ЭКРАНДАFЫ сорақылықты түзейтін КІМІМІЗ БАР?

Қазіргі таңда еліміздегі телеарналар өз деңгейінде жұмыс атқарып жатыр ма?  Жиырма төрт сағат бойы көгілдір экраннан  жас ұрпаққа пайдалы, құнды әрі жағымды , ауқымы кең дүниелер алуға болады ма?  Осы біздің елге,  аш-жалаңаш сериалдар мен еуропаның дәстүрінен, батыстың мінезінен, кәріс пен түрік сериалдарының аудармасынан, орыстың көшірмесінен арылар күн туа ма?  Тіпті тым құрығанда  еліміздегі жалғыз ұлттық арна « Қазақстан»  тәулік бойы мемлекеттік тілде ақпарат берер ме екен?  Тәуелсіз ел болғалы он тоғыз жылдың жүзі болса да, жалғыз ұлттық арнаны  «толыққанды  қазақша сөйлете алмаған»  не  деген  масқара...

«Қалауын тапса, қар жанар» демекші,  сөйлету былай тұрсын, бұлбұлша сайратып жіберуге болады емес пе? Ұлттық арна жиырма төрт сағат бойы қазақ тілінде көрсетілуі, оның ары қарай бәсекеге қабілетті дамуы, өзіндік ерекшелігімен айқындалып тұруы, арнаның «аудиториясы»  болып табылатын тұрақ­ты көрермендерді масқара етпей, атына заты сай арна болуы шарт. 

Соңғы жылдары арналардағы қазақ тілді бағдарламалардың салмағы кеміді, есесіне  қостілді бағдарламалар мен субтитрді аудармалар қаптап кетті. Түбіміз бір түркі деп жүрген түрік ағайындардың және жәндік жегіш кәрістердің  айтарлықтай мән- мағынасы жоқ сериалдары бар арнаны жаулап алған. Пайдасынан зияны көп. Оның ең басты себебі - қазақ елінде жателдік  түкке тұрғысыз дүниелердің қаптап кетуі. Естуімізше, түрік ағайындар өз елінің аудиториясын мұндай фильмдерден аулақ ұстайды екен.                                                                   

Экрандағы бұл сорақымен күресудің орнына біздің режиссерлер отқа май құюға шебер.  Көрсең жиркенетін «Қайрат чемпион» фильмін Мәжіліс депутаты Нұрлан Өнербаевтың сойып салғаны, бұл киноның опасыздықтары жайлы  айта кеткен Бекболат  Тілеухановтың,  Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің фильмді мырқымбайшылыққа теңегенінен кейін елімізде ондай фильмдердің жалғасын табуы тіпті ұятты әрекеттер. Арналар  өз көрермендерін жоғалтып бара жатыр.

Кезіндегі  «Айтысты», «Көк­пар­ды», «Шынның жүзін», «Ұят болмасынды» тағы да сол сияқты көрерменге ем болатын бағдарламаларды экран бетіне қайта шығару қажет. Аш-жалаңаш клиптердің көзін жойып, қазақтың менталитетіне сай, астарында «ұят» деген ибалылықты көрерменге жеткізе білетін бейнеклиптерді түсіру. Шындықты айту десе алдына жан салмайтын журналистердің алға басқан  қадамдарын  кері қарай мәжбүрлеуге  болмайды.  Тәулік бойына фактіге жүгініп, оны дәлелмен  көрерменге жеткізетін  лайықты жаңа арна ашу. Және де сол арнада қызмет ететін журналистердің қауіпсіздігін сақтайтын орган қажет.  Міне, сонда ғана әділеттілікке тағы да бір табан жақындар едік. Қарапайым халықтың ақпарат алар бірден-бір құралы теледидар екені айтпаса да түсінікті. Сол экраннан көрсетілген дүниелер құнды болуы керек. Ол үшін әрине әрбір арна  жауапкершілікті сезіне білуі керек. Қашанға дейін өз еліміздегі арналрымыздың кемшіліктерін жаза, айта бермекпіз. Айта айта ауыз көпіріп, жаза жаза қол талды ғой. Ешбір нәтиже жоқ! Осы уақытқа дейін арналар көрсетер дүниелерін көрсетіп, халықтың санасын улап бітті. «Ұлттық» қасиет атаулының қас жауы - «жабайы жаһанданудың» улы бір тамыры – батыстың сапасыз, даңғырлақ әуені мен киносынан арылып, ұлтымыздың дәстүрлі мәдениетін кейінгі ұрпаққа қаймағын бұзбай жеткізу үшін, телевизияның жаңа технолологиялық жетістіктерін пайдалана отырып, ұлттық қазынаны көрермердерге тарту ету - әрбір арна басшысының борышы емес пе?

 

                                                           Әйкерім Ердәулетқызы