Тілі бөлектен діні бөлек жаман!

d0bed180d182d0b0d0bbd18bd29b-d0bcd0b5d188d196d182

Ең алғаш адам әрі пайғамбар Хазіреті Адамнан (алейһиссәләм) бастап келе жатқан мүбәрәк діннің мазмұны бүкіл кезеңдерде бірдей. Айырмашылық тек қана адамзат баласының өмірінде болып жатқан дамуға қарай қоғамдық үкімдерде көрінеді. Сондықтан Хазіреті Адамнан ақырзаман пайғамбарына дейін құдайы тәблиғ туындысы болған және аты «дін» деп аталған ұйымда мазмұн қашан болмасын бірдей және сол мазмұнның аты «Ислам».

Ислам – 14 ғасырдан бері бүкіл адамзаттың сенімі мен нанымына, тегі мен нәсіліне қарамай бейбітшілік пен ынтымаққа, сабырлық пен тазалыққа шақырып келе жатқан Алла-Тағаланың бірегей діні. Тарих сахнасына көтерілгеннен бері, өмірдің өзі көрсеткендей, Ислам дінінің ғылым, білім мен өркениеттің сарқылмас кәусар бұлағы екендігін әлем мойындауда. Сондықтан да қазіргі таңдағы ел мен қоғам өміріндегі аса маңызды әрі өзекті мәселелердің бірі – дін төңірегіндегі іс-қимылдар.

Әрине, Ислам дінінің  ақыретте өзімізге көмекші болатын дін екендігін Құраннан білеміз. Сондай-ақ, Ислам дінінің үкімдеріне жүгіне отырып біз екі дүниенің бақытына кенелетініміз де рас. Бірақ, қазіргі кезде Исламның жағдайы қандай? Ислам қаншалықты құлаш жайып, даму үстінде және шынайы, Алла-Тағаладан келген хақ «Ислам» қайсы деген сауалдар баршамызды толғандырып жүр.

Ел егемендік алған тоқсаныншы жылдардың басынан бергі уақытта Қазақстан территориясына түрлі мақсат-мүддені көздеген небір ұйымдар ағыла бастағаны көңілімізге қаяу түсіреді. Олар Ислам дінінің өркендеуіне, өсуіне қойға шапқан қасқырдай кері әсерін тигізіп отыр. Оның ішінде Ислам атын жамылып оған қарсы шығып жатқаны қаншама. Бір жағынан Ислам бағытында болып көрінетін секталардың агрессивті іс-әрекеттері санамызды сергелдеңге түсіріп жатса, екінші жағымыздан АҚШ-тың Исламды әлемдік лаңкестің қолдаушысы етіп көрсетуі халықты Исламнан алыстатуда. Елді алдап, мүләйімсіп ішімізге кіріп алып, елді жегі құрттай жеп жатқан христиан, буддизм бағытындағы секталар емін-еркін өз саясатын жүргізіп, халықты одан сайын адастыруда. Олар діни сенім арқылы санамызды улап, ұлттық тұтастығымызға іріткі салып, іргемізді біртіндеп сөгіп жатыр. Сондай-ақ, бұл салада «білгір боп көрінгісі» келетіндер мен «маманданып алдық» деп көкірегі ісіп-кеуіп, соңына «мүриттер еріткен жалғаншылар» елдің қалыпты жағдайына іріткі түсіріп келеді. Бұлар қарапайым жандардың тіршілігіне оп-оңай араласып, өз үстемдігін жүргізумен қатар қоғамға да өз ықпалын тигізіп, тыңнан түрен салуға ашық кірісе бастады. Көп ретте мұны аңғармай қалатынымыз сонша, олардың айтқанына бас шұлғитын кезіміз жиілеп барады. Олар еліміздегі демократия қағидаларын өз оңтайларына тез бейімдеп алудың қас шебері ретінде де көрініс беруде. Соның салдарынан тәуелсіздікпен бірге келген наным-сенім бостандығы, ой еркіндігі деген сияқты игі құндылықтарды өздерінің теріс пиғылын жүзеге асыруға берілген мүмкіндік деп түсінген кейбір ұйымдар ел тәуелсіздігіне, мемлекет қауіпсіздігіне қауіп төндіруде. Олардың қатарында қоғамдық ұйымдарға берілген мүмкіндіктерді шебер пайдаланып, тиісті орындарда тіркелген ұйымдардың, ел ішінде жасырын әрекет етушілердің де қызметі аса сақ болуымызды қажет етеді.

Елімізде «Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы» арнайы заң бар екені белгілі. Осы заңға сәйкес Қазақстанның әрбір азаматы өзі таңдаған кез келген дінге бет бұра алады. Ал кейінгі кездері аталмыш заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге қатысты Парламентте көтерілген мәселе үлкен резонанс туғызып, бірқатар ұлт зиялылары мен қоғам қайраткерлері депутаттар бастамасына қызу қолдау көрсетуде. Әрине, өзгертуле енгізілер, толықтырылар... Бірақ, мемлекетіміз қашанғы үш тілді, көп дінді бола бермек. Қашанғы өткенімізге жалтақтап «кешегі кеңес кезінде 70 жыл бұғауда болдық» деп жыламсырап сөйлей береміз? Діл, дін, мәдениет пен тіл мәселесі – мемлекетіміздің, халқымыздың тірегі емес пе? Оны қазіргідей тым саясаттандырудың еш қажеті жоқ. Ендеше сырттан келген келімсектерге ерік беруіміз қалай? Егемендігімізді алдық, біз  даму жолына енді іліккен ел емес, шүкір, әлемдегі алдыңғы қатарлы бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіруге ұмтылған қуатты республикамыз. Ендеше, халқының көбі мұсылман болған елде Ислам дінінің өз деңгейінде құлаш жайып, өркендейтін кезі келген жоқ па? Ол кім көрінгенге қолжаулық болар кезден өтті. Ал, біз болсақ, әлі күнге дейін не тілімізді, не дінімізді бір қалыпқа келтіре алмай, қағаздарына «ұйым», «діни бірлестік» деп жазып алған кез келген «сектанттарды» ресми түрде тіркеп жүрміз. Соның салдарынан діни сауаты аз жастарымызды түрлі «діндарлар» мен «молдасымақтар» азғырып, адастыруда. Статистикаға сүйенсек, бір ғана Алматының өзінде қазіргі кезде 40-тан астам конфессия, 500-ге тарта діни бірлестіктер жұмыс істейді. Ал Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш тіпті адам шошырлық. Діни бірлестіктердің өзі ғана  3500-ге жуық болып отыр. Бұлар ресми түрде тіркелгені ғана. Ал, Қазақстанның ешбір құжатында тіркелмеген, елімізге еніп алып, заңсыз түрде жұмыс істеп, кері уағыз айтып жүргені қаншама. (Мәселен, былтырғы жылдың сәуір айында ҰҚК-ның Қарағанды, Жамбыл облысы, Алматы, Талдықорған қалаларындағы құрылымдары он адамның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 337-1 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ал 2008 жылы құқық қорғаушылар да «Хиз-ут-Тахрир» партиясының уағызын тарқатып жүрген топты ұстап, олардан 130-дан астам CD, DVD форматындағы дискілерге жазылған уағыздар, діни әндер, түрлі үнпарақтар тәркіленген). Тапа-тал түсте, көшпей, қонбай Аллаһтың ақ жолынан адасып, түрлі секталарға еніп қана қоймай, адалдығын белден басып, алдау-арбау, қала берді қорқыту арқылы өзгелерді де өз дініне шоқындырып жүргендер, арам пиғылды миссионерлердің дініне кіріп қана қоймай, өзге бауырларды да шоқынуға шақырып жүргендер жүрегімізді налытады. Осы арада ардақты пайғамбарымыз Мұхамедтің (с.ғ.с.) мына бір сөзі еске түседі: «Ақыр заман жеткенде, мұсылмандар 73 топқа бөлінеді. Соның біреуі ғана дұрыс. Ол «әһл ассуннат уа әл-жамағат» тобы, яғни, сүннет және жамағат жолымен жүргендер. Ал қалғандары адасқандар».

Жоғарыда айтылған проблемалармен қоса, қазіргі кезде енді мұсылмандардың арасында мазһаб-мазһабқа бөліну пайда болды. Халықтың діни ағымдағы «намазхандардан» қорыққаны соншалықты, тіпті мешітте қасымызда намаз оқып тұрған адамнан шошитын жағдайға жеттік. Себебі, бір сапта бір Аллаға сәжде етушілердің амалдарды әртүрлі орындайтынын көреміз. Біреуі қолын кіндіктен төмен байласа, енді біреуі кеудесіне қояды. Енді бірі аяғын талтайтып тұрады. «Діни амалдың бәрі бірдей орындалмайтын ба еді? Бұл қалай?» деген сауал көпшілікті мазалайды.

Осы жерден тағы бір проблема туындайды. Қазіргі кездегі мешіт жағдайы мен діни білімі төмен молдалардың елді имандылыққа ұйытып, дінімізді толыққанды насихаттауда әлсіздік көрсетуі де кедергі болуда. Шариғат білемін дегендердің өзі жаттанды сөздерді қайталаудан аспай отырғандығында. Оларда көпшілікті ұйыта білер табиғи талант жоқтың қасы. Мешіт төңірегіндегілердің өзі шариғат сөзін өздерін тыңдайтындарға ғана айтады. Жат діндегілер аса белсенді қимылдап, өз қатарын қандастарымызбен толықтырып, елге іріткі түсіріп жатқанда діндарларымыз жаназа намазын төңіректегенді әлдеқайда пайдалы көріп жүр. Бұдан артық ол туралы сөзді көбейте бергеніміз де дұрыс емес шығар. Әйтпесе, бізден басқа шіркеуін сынап, имамын мінеп, қаралы жиын мәселесінде дау көтергенді кімнен естіппіз? Мұның бәрі неден туындайды, бұдан шығар жол қайсы? Ол – ата-бабаның ақ жолы – ынтымақ. Бірлік, өткенге құметпен қарау, босағаңды босаңсытпай, төріңді өзге діндегі жат «пиғылдыларға» тайраңдатпау. Өз үйіңе, қазаныңа, дастархан мәзіріңе, өз сүйегіңе жанашырлықпен қарау. Өз тірлігіңе сырттан бақылаушы боп қарауды қойып, тәуелсіз еліміздің әр қадамына қолдау жасап, жанашырлықпен қорғау, масылдық пиғылдан арылу.    

 

Манара Мұсабекова ,

                                                                                                                       Жезқазған қаласы