ҚЫТАЙДАҒЫ БАУЫРЛАРДЫҢ РУХАНИЯТЫ (Қытай сапарынан естелік)

Бүгінгі қазақ әдебиеті сөз болғанда Шынжаңдағы қазақтардың әдебиеті туралы ауыз ашпау мүмкін емес. Алыс та болса жақын, жақын да болса алыстап бара жатқан асылымыздың қиығы, алтынымыздың сынығы болған ондағы ел мен жердің тағдыры бізді де алаңдататын еді. Мың естігеннен бір көрген артық. Ондағы ағайынның соңғы хал-күйі қалай, әсіресе мәдениеті мен әдебиетінің тыныс-тіршілігі қай деңгейде? Осы сұрақтардың мазалағанына да аз болған жоқ. Бұрындары да ат басын бұрып ағайынға сәлемдесудің реті келгенмен жаңа ғасырдың алғашқы ондығыннан кейінгі осы сапардың жүгі де ауырлау еді. Сөйтіп шағын экспедеция Қытайдың Шынжаң өлкесін бетке алып 2010 жылы шілденің 21-інде жолға шықтық.

1856-1857 жылдарғы Шоқанның Қашқария сапарынан кейін бір ғасырдан соң әдебиетіміздің алыбы Сәбеңнің – Сәбит Мұқановтың 1956 жылы осы елде болғаны тарихқа белгілі. Сәбең бұл сапарында жалпы қытай елінің тарихы, мәдениеті мен әдебиеті төңірегінде сөз қозғап қана қалмай, ондағы қандастар туралы да қалам тербеген болатын. Және де сапарды ат үстінде емес, ағайынның арасында аунап-қунап, емен-жарқын ашық әңгімемен өткізген. Өкінішке қарай Сәбең салған сара жол екі империя арасындағы алакөздік салдарынан бір мезет үзіліп қалды. Тек Қазақстан елдігін қайтарып алып, көк байрағын желбіреткеннен кейін ғана барыс-келіс қайта жалғанды. Арнайы болмаса да ондағы ағайындар арасында болғандар аз емес. Десе де , көп санды әңгімелердің белгілі сенарийден аса алмай, әдемі қала мен дәмді дастархан шеңберінде қалып қойғаны да шын. Олай болса біздің бұл сапарымыз қалай болмақ?

Біз мемлекеттік тұрғыдан немесе қоғамдық топтардың барыс-келіс шарты арқылы жүрсек, мәселенің мәні күрделене түсетіні бесенеден белгілі еді. Ендеше ондағы әдебиеттің туып-қалыптасуына түпкілікті әсер еткен қара шаңырақтарға кіру арқылы әңгімені ары қарай өрбіту – өз жүріс-тұрысымызға барынша икемді көрінді. Осы ой-жоба бойынша басталған сапарымыздың алғашқы тұрағы ШҰАР-дың мәдениет орталығы – Үрімжі қаласынан басталды.

Қытайдағы қазақ әдебиетінің жалпы жағдайын жіліктеп береді-ау деген сеніммен, ең әуелі Шынжаң әдебиет-көркемөнершілер бірлестігі төрағасының орынбасары, Қытай мемлекеттік Жазушылар одағының мүшесі, көрнекті жазушы Шәміс Құмарұлын іздеп таптық. Қытай мемлекеттік сыйлығының, мемлекеттік бірінші дәрежелі жазушы атағының иегері атанған Шәміс және оның еңбектері туралы да біраз білетін едік.

1952 жылы 15 сәуірде ҚХР, ШҰАР Мори ауданында дүниеге келген Ш.Құмарұлының «Үміт ұшқыны», «Қарамайлы аңызы», «Бір тамшы қан», «Жусанды дала», «Аршалы таудағы ән», «Ақ серке мен Көк серке», «Қия жол», «Бөке батыр», «Көз жасы сарқылмайды», «Ер Жәнібек», «Тұғырылхан», «Ертіс кілкіп ағады», «Жарық дүние», «Қилы жылдар» секілді кітаптарына да сырттай қанық болатынбыз. Соның ішінде «Бөке батыр», «Көз жасы сарқылмайды», «Ер Жәнібек» романдары Қазақстанда да жарық көріп, мұндағы оқырманның да ыстық ықыласына бөленген еді.

Шәміс Құмарұлының бізбен болған алғашқы әңгімесі мен өз түйгендерімізден біз бүгінгі Шынжаң қазақ әдебиетінен мыналарды білдік.

Шыңжаңдағы қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуында Құнанбай баласы Абайдан кейін Ақыт Үлімжіұлының алатын орны аса жоғары екен.

Ақыт қолына кештеу тиген Абайдың 1909 жылы шыққан кітабымен Асқар Татанайұлы 1915 жылы танысыпты. Одан кейін 1920 жылдар Таңжарық Жолдыұлының (1903-1947) Қазақстан жерінде болып қайтуы, 1916 жылы Әсет Найманбайұлының (1867-1923), Жүсіпбекқожа Шайхысламұлының (1857-1937) Қытай жеріне өтуі, Зият Шәкәрімұлы секілді қуғын-сүргінге ұшыраушылардың Қытайға қашып келуі екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланыстарға мұрындық болып, ондағы әдебиеттің қалыптасуына игі ықпал жасаған көрінеді.

Абай өлеңдерімен жарыса жеткен М.Жұмабаев, М.Дулат, Б.Майлин, А. Байтұрсынұлы, С.Торайғыров, Ш.Құдайбердіұлы, М.Әуезов, С.Мұқанов Ж.Аймауытов, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, есімдері осыдан бастап шетел қазағына да кеңінен танымал бола бастапты.

Сөйтіп, аты аталған тарихи тұлғалардың игі ықпалында Шыңжаң қазақ әдебиеті қалыптасып, оның көш басында Жүсіпбек Шайхысыламұлы, Әсет Найманбайұлы, Ақыт Үлімжіұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Нұртаза Шалғынбаев, Досбер Саурықұлы, Дубек Шалғынбаев, Асқар Татанайұлы, Ниғымет Мыңжанұлы, Арғынбек Апашбайұлы секілді белгілі тұлғалар болған екен. Бұлар ауыз әдебиетінің бай үлгілерінен мейілінше сусындаумен бірге, шығыстық және батыстық әдебиеттің үлгілерімен де белгілі дәрежеде танысып, Кеңестер Одағындағы ақын-жазушылардың еңбектерін де оқып өз тобынан озып шығыпты. Бұлармен қатар немесе соңдарынан жеткен ауыз әдебиеті үлгісін жалғаған әрі айтыс ақыны, әрі жазба ақын дәстүріндегі – Асылхан Мыңжасарұлы, Әріпжан Жанұзақұлы, Рақымжан Мешпетұлы, Сұлтан Мәжитұлы, Смағұл Қалиұлы, Отарбай Дүйсенбіұлы Болмас Төлемісұлы, Боздақ Дүзбембетұлы секілді белгілі дарындар болыпты.

Шынжаң қазақтары өз әдебиетін қалыптастырғаннан кейін Қаусылхан Қозыбай, Құрманәлі Оспанұлы, Рахметолла Әпшеұлы, Мағаз Разданұлы, Күнгей Мұқажанұлы, Омарғазы Айтанұлы, Қажығұмар Шабданұл, Жұмабай Біләлұлы, Оразхан Ахметұлы секілді көптеген ақын-жазушылар өмірге келіпті. Осылармен қанаттас қалам тербеген Жақсылық Сәмитұлы деген жазушының Қазақстанға келіп, «Сергелдең» атты романы ақылы қазақ оқырмандарына жақсы таныс екенін де білетін едік.

Жазушылардың қоғамдық ұйымдарынан қытай мемлекеттік жазушылар қоғамы және оның Шынжаңдағы бөлімшесі (Шынжаң жазушылар қоғамы) оның қол астында жұмыс атқаратын Іле облыстық жазушылар қоғамы, аймақтық жазушылар қоғамдары бар екен. Соңғы жылдары аз ұлт қаламгерлері арасында «Тұлпар» әдеби сыйлығы секілді арнайы марапаттар тағайындалыпты. Қазақ қаламгерлерінің шығармалары өзге ұлт тіліне де аударылып тұрады екен.

Бір қызығы, бізде он миллиондай қазаққа арнап шығарылатын кітаптардың таралымы екі мың данамен шектелсе, ондағы бір жарым миллион қандасымыздың шығарып отырған кітаптары үш мың данадан жоғары екен.

Біздің жалпы бұйымтайымыз­дың әдебиет өкілдерімен кездесу екенін білгеннен кейін Ш.Құмарұлы Үрімжі қаласында тұратын біраз қаламгерлерге телефон шалыпты. Бас қосуымызды да жергілікті дәстүр бойынша дастархан үстіне орайластырыпты.

Шілденің 22 күні Үрімжі қаласының орталығындағы «Ақбұлақ» ресторанында бас қостық. Дастархан басындағы ақын-жазушыларды бірден таныстыра бастаған Шәміс келуге тиісті Әуелхан Қали, Батырхан Құсбегин, Шәйсұлтан Қызырұлы сияқты біраз кісілердің онда-мұнда кетуіне байланысты келе алмай қалғанын қынжыла айтты. Біз барына тәубе қылып Шәкен Оңалбаев, Әбденбай Бажаев, Хайша Табаракқызы, Қабден Қадырұлы, Елеусіз Бектаев, Азамат Ысқақұлы бастаған әдебиетшілермен әңгіме дүкенін қыздыра түстік.

  Көненің арты қазіргінің қарты саналатын ескі көздердің бірі Шәкен Оңалбаев Қытайдың жаңа үкіметі орнағаннан кейінгі алғашқы буын қалам иелерінің өкілі ретінде ақындығымен аты шығыпты. Кезінде Шынжаң тіл институтын қытай тілі мамандығы бойынша тәмәмдап, Шынжаң ауылшаруашылық институтында, Өлкелік тіл жазу комитетінде, Шынжаң халық көркемөнер басқармасында басшы қызметтер атқарыпты. 1981-1989 жылдары Шынжаң жазушылар одағы төрағасының орынбасары, «Шұғыла» журналының бас редакторы, 1989-1970 жылдары ШҰАР әдебиет-көркемөнершілер бірлестігі төрағасының орынбасары болып, 1998 жылы зейнетке шығыпты. Қазірде мемлекеттік бірінші дәрежелі жазушы атағын алып, ШҰАР әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің құрметті төрағасы, Қытай жазушылар одағы мемлекеттік комитетінің құрметті мүшесі, ШҰАР үкіметі тіл-мәдениет зерттеу орнының зерттеушісі, «Шұғыла» журналының ақылшысы секілді міндеттер атқарады екен.

  «Жылдар сыры», «Бүркітші», «Жарқын жол», «Жасыл әлем», «Замандас», «Бәйге», «Біздің Асқар» секілді көптеген кітаптары жарияланыпты.

Сөз кезегінде Ш.Оңалбаев өзі ұзақ жыл қызмет еткен Шынжаң баспа сөзінің жағдайын қысқаша таныстырып өтті.

1880-1890 жылдар ішінде Жүсіпбек Шайхысыламұлы, Ақыт Үлімжіұлы бастаған алғашқы бір топ ақындардың Қазан баспасынан кітаптар шығара бастауы осы өңірдің баспасөзінің алғашқы қадамдары саналады екен. 1933 жылы Шың Сысай билік басына келгеннен кейін, Кеңес Одағымен достасып, өлке орталығы Үрімжі қаласында және де Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарында құрылған «Қазақ-қырғыз мәдени, ағарту ұйымының» ықпалымен қазақ баспасөзі мен оқу-ағарту саласында да жаңа қадамдар жасалыпты.

1935 жылы Іледе қазақ тілінде «Төңкеріс таңы» атты газет шықса, сол жылы Шәріпхан Көгедаев Кеңес Одағынан баспа машинасын алдырып, 1935 жылы қазіргі «Алтай газетінің» алғашқы санын «Шынжаң Алтай газеті» деген атпен шығарған екен. Әрі бүған қоса 1948 жылы «Таң Шолпаны» атты журнал шығыпты. Ал Тарбағатайда сол жылдардан бастап «Біздің үн» атты газет, «Жаңа Шинжаң» атты маусымдық журнал жарық көріпті.

Үрімжіде «Шынжаң газетінің» қазақ тіліндегісі 1935 жылдан шыға бастап, ондағы қазақ баспасөзінің дамуына негіз болыпты.

Газет-журналдар шығудың сыртында 1947 жылы Алтайда «Сәлиқа-Сәмен», 1948-жылы Құлжада Таңжарық Жолдыұлының «Алғашқы жинағы», Тарбағатайда Нұртаза Шалғынбаевтың «Көрген-білгендерім» очеркі, Дубек Шалғынбаевтың «Кедей оқушының тағдыры» әңгімелері, Үрімжіде Ниғымет Мыңжанұлының «Тұрмыс тілшісі» кітап болып басылыпты. Сол жылдары Үрімжідегі Шынжаң газеті баспа зауытында «Абайдың таңдамалы шығармалары да» кітап болып басылған екен.

Қытайда жүргізілген «Мәдениет төңкерісіне» байланысты баспасөз қызметі бір мезет тоқырауға ұшырап, 1980 жылдардан кейін ғана қайта жанданыпты.

  «Ұлттар баспасы» , «Шынжаң халық баспасы», «Шынжаң жастар-өрендер баспасы», «Денсаулық, ғылым-техника баспасы», «Шынжаң оқу-ағарту баспасы», «Іле халық баспасы» сияқты баспа орындары үкіметтік тапсырыстар және жеке қаржы табу жолдарымен әртүрлі кітаптар шығарады екен.

ШҰАР-ның орталығынан – «Шынжаң қоғамдық ғылымы», «Шынжаң қоғамдық ғылым мінбесі» , «Шынжаң оқу-ағартуы», «Ғылым бұлағы», «Шынжаң суретті журналы», «Көкжиек», «Шұғыла», «Мұра», «Оқырман өресі» секілді көптеген журналдар және де ШҰАР-дың ресми органы – «Шынжаң газеті» шығады екен.

Бізде қазақ тілді телдедидарға қолымыз жетпей жататын кездер көп. Ал онда екі телевидения каналы мен бір радио (Шынжаң халық радио станциясы) тек қана қазақ тілінде жұмыс жүргізеді екен. Шынжаң халық Радиосы 1955 жылдан, Шынжаң телевизиясы 1985 жылдан қазақ тіліндегі бағдарламалар тарата бастапты.

Шынжаң қазақ әдебиетінде сын жанры аса марқайып кетпесе де, сыншы-қаламгерлері жағынан құр жаяу емес көрінеді. Ақындық талантымен аты шығып, «Тау бұлағы» секілді еңбектер берген Әбденбай Бажаев проза және сын жанрында да өнімді еңбек етіп жүр. Осы тақырып сөз болғанда Әбең ең әуелі өздерінің кезіндегі Кеңес одағы қазақ әдебиетінен толық хабары барлығын біраз әңгіме қылды. Әрі әдебиет зерттеу және сын жанры саласында еңбектеніп жүрген Жақып Мырзахан, Ахметбек Кірішбаев, Әуелхан Қалиұлы, Мырзахан Құрманбайұлы, Омархан Асылұлы, Бексұлтан Кәсейұлы, Қаусылхан Қамажанов, Шәріпхан Әбдәлиұлы, Ғазез Райысұлы, Асан Әбеуұлы сынды бір топ қаламдастарын ауызға алды.

Шынжаң қазақтарында қолға алынған жақсы нәрсенің бірі – аударма ісі. Соның ішінде Хайша Табаракқызының есімін бұрында еститін едік. Хайшамен болған әңгімеден біз ондағы қандастарымыздың аударма саласындағы еңбектеріне біршама қанығып қалдық.

Абылай заманындағы қазақ-қытай байланыстарының жиілеуі және қазақтардың ежелгі мекеніне орала бастауы ондағы бауырларымызға аударманың қажеттілігін ертеден бастап-ақ сездіре бастаса керек. Әрине Пекинмен арадағы әртүрлі байланыстардың тілмашсыз өтпегені белгілі ғой.     1933-1934 жылдардан басталған оқу-ағарту, баспа ісінің өркеуімен аударма ісі де барынша жанданып, Мұқаш Жәкеұлы, Дубек Шалғынбаев бастаған алғашқы тәржімандар легі қалыптасыпты. Олардың ізін басқан Нариман Жабағытайұлы Меллатхат Әленұлы, Әбдібек Байболатов, Әбділдабек Ақыштайұлы, Қалихан Қалияқбарұлы, Хакім Әкімжан, Әзімхан Тішанұлы, Қазымбек Арабин, Шамас Әубәкір, Найманғазы Сапанұлы, Ақия Раданұлы, Әлімжан Қатбаев, Кәкеш Қайыржан, Әбдіманап Әбеуұлы, Хайша Табаракқызы, Еркеш Құрманбекқызы секілді белді аудармашылар Қытай классиктері Лу Шұн, Мау Дұн, Ба Жин, Яң Мо, Лау Шы шығармаларын, Сау Шуечиннің “Қызыл сарайдағы түсін”, Ло Гуанжұңның “Үш патшалық қиссасын, У Чың-ынның “Батысқа саяхатын”, Шы Найан мен Ло Гуонжұңның “Су бойындасын” және “Таң дәуірінің таңдамалы өлеңдерін” тәржімалаған екен.

 

(Жалғасы бар)

                                                                     Тұрсынбек Кәкішев,

                                                             Жәди Шәкенұлы