Қызды қинаған Қанішер

d29bd0b0d0bdd196d188d0b5d180

Ақтау қаласының тұрғыны 23 жастағы Гулфайроз Молдамұратова 2010 жылдың 1 қаңтарында үйінен шыққаннан үшті-күйлі жоғалады. Оның суреті теледидардан көрсетілген болатын.

Қыздың әкесі Тыныштық Молдамұратовтың елбасына, бас прокуратура, мәжіліс депутаты, ІІМ- не арыздануының арқасында екі айдан кейін қылмыскер құрықталады. Молдамұратов қызы жоғалған күннің ертеңіне полиция қызметкерлеріне Асқар Берекеновтен күдіктенетінін айтқанда, олар қаперіне ілмейді. Берекенов Приозерный кентіндегі құрылысы бітпеген үйінде айғақ заттарды өртеп жатқан жерінен тұтқындалады. Оперативтік-іздестіру шарасының нәтижесінде сол маңнан қыздың өртенген мәйіті табылады. Асқар Берекенов 1 қаңтарда Гулфайрозды көлікке күштеп отырғызып, балабақша ауласына апарады. Қарсылық көрсеткен оны ұрып- соғып, зорлап өлтіргенін айтады. Қылмыстың ізін жасыру үшін Приозерныйда денені балталап, мүшелеп бөліп, қоқыс аумағына шығарып, жанармай құйып өртейді. Мәйіттің үстіне тас үйіп, айғақ заттардың көзін жояды. Тергеу жұмыстары Берекеновтің 1 қаңтар күні сағат 18.00- де Toyota RAW 4 көлігін бір тәулікке жалға алғанын, жалға берушіге 10 мың теңгемен қоса пәтердің құжатын бергенін анықтайды. 3 қаңтарда полиция қызметкерлері көлікті «Арай» ғимаратының жанындағы автотұрақтан табады. Көлік екі жерден зақымданыпты. Гулфайроздың әкесінің айтуынша, Берекенов қылмысқа алдын ала дайындалған. 3 желтоқсанда жұмыстан келе жатқан қызды Берекенов көлігіне күштеп отырғызбақ болғанда, Гулфайроз сытылып шығып, сол маңдағы әпкесі Айнагүлдің үйіне тығылады. Мұны көрген төрт куәгер бар екен. Гулфайроз құрбысы Ақмаралға Берекеновтің жіберген ММS-ін көрсетеді. Онда Асқардың біреуді қатты соққыға жыққаны бейнеленеді. Бұл Гулфайрозға менімен бірге болмасаң, соққыға жығыласың деп ескерткені. Ақмарал Өтеуованың айтуынша, Гулфайроз үнемі Берекеновтен қорқып, қашып жүрген. Қыздың әкесі қылмыскер жан түршігерлік оқиғаны екі інісімен жасады деп отыр. Гулфайроздың өз еркімен көлікке отыруы мүмкін емес. 1 қаңтарда Берекенов «Фонтан» аялдамасында Гулфайрозды күтеді. Қылмыскерлер екі көлікте болған. Мұны Тыныштық Молдамұратов, қызы Айнагүл, күйеу баласы Ахмет бейнекамерадағы жазудан көреді. Молдамұратовтың ұсынысына қарамай, бейнежазбаны техникалық қызметкер өшіріп тастайды.

Гулфайрозға дейін Асқар Берекенов үш қызбен кездесіп, қыздар оны тастап, басқаға тұрмысқа шығып кетеді. Гулфайроздың келісімін алмаған жігіт одан осылай кек алған болар. Қызды зорлап өлтірген Берекенов 2 қаңтар күні түнгі клубта туған күнін дүрілдетіп өткізеді. Тыныштық Молдамұратовтың пайымдауынша, қарсылық көрсеткен қыздың қол- аяғын ұстап, көлікті жүргізу мүмкін емес. Гулфайроз көліктен секіріп кетуі керек еді. Мәйітті бөлшектеп тасуға, бір жерден екінші жерге жеткізген сыбайластары болғаны анық. Қылмысқа Берекеновтің анасының да қатысы бар. 3 желтоқсанда және 1 қаңтарда баласына пәтердің құжатын неге береді? Қылмысқа қатысқан Асқардың екі інісі студент. Бірі Алматыда, екіншісі Чехияда оқиды. Олар 10 қаңтарға дейін Ақтауда болған. Дене күйіп кеткендіктен, медициналық сараптама қыздың қай күні, қай уақытта өлтірілгенін анықтай алмапты. Тыныштық Молдамұратов қылмыскер қызды бірден өлтірмеген. Приозерныйдағы үйлердің бірінде ұстап, ашықтырып, әлсіретіп, азаптап өлтірген дейді.

Тергеу жұмыстары 2009 жылдың 16 мамырында Берекеновтің қылмысты болғанын анықтайды. «Равиль» мейрамханасының алдындағы саябақта ол Тойота көлігімен 15 жасар Айзада Мұхитованы басып өтіп, мерт қылады. Берекенов қылмыстық жауапкершіліктен белгісіз жағдайда құтылып, жүргізушілік куәлігі қайтарылады.

Өрімдей жас қызды өлтірген Асқар Берекенов сол кезде жауапқа тартылғанда, менің қызым жер басып жүрер еді деп, қан жылайды әке жүрегі. Гулфайроздың өлімі құқық қорғау органындағы жемқорлықтың салдарынан орын алған. Қылмыскердің құтылуына жол берген полиция қызметкерлерін жауапқа тарту керек. Тыныштық Молдамұратов жергілікті құқық қорғау органдарының дәрмен­сіз­дігіне, жедел іздестіру, тергеу амал­дарының сылбыр жүргізілгеніне нара­зылық танытқан. Ол мәжіліс депутаты Зейнолла Алшынбаевқа қылмыстық істі жан-жақты, объективті тергеу үшін Астанадан аса ауыр қылмыстарды тексеретін арнайы мамандандырылған топ жіберуін сұрапты. Хаттың соңында қаніпезердің қолынан қаза тапқан қызының аруағы үшін әділетсіздікпен күресуін тоқтатпайтынын жазған.

 

Дон Еділ

                                                                                                                                                                     Астана