Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Осы аптада елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің шетелдегі 4 дипломатиялық корпусының басшыларын ауыстырып, Сайлау комиссиясының төрағасын қызметіне қайта тағайындады.

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Осы аптадағы кадрлық тағайындаулар

Бұдан бөлек елімізідің орталық және жергілікті атқарушы органдарында да бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алды. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және өзге де кадрлық тағайындауларға шолу жасайды. Сонымен, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлықтарымен Қазақстанның Испания Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Бақыт Амангелдіұлы Дүйсенбаев Қазақстан Республикасының Андорра Князьдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы қызметіне, Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Дастан Шериазданұлы Елеукенов Қазақстан Республикасының Дания Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы қызметіне,  Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Данияр Қабидоллаұлы Сарекенов Қазақстан Республикасының Бруней-Даруссаламдағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы қызметіне,  Шахрат Шәкизатұлы Нұрышев Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметіне қайта тағайындалған Қуандық Тұрғанқұлов 1949 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, "Қайнар" университетін бітірген. ҚР Президенті Аппаратында жұмыс істеген. 1996 жылдан ҚР Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары, Төрағасы болған. Елбасының 2010 жылғы 9 сәуірдегі Жарлығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы болып жаңа бес жылдық мерзімге тағайындалған. Сәкен Мұсайбеков Мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалды. Осы аптада Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми Атырау облыстық сотының жаңа төрағасы Марғұлан Жұбанышұлы Бектұрғановты ұжымымен таныстырды. Марғұлан Жұбанышұлы - кәсіби судья әрі тәжірибелі басшы. Аудандық соттың төрағасы, облыстық сот алқасының төрағасы қызметтерін атқарды. Ал Жамбыл облыстық сотының төрағасы қызметіне Рүстем Мырзакәрiмұлы Алшынбаев келді. Рүстем Мырзакәрiмұлы - кәсіби судья, тәжирибелі басшы. Бірқатар өңірлерде алқа төрағасы болып еңбек етті. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Алматы қалалық сотының алқа төрағасы болды. Ақмола облыс әкімі Сергей Кулагиннің өкімімен және аудандық мәслихат депутаттары келісімінің негізінде Асқар Мейрамбекұлы Қиықов Еңбекшілдер ауданының әкімі болып тағайындалды. Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданын бұдан былай Руслан Рүстемов басқаратын болды.  Ол  1968 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына әкім болып Нұржан Серікұлы Қалауов тағайындалды. Ал бұл ауданды осыған дейін басқарып келген Мәди Қанатұлы Елеусізов басқа жұмысқа ауысуына байланысты лауазымынан босатылған еді. Белгілі тележүргізушісі Арман Сейітмамыт "Хабар" агенттігінің "24KZ" телеарнасына директор болып тағайындалды. Ол осыған дейін "24 KZ" арнасының шеф-редакторы қызметін атқарды.

Источник: ИА "Казинформ"