Талғат Ешенұлы. ТУРА КЕЛЕДІ...

Қазақ хандығының 550 жылдығының ресми логотипі – Қазақ хандығының 550 жылдығына деген көңіл, көзқарасымыздың деңгейі.

Біріншіден, мына ентаңбаға қарап отырып, осы логотипті бекіткен, бекіттірген біздің биліктің, идеологияның тізгінін ұстаған шенеуніктердің тарихи жады мен санасының жайдақтығын, мемлекет, ұлт тарихынан мақұрым екендігін, «қазақ» атаулыға қиямпұрыс, марғау, қырын қарайтынын тағы да мойындауға тура келеді.

Екіншіден, мына ентаңбаға қарап отырып, еріксіз осыны мемлекеттік мейрамның ентаңбасы қылып отырған адамдардың шығармашылық, суреткерлік, көркемдік өресіне күмәнмен қарауға тура келеді.

Үшіншіден, хандықтың тойындағы ресми іс-шараларда мына ентаңбаға қарап отырып, өтірік елжіреп-еміренуге, күшеніп отаншыл, мемлекетшіл болуға, ышқынып халықты бірлікке шақыруға тура келеді.

Төртіншіден, мына ентаңбаны теледидар мен газеттердің баттитып маңдайына жапсырып, көлгірсіп көлдей-көлдей баяндамалар жазуға, мардымсып неше түрлі мақалалар мен репортаждар жасауға тура келеді.

Бесіншіден және ең қиыны, мына ентаңбаға қарап отырып, қазақтың көк байрағының авторы, суретші, марқұм Шәкен Ниязбеков ағамыздың аруағының алдында плагиатшылардың көпе-көрнеу қиянаты үшін кешірім сұрауға тура келеді.

Осы сөзім тура келмесе, айтарсыздар...

Фейсбук парашасынан алынды