«...АДАМ – ЖЕРДІҢ МҮЛКІ»

d0b3d0bbd0bed0b1d183d181

Жер жарықтықты Ана дейміз, Алтын бесік дейміз. Солайша  асқақтатып теңеп-теңеп аламыз да, оны бас салып жәбірлейміз. Онда жәбірленгенін жеткізіп берер тіл жоқ, ойы мен қырын ойрандап келе жатқан айуан қимылдыларға ашынып қарсылық жасар мұрша жоқ, көнеді, шыдайды. Жасы жетіп, сырқат меңдеп, сөзден қалып, топ болып жатқан кәріп жандай жаутаңдайды, кемсеңдейді, бірақ көзінен жас шықпайды - жылай-жылай көз жасы таусылған, оның көз жасын ешкім елемеген, көрмеген, ендігі қалған-құтқан жасы көз ұясынан аспайды, артылмайды, сыртқа шығаруға жетпейді.

Осы бір ауыр, суық көрініс мен де куәмін. Өзім туып-өскен Шығыс Қазақстанда, немесе кезкелген басқа облыста болайын: көретінім тек осы көрініс. Орманның ағашы, аң-құсы, өзен-көлдің балығы, жердің жемісі - бәрі де  жыл санап құрып барады. Күні кеше ядролық қару сыналған аймақтарымызды сан-сапалақ апат жайлады. Барлық облыста егістік химикаттармен «өңделіп», жердің өзегіне у құйылды, алапат өнеркәсіп орындары таза суды шақ келтірмей сіміріп, оны жер мен суды, ауаны ластаған, адамды сан ауруға  шалдықтырған қалдық етіп қайта құсты. Бүгін болса: жер саудаға түсіріліп, жалаңдаған  ие табылып, олардың әрқайсысы ойына келгенді істей бастады. Ормандарымызды «оқыс» өрт шалуы жиілеп кетті, ал ол «оқыстың» қалтарысында күйген ағаштың атымен сау ағашты отап алу сияқты пайдакүнемдік қастандық тұрады. Аң-құстарға кәдімгі қырғын тиіп жатыр. Көлдеріміздегі балық атаулының тірідей ішін жарып, уылдырығын қотарып алып, өзін лақтыра салатын  жауыздық та тиылар емес.

Сатылған да, сатылатын да жер дауы шығып, соттасу, қырқысу  өршуге кірісті.

Осы сорақылықтарды көрген сайын есіме Америка Құрама    Штаттарының доллар құлдарынан қуғын-сүргін көрген, атамекенінен айырылған үндістердің ертеректегі ақылшы ағасы Сиэтл Дювамиштің 1855-жылы елдің президенті Франклин Пиерске жазған хаты түседі. Ол хатты 1990-жылы АҚШ-та болып қайтқан Мұрат Мұхтарұлы Әуезов әкеліп беріп еді. «Қазақшаға аударып, гәзеттерге шығарсаңыз қайтеді?» деген. Республикалық гәзеттердің екеуіне апарып берсем де, «әне-мінемен» хабарсыз кете барды. Сірә, олар біздің өкімет пен үкімет басындағылардың жерді жекеменшікке, ерте ме, кеш пе, бәрібір сатудың жоспарын сол тұста- ақ  жасап жатқанынан хабардар болған шығар. Енді ол хатты, сол жолғы асығыс аудармасындағы селкеулерін түзетіп, сіздерге ұсынуды жөн көрдім. «Керек тастың ауырлығы жоқ».

Хат  мәтіні  былайша:

«Вашингтондағы Үлкен кісі біздің Жерімізді сатып алу туралы айтыпты. Ал онысы біздің көкейімізге қонбайды. Аспан аясын, Жер жылуын сату, сатып алу мүмкін бе екен?!

Желдің жібек лебі, өзен-көлдің ажар-реңі біздің меншікті       мүлкіміз емес, оны бізден сатып алу деген не сөз?

Бұл Жердің әрбір төмпешігі біздің халық үшін аса киелі.

Орман-тоғайымыздың әрбір жапырағы,

өзен-көл жағасының әрбір құм-қиыршығы,

әрбір таңымыздың арай-нұры,

шалғынымыздың әрбір шыбын-шіркейі - менің халқымның        тыныс-тіршілік киесі.

Әрбір ағашымыздың бойындағы шырын-сөл - қызылтәнді адам атаулыға  қасиетті  нәр.

Ақтәнділер мұны - біздің жанымызды ұға алмақ емес.

Ақтәнділердің қалаларында жаныңа тыным-тыныштық жоқ.   Олардан жапырақтың сыбдырын, жәндіктердің тірлік дыбысын елтіп тыңдай алар  орын таба алмайсың.

Тылсым тымық түнде жапалақтың ащы үнін, шалшықтағы      бақалардың бәсекелі бақылын тыңдай алмаған тіршілікте не татым бар?!

Үндіске су бетін сызғылаған жел шуылын есту керек, желдің   жаңбырдан кейін Жер-Көктің жас иісін аңқытқан әсем лебін сезіну керек.

Бізге Жеріміздің ауасы аса қастерлі. Жеріміздегі адамзат, жан-   жануар, өсімдік - баршамыз сол ауамен тыныстаймыз.

Ақтәнділер ауаның қадірін білмейді, ұзақ ауырып, өлім халіне   жетіп жатқан кісілерше ешбір иісті сезбейді.

Ауамыз Жерімізге қуат береді, желіміз балаларымыздың жанын жадыратады.

Өзендеріміз - біздің желеп-жебеушілеріміз: шөлімізді қандырады, қайығымызды тербейді, балаларымызды тойындырады.

Ақтәнділер, біздің өзендеріміз біздің де, сендердің де желеп-      жебеушілерің екенін балаларыңа ұғындыуға тырысыңдар.

Ақтәнділер бұл жарық дүниедегі тіршілік иесінің бәрін де қандас туысым деп білуге міндетті.  Тіршіліктің  иелерінсіз  тірлік бар ма?

Жан-жағымыздағы барша тіршілік - бәріміздің тірлігіміз. Бұл    дүниедегінің бәрі  бірі мен бірі байланысты. Туысқандар  тәрізді.

Біздің Жерде болып жататын жәйттің бәрі бұл Жерде туып-өскен ұл-қызға  түп-түгел қатысты.

Адам - өмірдің өрнегін тоқушы емес, ол - сол өрнектің бір тал     жібі ғана. Өрнектің сәнін бұзғаны - өмірінің сәнін бұзғаны.

Біз: Жер - адамның мүлкі емес, адам - Жердің мүлкі деп білеміз.

Біз: дүние біртұтас, бір атаның баласындай қаны бір, жаны бір деп білеміз.

Жеріміздегі қызылтәнді ақырғы адам көз жұмып, аруағы аспан әлеміндегі ақша бұлтқа айналып кетсе де, халқымыздың өлмес, өшпес рухы орман-тоғайымызда, өзен-көлімізде мәңгі-бақи өмір сүреді. Себебі: бұл Жер - менің халқыма, яғни бөбегіне жүрегі елжірей еміренетін  Ана!

Сен бұл Жерді түптің түбінде сатып алар болсаң, оны бізше сүйе біл.

Оны бізше аялай біл.

Оны есіңнен бір сәт шығара көрме.

Оны балаларыңның бесігі деп біліп, бүкіл жан-жүрегіңмен аяла, қорға, сақта, құдайдың бізді сүйгеніндей мейіріммен сүй!»

Сиэтл Дювамиштің бұл хаты - Атамекенін Ата-Анасындай сүйген Адамның, Перзенттің жүрек қанымен жазылған  Жыр-нала, Жыр-өсиет!

 

 

Ғаббас  ҚАБЫШҰЛЫ