“Пах,пах”... бұл не масқара!.. Ах, ах!..

Пах,пах,пах қандай ғажап иіс,

Шат, шат, шат қиялыма ілес.

Қандай ыстық жүрегімнен сүйіс,

Созылған кірпігімнен кей ұш.

 

Пах,пах,пах жүрегім шалқыды,

Сенің қиялыңнан бұл денем балқыды.

Оятып мауқымды, ұмытып шартымды,

Бұндай ғажап иіс құштар етер әркімді.

 

Паз,пах,пах көркіңе тәнтімін,

Дәмін сезгім келеді тәніңдегі қантының.

Жанарың жарқылын, басылмай алқымың,

Іздеймін өзіңнен көзқарасыңнан күнім.

 

Сезім алау сынды, сүйем нәзік мүсінді,

Жаулап алсам деймін сенің есіңді.

Күлімдейсің бірақ, ішімде мың сұрақ,

Буырқанып қаным, жаным сөніп шырақ

 

Пах,пах,пах бәрі сенің еркіңде,

Жаныма жол тауып өтуге.

Сәнің, тәнің, талғамың өзіңде,

Және мендей жігіттің қарсы емессің ертуіне.

 

Пах,пах,пах қандай асау шіркін,

Маған жағатын бар екен-ау мінез, құлқың.

Саған әдейі арналған әдісімді білсең

Жеңіл әзілімнен туар тамсандырар күлкің.

 

Кеңес үкіметі кезінде «Жалын» баспасында жауапты қызмет атқарғған Қабдеш Жұмаділевке бір беделді ағамыз келіп, кітабын өткізсе керек. Жоқтан бар жасауға ұмтылған әлгі жазушысымақ күн сайын қоңырау шалып қоймаған көрінеді. Сонда тіліп түсер тік мінезді Қабдеш: «Сіздің сөздеріңіз тақтайтан суырған қисық шегедей. Сол қисық шегелерді төске салып түзету де оңай емес» деп келтесінен қайырыпты. Қанша жыл өткенімен Қабдеш ағамыздың айтқанын қазіргі қазақ эстрадасында жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен мәнсіз мәтіндерге қатысты қарастыруға боларлықтай. Сығып алса сөл шықпайтын сүреңсіз сөздерден құралған мәнсіз мәтіндерді журналымыздың осы айдарында сын садағына нысана етіп қойдық. «Қисық шегелер» біздің сынымыздан бірден түзелмесін білсек те, әнсүйер қауымды әсерсіз сөзбен әурелеген әдемі әншілеріміз қойылған талаптан қорытынды шығаруын шынайы ниет еттік.

Сахна төріне SUPERSTAR бағдарламасы арқылы шыққан Төлепберген Айқын мырзаның соңғы шырқаған әндерінің бірі – «Пах, пах, пах». Теледидар төрінен бейнеклипі беріліп үлгерген бұл әннің мәтіні сын көтерерлік деңгейде еместігі екінің біріне аян. Сондай сұрықсыз, басы мен көзі шыққан күлдібадам «сөздерден» құралған мәтінсымақты мәз болып айтып тұрған Айқынды аяп кетесің... Шамасы, ақындық деген ұлы өнерді үйлеспейтін сөздерді ұйқастыру ғана деп білетін ортанқол автордың шығармасы арқылы жас әнші жұртшылыққа жақсы әсер қалдырам десе керек. Қалай десек те, Айқын осы әні арқылы өзінің талғамсыздығын танытып алғандай. Кезкелген әнші өзі орындаған туындысын өз сүйіктісіне арнамай ма? Сонда «Пах,пах,пахты» тыңдай отырып, Айқынның арманындағы арудың кірпіктері ұзынды-қысқалы ма деген ойға қалдық. Себебі, өлеңде қолданылған «кей» сөзінің жеке тұрып та, контекст ішінде келгенде де беретін мағынасы – біреу-ақ. Кірпігінің кей ұшы ғана созылған аруға арналған бұл өлеңнің басқа да кемшіліктері жетіп жатыр. Мысалы, мәтінде  кездесетін «оятып мауқымды» тіркесі тіпті келіспейді. Әдеби норма үлгісінде, ауызекі қолданыста та тек «Мауқын басып» деп айтылатын тіркестің түп төркініне терең үңілместен қосақтай салған тәрізді. Өлеңге арқау болған Айқын сезімі енді былай өрбиді:  «Дәмін сезгім келеді тәніңдегі қантының». Әдемілік символы болған әйел затына айтылар қошаметтің, жүрекжарды тілектің түйіні осы. Айтпаса да белгілі ғой, тәндегі қанттың дәмін қалай татып көруге болатынын, егерде тәнде қант болатын болса. Қызға деген құштарлық осымен ғана шектелмей, келесі шумақтарда да көрініс табады. «Саған әдейі арналған әдісімді білсең» деп өз ойынан хабар бере келе, «және мендей жігіттің қарсы емессің ертуіне» деп түйіндейді. Түсінбегеніміз махаббат тақырыбын арқалаған әннің мәтіні сәттік сезім мен көзсіз көбелектің күйін күйттегені ме? Әйтпесе, ғашық адам сүйіктісін көре сап, тәніндегі қантының дәмін татуға талпынып, кірпігі ұзынды-қысқалы қызды  әдейі арналған әдісін қолдана отырып, әлдеқайда ертіп кетер ме еді?

  «Құлақтан кіріп, бойды алар» құдіретті өнер әдемі әуен мен салмақты сөзден құралатынын, «Ән- өлшеуіш, өлең-күміс» екенін, мысты да мөлшерден тыс қосуға болмайтын  жалғыз Айқын емес, барша әншілерге құлаққағыс еткіміз келеді. «Түйенің танығаны – жапырақ» демей, қолдарыңызға түскен шығарманы сахнаға шығармастан бұрын, талқылап алғандарыңыз абзал. Әйтпесе, келесі нөмірде сын садағына сіздер де ілініп қалуларыңыз мүмкін.

 

«Жұлдыздар құпиясы» журналынан