әбден мезі етті. Ол басқаратын қалалық орталық мешіттегі діни істер мүлдем дағдарысқа ұшырап, баяғы күнімізге зар болдық. Діни істер тағы да жаназаның маңына ойысты. Жаназаға баға қою сияқты дінімізге жат істер етек алуда. Мәселен, мешіттен адам денесін жуатын табыт алсақ, екі мың теңге төлейміз, жаназа шығаруға бес мың теңге деген сияқты арнайы бағалар қойылды. Мешітке түсетін пітір-садақаның есебі алынбайды, оның қайда жұмсалатыны да белгісіз. Білуімізше, бұрынғы имам Юсуф Сүлеевтің тұсында пітір-садақаға 200-250 мың теңге шамасында қаражат түсуші еді. Ал қазір жамағаттың саны көбейіп, халықтың әл-ауқаты жақсарған тұста «мешітке ештеңе түспейді, біз тегін жұмыс істеп жатырмыз» деп, ауызды қу шөппен сүртетін халге жетті. ҚМДБ-ның басшылығы осы жәйтті есепке алған болуы керек, аудандағы діни жұмысты кері кетіргені үшін Рәтбек қажыны тек сол қалалық мешітке ғана имам етіп қалдырды. Жұмысы жеңілдеп, міндеті азайған соң ол кісі өзі имам болып отырған мешіт жұмысын дөңгелетіп жіберер деп ойлағанбыз. Қателесіппіз. «Баяғы жартас – бір жартас». Іші жамағатқа, сырты нұрға толған мешітті көрмедік. Бұрынғы оқып жүрген шәкірттердің де саны күрт кеміп, иман іздег e н жамағаттың да көңілі күрт түсті. Біздің түсінігімізде мешіт имамы – Алланың үйіндегі бүкіл діни ғибадатты ұйымдастырумен қатар, оның тазалығына, жан-жағының гүлденуіне көңіл бөліп, кем-кетігін толтырып, соның шын жанашырына айналуы керек емес пе? Біз есігі жабық мешітті көріп, имамы жоқ Алланың үйіне тап боламыз. Осының барлығын ұйымдастыруға тиіс адамның төбесін анда-санда көбіне-көп жұма намазында ғана бір көреміз. Тіпті соңғы кездері айт намаздарын өткізуді де қойды.

Халықтың наразылығын тудырып жүрген тағы бір жәйт – ол кісінің о дүниелік болған мұсылмандарды алалауы және жаназа ғибадаттарын түгел атқармауы. Мәселен, қалталы, беделді мұсылман дүниеден өтсе, сол жерден Рәтбек қажыны көреміз. Осының өзінде де жаназа оқи сала, қалған тірлікті наибтарына (орынбасарларына) тапсырады да өзі кете барады. Қабір басында оқылатын Құран, марқұмның жақындарына көңіл білдіріп, басу айту сияқты қайырымды істердің жанынан ол кісіні таппайсыз.

Екінші бір көңіл қалдырарлық жәйт, Р.Нысанбайұлының бойынан шынайы діндар мұсылманға тән кішіпейілділік, ізеттілік, көркем мінез сияқты асыл қасиеттерді сирек көруіміз. Алланың үйіне, мешітке жүректері лүпілдеп алғаш қадам басқан мұсылман бауырларымыз ол кісінің оғаш мінезіне тап келіп, мешітке енді қайта жуымастай болады. Ұзақ жыл діни істерді басқарған «ғұлама ғалым, білікті дін қайраткері» өзінің қадір-қасиетімен, көркем мінезімен, ғиб­ратты тірлігімен мұсылман қауы­мына үлгі болуы керек емес пе? Бұл жағынан да үмітіміз ақталмады.

Қазіргі күрделі уақытта, діні­міз­дің, діліміздің, тіліміздің таза­лығы жолында ақыл-ой күресі жүріп жатқан заманда дін қайрат­керлері Отан амандығы, діни тұтас­тық, мұсылман бауырларымыз арасындағы бірлікті нығайтуға ба­ғытталған үлкен елдік мұратты көздеген игі істер атқарып, ата ді­німізді ағартушылық бағытта, заман талабына сай насихаттап жатқан тұста Рекең осы игілікті жұмыстардың басында жүрер деп күткен едік. Бұл ойымыз да іске аспады.

Елімізде күмәнді секталар мен ағымдардың сайран салуына осы кісінің де тікелей үлесі бар деп ойлаймыз. Ол дінбасы болып тұрған уақытта жоғарыдағы ағымдар елімізге енді-енді келе бастаған тұс болатын. Сол кезде ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін пайдаланып, қоғамдық пікір туғызып, дабыл көтеріп, күллі мұсылманның санасын оятқанда мұндай жағдайға тап болмас едік. Оның үстіне бұл кісі Республика Жоғары Кеңесінің депутаты кезінде дінге қатысты бүгінгі жағдайға жеткізуге жол ашқан заң да қабылданды. Рекеңнің сол заң жобасы талқыланғанда оған қарсы бір ауыз да уәж айтпай, Алланың берген мансабын дін мүддесіне жұмсамау да көңіл қалдыратын жәйт.

Еліміздегі мешіттердің 2000 жылы бар болғаны 284-і ғана Діни басқармаға қарап, 1000-нан астамының жеке-жеке діни бірлестікке айналып, бет-бетімен кеткеніне де тікелей Р.Нысанбайұлы кінәлі деп есептейміз.

Алайда, «Ештен кеш жақсы» деп, дініміздің тұтастығын ойлар, мұсылмандардың шын жанашыры болса, ол кісінің қолын қазір кім кағар? Дініміздің тұтастығын, еліміздің амандығын, халқымыздың бірлігін ойлаған әрбір мұсылман, әрбір азамат үлкен мұратты көксеген парасатты кісілердің маңына топтасып, тізе қосып жұмыс жасауы керек қой. Біз Рәтбек Нысанбайұлы әлі де тәубесіне келіп, өзінің білім-тәжірибесін мұсылман бауырлары­мыздың игілігіне, бірлігі мен ынты­мағына жұмсар деп үміт етеміз.

 

Нұраддин САТЫБАЛДИЕВ