ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН МӘСЕЛЕЛЕРІ

d184d0bed182d0be-d188d18bd0b3d18bd181-d182d183d180d0bad196d181d18cd182d0b0d0bd

(Жалғасы)

 

ҮШ АЙМАҚТАҒЫ ҰЛТ АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ

 

Қозғалыстың алғашқы кезеңі

  Іле, Алтай,Тарбағатай сынды үш аймақты негіз еткен ұлт азаттық қозғалысының басталуы Алтайдағы Оспан батыр басшылығындағы күрес пен Нылқы партизандарының көтерілісі десекте олардың ішпен сырттың сәйкесуінде өрістетілгенін жоққа шығара алмаймыз. Бұл арадағы сырт деп отырғанымыз әрине Кеңес одағы.

1939-1940 жылдардан бастал­ған Алтайдағы ұлт азаттық қозғалысы қытай әскерін түмен-түменімен қырып, көп реткі жеңістерге қол жеткізген болатын. Алайда күрестің туылуына Шың Сысайдың қазақтың көрнекті тұлғаларын түрмелеуі мен өлтіруі себеп болса да оның бір жағында ежелден ата-бабадан қалған түркі даласын жат табан – қытайларға бастырмау дейтін ұлы идея жатқан еді. Шың Сысайдың Кеңес одағынан бет бұруы және 2-дүниежүзілік соғыстың жеңісіне деген сенімсіздік Кеңес одағына керекті басқа да күштерді қарастыруға мәжбүрлеген еді. Осы орайда Шынжаң жерінде тұтанып жатқан күрестер олардың құлағына еміс-еміс жететін.

Кеңес одағының жасырын шақыруымен 1944 жылдың 14 қаңтарында Мәскеуге жеткен Моңғолия маршалы Чойбалсан Кремльде Сталиннің қабылдауында болды. Ұзаққа созылған әңгіме Оспан төңірегінде болады. Сөздің бір кезегінде Сталин: «... Сол Оспан қанша әскер жасақтай алады? Қанша қару-жарақ қажет?» - дегенді сұрайды. Және армия генаралы А.Антонов пен әскери қолбасшы И.Ковалевқа: Оспанға беретін 400 винтовка, ЧПШ 2000, сирақты пулемет 6 дана, жеңіл пулемет 30 дана, гранат 200дана, винтовка оғы 400.000, 5 дүрбіні Х.Чойбалсанның есебіне беруді тапсырады.(«Оспан батыр» ..Батн Дорж естелігі..бет)

Сөйтіп Сталиннің тікелей араласуымен Оспан мен Чойбалсан бірнеше мәрте кезігеді. Аталған қаруларды алып қана қоймай Моңғолия  арқылы жөнелтілген Кеңес одағының соғыс ұшақтары Алтайдың Шіңгіл жеріндегі гоминдаңдық қытай армиясын бомбылайды. Әрі Оспанға Кеңес одағында тәрбиеленген көптеген әскери ақылшылар жіберіледі. Осылайша онсыз да қылышынан қан тамған қазақ қосыны бір жыл ішінде бүкіл Алтай аумағын қытайлардан азат етеді.

1944 жылы қыркүйекте қытай үкіметінің қудалауына ұшырағын Әкпар, Сейіт, Науан ағайынды үшеуі түрмеден қашып шығып, Қорғас ауданымен көршілес Кеңес одағының шекарасындағы Нинтарға (Жәркентке) барады. Ол арада олар Патих Мүсілімовпен танысады. Патих Нылқы ауданында тұратын Кеңес азаматы, аудандық жергілікті өнімдер сауда серіктігінің орынбасар меңгерушісі болған. Құпия ұйым құрды деген сылтаумен тұтқындалмақ болғанда Кеңес одағына астыртын қашып кетеді. Кейін Алматыдағы Шынжаң ұлттарын көркейтуге көмектесу әскери тәрбие орнынан тәрбие алады. Патихтың таныстыруымен Әкпар қатарлылар бұрын Шынжаңға қоныстанып Қытай азаматтығын алған, арнаулы қару-жарақ саудасын істейтін Гробинковтен жылқыға қару-жарақ айырбастау саудасын жасайды. Кейін Әкпарлар Патихтармен бірлесіп 14 тамызда Нылқы ауданының Ластай таулы өңіріне келіп Патих басшылық еткен “партизан әтіретін” құрды. 17 тамыз партизандар бақылауға, тінтуге  келген аудандық қарулы сақшы әтіретіне торуылдай соққы беріп, “Нылқы көтерілісінің” тұңғыш оғын атты. Партизандар әтіреті жедел кеңіп, 7 қазанда Нылқы қалашығын тартып алды. («Жұңго Шынжаңның тарихы және қазіргі жағдайы», Шынжаң халық баспасы, 2006ж.Үрімжі 244-245 бет).

Қыркүйекте Ысқақбек іш пен сырттан тәрбие алған қарулы көтерілісшілерді Тасқорған ауданынан бастап Кеңес одағы арқылы Құлжа қаласына әкелді. 7 қазан Құлжа азаттық ұйымы құрылып, Әлихан төре бастатқан астыртын төңкерістік әскери қолбасшылық штабы жедел ұйымдасып, Құлжа көтерілісін қозғауға дайындық құрды. Қазанның ортасында Кеңес одағының мұһажыры Патей Юанович Лескин Құлжамен Үрімжінің қатынас алқымы болған Кеңсайда партизандар қосынын ұйымдастырып, жаудың Құлжаға әскери көмегін үзіп тастаудың жоспарына кірісті. Алтыншы қарашада Аббасов пен Кеңес одағының әскери мансаптысы Петроманович Александров бастаған қарулы қосын Кеңес одағы үлгісіндегі қару-жарақпен сақадай сайланып, Қорғастан (Жәркент арқылы) шекарадан өтіп, Құлжаға келеді.  Іле- шала астыртын төңкерістік әскери істер қолбасшылық штабы негізінде, Александров басшылық еткен штаб құрылып, көтеріліске басшылық етуге жауапты болады. Сол күні Лескин партизандар отрядын бастап, Құлжадан Үрімжіге баратын үлкен қақпаны тартып алды. “Құлжа азаттық ұйымы” аудан қалашығының әр жеріне ұран жапсырып, үгіт қағазын таратты. Онда “халықты езіп отырған үкіметті жоғалтайық”, “төңкеріс жеңісі жасасын”, “мұсылмандар бірлесіп қытайларды Шынжаңнан қуып шығайық”, “Шығыс Түркістан үкіметін құрайық” деген сияқты мазмұндар бар еді. («Жұңго Шынжаңның тарихы және қазіргі жағдайы», Шынжаң халық баспасы, 2006ж.Үрімжі 279-280 беттер).

Әскери істер қолбасшылық штабы көтерілісті 7 қараша, Кеңес одағы “қазан төңкерісінің” жиырма жеті жылдығын еске алу күні бастауды ұйғарды.

7 қараша жоспар бойынша, партизандар қаладағы әскери маңызды орындарға, үкімет тараулары талмау жерлеріне жеке-жеке шабуыл жасады. 12 қарашада әуежай, Гуюаң бұтқанасы сынды екі биіктік гоминдаң армиясы қолында қалғаннан тыс, тұтас аудан қалашығын партизандар басып алды. 16 қарашада Ысқақбек пен Кеңес одағы әскери мансаптылары Александров қатарлылар бір батальон атты әскерді бастап Кеңес одағынан Құлжаға басып кіріп, Айранбақты қоршауға алу шайқасына қатысты. Гоминдаң көмекші армиясы Жаңа артай кезеңінде қоршауда қалды. Жың ауданы шебіндегі гоминдаңның тағы бір көмекке жіберген армиясы Құлжадан он бес километр қашықтықта Панғымұрдың терістігіндегі Былықшы өңіріне барды. Алайда, Кеңес одағынан кірген тағы бір әскери атты әскерлер бөлімі үш жақтан шабуылдағандықтан, жау жақ әскерінің жартысынан астамы жараланып, өліп, амалсыз шегінді. Осы кезде Құлжа төңірегіндегі аудандарды партизандар тартып алды.

1945 жылы 31 қаңтарда әуежайдың маңында қамалып қалған гоминдаң армиясы қоршауды бұзып шығу соғысын жасап түгел жойылып тынды. Құлжа көтерілісі бүкілдей жеңіске жетті.

 

Кеңес одағының үш аймақ қозғалысын қолдауы

“Нылқы көтерілісі”, “Құлжа көтерілісі” жеңіске жеткеннен кейін Іледе Шығыс Түркістан  Республикасы уақыттық үкіметі құрылды. Бұл үкімет Кеңес одағы әскери істер ақылшыларының көмегінде оңтүстік, солтүстік және орта сынды үш шепте соғыс жүргізу жоспарын жасады.

Солтүстік шеп Тарбағатай, Алтай екі аймақты азат етуге жауапты болды. Орта шеп Жың, Ши хуларға шабуыл жасауды нысана етіп, сол арқылы Шынжаңның орталығы Үрімжіге бармақшы болды. Оңтүстік шеппен оңтүстік Шынжаңға бет алып партизандық соғыс жүргізіп, гоминдаңның оңтүстікте тұратын әскери бөлімін тізгіндеу еді. Осыдан кейін Кеңес одағы коммунистік партиясы орталық комитеті саяси бюросы қаулы алып, жіберген қызыл армия командир, сержант, және жауынгерлерімен ұлттық армияны тез арада толықтырып, оңтүстік Шынжаңды шаужайлау, солтүстік Шынжаңды бағындырудың түрлі дайындық қызметін негізінен аяқтатты.

Маусымның ортасында солтүстік шептің күресі алдымен басталды. Шілденің соңында Шәуешек тартып алынып, қыркүйек соңында Алтай толық азат болды. Сөйтіп солтүстік түгелдей жеңіске жетті. Сонымен “уақыттық үкімет” Шынжаңның солтүстік бөлігі мен Кеңес одағына көршілес Іле, Тарбағатай, Алтай үш аймақты тіке тізгіндеді. Кейін “уақыттық үкімет” тізгіндеген өңір дағды бойынша “үш аймақ” деп аталды. Бұл қозғалыстар Шың Сысай мен гоминдаң кертартпа күштеріне қарсы қарулы күреске қосылып “үш аймақ” төңкерісі аталды да, “уақыттық үкімет” “үш аймақ үкіметі” деп өзгерді. Бұл да кеңестіктердің ойыны еді.

Нылқы көтерілісі Кеңес одағының түрлі жақтан қолдауында Шынжаң халқының Шың Сысай мен гоминдаң кертартпа үстемдігіне қарсы күресі ғана делінсе, Құлжа көтерілісі барысында Кеңес одағының ең жоғарғы жігі мен армиясының тіке араласуы тіпті де зор болды деуге болады. Орыс оқымыстылары былай деп есептейді: Кеңес одағы басшылыры көтерілісті ұйымдастру жағында шешуші рөл атқарып қана қоймай, оның үстіне заттық, әскери істер техникасын және бұйрық жақатан да көтерілісшілерге көмек берді. Үш аймақ көтерелісінің жеңісі көп жақтардан Совет одағының белсене, жан-жақтылы көмек беруді қаулы алуынан болды. Көтеріліске дайындық көру кезінде: Кеңес одағы басшылары ішкі істер халықтық комитеті бөлімі тыңшылар мекемесінің бастығы Иергнанов генерал мен оның көмекшісі ішкі істер халықтық комитеті бөлімі бірінші мекемесі төртінші басқарманың бастығы Ранкфог генерал басшылық еткен ерекше арекет группасын құрды. Бұл группаның басшылығы Алматы және Қорғаста құрылды. Мұнан тыс Өзбекстан мен Қырғызстан териториясынан да Шынжаңның оңтүстік бөлегіндегі зор көлемді қызметке басшылық етті. Ең алғашқы Құлжа көтерілісінің тіректі күші үш түрлі болатын. Бірі, Құлжа көтерілісіне бұйрық бойынша қатынасуға келген Нылқы партизандар отряды. Екіншісі, Кеңес одағы командирі Алексендров бастап кірген саралаулы қосын және Кеңес одағы командирі Полинов бастап кірген атты әскер батальоны. Құлжа көтерілісі жеңіске жеткеннен кейін Кеңес одағы 27 қарашада Құлжа да Владимир Козлов бастаған және Владимир Степанович бастаған екі ақылшылар үйірмесін құрды. Иергнанов генерал әрі Кеңес одағынындағы әрекет группасына басшылық етті әрі Шығыс Түркістан  Республикасы үкіметінде тұратын негізгі әскери ақылшылық міндетін атқара бастады. Шекара сыртындағы әрекет группасының көпшілік қызметкерлері азат етілген әкімшілік өңірлерге кіріп қимыл жасады. Жаңадан құрылған Шығыс Түркістан  Республикасы үкіметі бір жағынан Кеңес одағының пәрменді қолдауына ие болса, сонымен бірге шектеуіне де ұшырады. Егер Кеңес одағы сыртқы істер мансаптыларының немесе Шығыс Түркістан Республиакасы үкіметінде тұратын өкілдерінің кеңесі болмаса, мейлі бұл үкіметтің құрамындағылар, әлде Әлихан төре өзі болсын, әскери істер саласында, әлде мемлекет құрлысы мәселесінде болсын, әрқандай маңызды ілгерлеушілікке қол жеткізе алмауы айдан анық еді(«Жұңго Шынжаңның тарихы және қазіргі жағдайы», Шынжаң халық баспасы, 2006ж.Үрімжі 282-283 бет).

        Алғашқы жеңіс бекемделгеннен кейін Кеңес одағы әскери істер жағында үш аймақ төңкерісіне бұрынғыдан ары араласу және жан-жақтылы қолдау қарарын шығарды. 1945 жылы маусымда Кеңес одағы коммунистік партиясы, орталық комитеті саяси бюросы мынадай бір ерекше қаулыны қабылдады: «Шығыс Түркістан  әскери қосынын бекемдеу үшін, Шынжаңға 500 қызыл армия командирі мен 2000 сержант және жауынгерлер жіберіледі. Бұл қызмет жедел орындалсын, сондай-ақ ішкі істер халықтық комитеті бөлімінің бастығы Берия министрлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, сыртқы істер халықтық комитетінің мүшесі Молотовқа қағаз жүзінде мәлімет жасап тұрады. Зеңбірек, оқ-дәрі, тасымал автомобилі және әскери істер хабарласу, қолбасшылық ету жабдықтары, түрлі жұмсалатын заттарды қамтыған қару-жарақтар Шынжаңға тасып әкелінеді. Кейбір шешуші сипат алатын күрестерде Кеңес одағы армиясы көтерілісшілермен тізе қоса соғыс жүргізеді»-делінген. Кейбір құжаттарда “Шығыс Түркістан  Республикасы армиясының жеңіске жетуіне Кеңес одағы әскери бөлімдерінің кепілдік еткені дәлелденді. Үш аймақ төңкерісіндегі әскери істердің ілгерлеу жағдайына қатысты көптеген мәліметтер Иергнаов генерал арқылы емес, қайта ақылшылық міндет арқалаған ішкі істер халықтық комитеті бөлімі әскери бөлімдерінің қолбасшылық органы арқылы Кеңес одағы коммунистік партиясы орталық комитетіне тікелей мәлім етіліп отырды. Мәселен, 1945 жылы 29 шілдедегі ұлт азаттық қосынының Шынжаңның Буыршын ауданын тартып алғандығы туралы соғыс хабарын қолма-қол Степанович қол қойып, Берия арқылы Сталинге жеткізген екен.

(Жалғасы бар)