Прокурор жүр алысып мүгедекпен…

0
649

Қарағанды қаласы «Голубые пруды» мөлтек ауданына қатысты екінші мақала жазып отырмын.

2008 жылы Қарағандының тұрғыны әдейілеп іздеп келіп, пәтер мұңын шаққан еді. Бұл жолы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Томар ауылынан Батыр Ана Күлпаш Бегайдарова Астанаға арнайы келіпті. Күлпаш ананың немересі Асылжан 1996 жылы Семей полигонының зардабынан кемтар болып туылады. Он үш рет наркоз алып, сегіз рет ауыр операция жасалған 11 жастағы қаршадай Асылжан Алматы педиатриялық ғылыми орталығының бақылауына алынған көрінеді. Алты ай сайын дәрігерге қаралуы үшін қызы Асылжанды ертіп, әкесі Марал қалаға қатынайды екен. Тұрғын үй қоры басқармасында 1999 жылдан үй кезегінде тұрған оған 2008 жылы «Голубые пруды» мөлтек ауданындағы №4 үйдің 45- ші пәтері жалға беріліп, бір жылға шарт жасалады. Тұрғын үй қорынан баспана алуға Бегайдаров «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 68-бабы бойынша құқылы. Өйткені, баласы мүгедек. Заңның 118-бабы оған пәтердің бірінші кезекте берілуін (мүгедек баланы асырағаны үшін) қамтамасыз етеді. 120-бапта Семей полигоны сынағынан зардап шеккендер санатына жататындықтан, пәтерден оны басқа жарамды баспана берместен шығарып тастауға болмайтыны жазылған. 2008 жылдың көктемінде Марал Бегайдаров тұрғын үй қоры басқармасынан тиісті құжаттарын алып, пәтерге тіркеледі. Пәтерге келсе, мұнда Октябрь аудандық прокуратурасының қызметкері Қанат Нұрбаев уақытша тұрып жатқанын біледі. Ол: «Басқа пәтер тауып алғанша, тұра тұрайын» дейді. Бегайдаров келіседі. Қазан айының соңында бала-шағасын ертіп келген Бегайдаровқа прокурор: «Бұл пәтерге мен де құжат дайындап жатырмын, сені кіргізбеймін» деп басқа сарынмен сөйлейді. Бегайдаров пен Нұрбаев арасында үш бөлмелі пәтер дауы басталады. Мүгедек баланы асырап отырған отбасын мемлекет баспанамен қамтамасыз еткен. Бегайдаровтікі заңды. Одан қалыспай, пәтерге Нұрбаев та тіркеліп алады. Нұрбаев пәтерін босатпаған соң, заңды баспанасына Бегайдаров та кіреді. Пәтерде екі отбасы үш күн тұрып, соңы жанжалмен аяқталады. Нұрбаев Октябрь аудандық полиция бөліміне арызданып, өзгенің үйіне басып кіріп, күш көрсеткені үшін Бегайдаровты шартты түрде бір жылға соттайды. Аудандық, облыстық соттарға шағымданған пәтер дауында бірде Бегайдаровтікі дұрыс, бірде Нұрбаевтікі дұрыс болып шығады. «Мықты болсаң, үйді тартып ал» деп, прокурор пәтерді босатпай отырса, төрт баланың әкесі Марал Бегайдаров Қарағанды мен Саранның ортасында туысқандарын паналап тентіреп жүр. Соңғы сот отырысында Нұрбаев Бегайдаровқа: «Осы үйден пәтер алған 11 прокурорды пәтерлерінен шығар. Сосын мен де шығамын» депті. Көпбалалы әке Бегайдаров Нұрбаев лауазымын асыра пайдаланып, баспанамды тартып алды деп, президентке, үкімет басшысына, «Нұр Отанның» жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңеске, бас прокуратураға, ҰҚК- не, ІІМ- не  шағынданған екен. Ештеңе өзгермепті.

 

Дон Еділ ,

                                                                                                                                                          Астана

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз