«СҰҢҒЫЛА» СӨЗІНІҢ МАҒЫНАСЫ НЕ?
2010 ж. 20 тамыз
19154
3
Біраздан бері газетіміздің бетінде «сұңғыла» сөзі туралы біраз талас-тартысты пікірлер болды. Әр кім өз құмалағын төрттен қоймақ ниетпен жеке пікірінде қалғысы келгені де көрінеді. Десе де, балапан басына, тұрымтай тұсына тартып жатқан мына заманда азапқа толы ана тіліміздің арын қорғау мақсатында бұл сөздің шынайы мағынасына үңіле кеткеніміз артық болмас.
Ескі әдебиет беттерін ақтарғанда «сұңғыла» сөзі алғыр, қағылез, зерек, өзіне қатысты нәрсені жылдам білетін білімді жандарға қаратылып айтылған екен. Кейіннен өзіне қас кісілердің, дұшпан, жау көрінген адамдардың ішіндегі сұмдықты да тез игеретін жандарға да осы атау қолданылыпты. Бұл жөнінде, кезінде яғни 1985 жылы Қазақ ССР Ғылым баспасынан шыққан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» мысалдар жетерлік көрсетілген.
Ал бергі әдебиеттің беттерінен де бұл сөзді жиі кездестіруге болады. Әрине, «сұңғыланың» басын даудан арашалауымыз үшін жаңа заманнан да бірнеше мысал көрсетуімізге тура келіп отыр. «Қара сөздің қайығы» аталған Әбіш Кекілбаев өзінің Ахмет Жұбанов жайындағы бір мақаласында мынадай сөздер алған. «...Өйткені, композитор М.Төлебаевтың мұндай шығармашылық даусыз жеңісі – музыканың ғұлама тарихшысы, сұңғыла теоретигі, өнердегі қай істің де қиыннан қиюын тапқан аса кемел ұйымдастырушы, академик А.Жұбанов үшін өзінің төл жеңісі еді», «Ғұлама ғалым, сұңғыла суреткер, кемел ұстаз, көреген басшының алғашқы адымдарынан бастап, жолын оңды-солды кескестеп келген тұрпайы социологияның тұғыжым тұғырына қосарлана мінгескен дүмшелік пен көре алмастық көзі жұмылғанша алды-артын орағыштап, тірсегінен тістелеп бағыпты», «Бірде залдан қос қолын кеудесіне айқастырып, шәкірт баладай міз бақпай тыңдап отырған Ахмет Жұбановты көрдім. Ондай сұңғыла құлаққа да назар аудартқаныма іштей масаттанып тұрдым». Бір қызығы бізге дәлел көрсеткісі келгендей Ә.Кекілбаев ағамыз А.Жұбанов жайындағы мақаласында «сұңғыла» сөзін бір емес, үш жерде қолданыпты. Қош дейік, енді ақындарымыз не депті? Сол жаққа да мойын бұрайықшы.
«Фариза, Фариза жан, Фариза қыздың» өлеңдері ілікті қолымызға.
Мүлт жібермейтін жанар жоқ,
қателеспейтін адам жоқ,
алай да түйлей тірлікте
жаңсақ баспауға шамаң жоқ.
Көл-көсір болма күндікке,
ерлердің көркі бірлікте,
жарасымы жарты жалғанда
жүйріктер аз да, шабан көп,
сұңғыла сирек, надан көп.
Сәулең болса санаңда
жаңсақ басқан ж a ндарға
шалқаңнан түсіп шамданба...
Ф.Оңғарсынованың бұл өлеңіндегі «сұңғыланы» былай қойғанда мағынасының өзі бізге қаратылып айтылып тұрғандай екен.
Жазушының көкесін, ақынның аққуын көрдік. Енді әдебиетші ғалымдар бұл сөзді қалай қолданған екен. Соларды да ақтарайықшы. Анау мынау емес, сақасының салмағы басым әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бақытжан Майтановтың «Абай өмірі – диалог» мақаласын оқиық: «...Өзіне жат туыстарын қырғи-қабақ наразылыққа бастайтын әкімнің айласын алыстан сезіп, басқаны бауырына тартып, айтыстың ұрымтал тұсына мегзейтін – Бөжей. Оның ірілігін де сырт тұлға, қас-қабақ, өзін ұстауы ғана емес, айналасын ұйыта білетін сөз мақамдары, сұңғыла, әділдікке бейім көңілі бекіте түседі», «Ақынжанды адам өзгенің қайғы-мұңына ортақтаспауы, мейірім, парасаттан алыс тұруы мүмкін емес еді. Құнанбай бойында сұңғыла ақыл, тәжірибе, ұлына қатысты жанашырлық пен түңілу сарыны бел алса, Абай атақ-даңқы зор ата беделін жан-жақты пайымдауға жете қоймаса да, олардың зорлық, қысасы өттіге жатқызатын кедей қауымды теңгермешілдік идея тұрғысынан жәбір-жапаға бергісі жоқ». Б.Майтанов та аталған мақаласында бұл сөзді бірнеше рет қолданған.
Бұл аз десеңіз жазушы Смағұл Елубайдың «Дүлдүлдер өткен... Дүбірлі даланы тербеп» атты мақаласында да: «Марқұм сирек талант иесі Қаламқас Орашева сол тойда сұңғыла жырау Н.Байғаниннің “Нарқыз” дастанынан үзінді жырлады» - деген жолдар бар екенін айта кетудің артықтығы болмас.
Меніңше, біздің «сұңғылаға» таласушыларымызға бұл да толық жауап бола алмайтын сияқты. Себебі, оңтүстік және батыс аймақтардың кейбір жерлерінде бұл сөз бір түрлі арам шөптің атауы ретінде де қолданылады. Бұл пікірді қуаттауға да дәлел бар. 2008 жылы Алматы «Дайк-Пресс» баспасынан шыққан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» 747-бетінде «сұңғыла» сөзіне мынадай анықтама берген. «Сұңғыла I. – сұңғыла тұқымдасына жататын бір не көп жылдық хлорофилсіз паразит өсімдік. Сұңғыла II – 1. Тез сезе алатын, зерек, зерделі. 2. Ауыспалы мағынасы – қу, пәле, залым». Аталған сөздікте «сұңғылаға» жалғас «сұңғылалау» сөзін – «зейінділеу, зерделілеу, зеректеу» - деп түсіндірсе, «сұңғылалық» сөзін – «зерделік, зеректік» мағынасында түсіндіреді.
Түйіндеп айтқанда, «сұңғыла» - жалпы қазақ тілінде зерек, зерделі, ақылды мағынасында айтылса, ішінара аймақтарда жергілікті диалект ретінде арам шөп және сұм адамдарға қаратылады. Десе де біз мынаны білуіміз керек, сұм болу үшін де ақыл, білім керек. Қарақшы болу үшін де түн түнегінде жол табатын, құстың үнін, қурайдың сыбдырын, аңның ізін аңдай білетін сезгірлік керек болады. Олай болса «сұңғыла» сөзі жақсы мағынада жарыққа шығып, кейіннен ауыспалы мағыналарға да көшкені шүбәсіз. Оның бір дәлелі бұл сөз жоғарыда айтылған 1985 жылы Қазақ ССР Ғылым баспасынан шыққан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» арам шөп мағынасында көрсетілмеген екен.
Ал Өмірзақ Ақжігіт ағамыздың газетіміздің өткен № 30 санында: «Мен жаңылыспасам «сұңғыла» сөзі қазақ әдебиетінің классиктерінде «…зерек, алғыр, көреген, білімді, сергек» мағынада қолданылмайтын. Ары барғанда ақылды, білімді. бірақ ақылы мен білімі адалдыққа емес арамдыққа жұмыс істейтін адамға, Наполеонның Талейраны сияқты қулар мен сұмдарға арнап берілетін баға болатын» -деген асығыс жасалған тұжырымы үшін оқырмандардан кешірім сұрағымыз келеді.
Біз қазақ тіліндегі белгілі бір атауға тоқталғанда жергілікті ұғымнан кеңістікке қарай көтеріліп, халқымыздың телегей теңіз сөз байлығының тереңінде жатқан інжу-маржандарымызға сұңғылалықпен үңіле білуіміз керек.
Жәди Шәкенұлы