ЕЛІСХАН БАТЫР ЖӨНІНДЕГІ «ҚАРАЛЫ КӨШ» РОМАНЫ

Қазіргі күнде шетелдерде қазақ тобының қаншасының әдеби қазақша мәтін, роман және басқа да көркемдік жазба туындылардың қазақшасын дәл түсініп, түсінбейтінін бәлендей деп 100 пайыз сенімділікпен кесіп айту қиын.

Әй, қайдам, күмәнім жоқ десем өтірік болар. Десе де шетелдіктер арасында осындай дүниелердің соңына түскен бір пенде ретінде жазушының (Жәди Шәкен мырза) өзі интернет арқылы жіберген Елісхан батыр кітабын түнделетіп жүріп үш күнде оқып бітірдім. Мен білсем, жаңа шыққан бұл кітап Түркиядағы қазақтың ішінде алғаш рет маған және Әбдіуақап Қараға жеткізілді. Дегенмен Елісхан батыр жөніндегі бұл шығарманың ішінде дүние нақышталып айтылған жәй әңгіме емес-ау, қып-қызыл шындық. Тарихта қалған сүйекке сіңген қайғы мен кек адамгершілігіміздің бірінші парызы ретінде ғана емес, соншама ауыр арпалыс, талпыныс, қайғы, мұң-шер, қажыр-қайрат көрсетіп, біздерді осы кең дүниеге жеткізген әкелердің аруағына тағзым ретінде оқылыуға тиіс. Тек оқып қана қоймай, осы шығармада есімдері аталып өткен ер-әйел, бүкіл қазақтың ата-аналары бастан кешкен қанды оқиғаларды жас ұрпаққа түсіндіру қажет.

Жәди Шәкен Шығыс Түркістаннан барып Қазақстанға орналасқан қазақтың зиялылары арасындағы жас ұрпақтың енді-енді аға буынға айналып, елім-жерім үшін қажыр-қайратымды қолданайын деп құлшынған талапты қайраткерлерінің бірі. Ж. Шәкенұлының бұдан бұрынғы бір қызметі осы біздің Шығыс Түркістан қазағының алтын мекені Алтайды, орта жүздің керейіне қоныс еткен әйгілі Жәнібек батыр қорын ашып, ұлы аруақ жөнінде тарихта және ел аузында қалған жәдігерлерді жинақтап, «Ер Жәнібек» кітабы етіп қазіргі қазақ оқырмандары назарына ұсынғаны еді.

Елісхан батыр жөніндегі шығармасын даярлау барысында осыдан үш жыл бұрын Түркияға сапар шеккеніне де Әбдіуақап Қара екеуіміз куәміз. Елісхан батыр жетегінде шұбырған көштің бастапқы кезеңі осыдан 80 жыл бұрынғы заманға барып тіреледі. Ол кезде біз құралыптас оқырман түгілі, біздердің әке-шешелеріміздің де белі бесіктен шықпаған, тіпті, көбінің дүниеге келмеген кезі. Дей тұрғанмен, Елісхан батыр кітабы менің балалық кезімде аталар мен апалар (әжелер) ағалар мен жеңгелер қатарындағы қазақтың көпшілігін есіме түсірді. Уа, шіркін жалған... Бәрін де жұтқан қара жер... Қайран ел... Қайран қазақ...деген ойларымды есіме келтірді. Көзден жасты тамшылатып отырып оқитын бір шығарма екен бұл кітап.

Елісхан батыр шығармасында ...Базарқұлдан Зайып тәйжі, Құсыман тәйжі, Жәдіктен Аңғалбай-Сауытбай ақсақалдар, Тасбикеден Сәдей қажы мен інісі Қаражігіт қажылар, уақтан Әйембет батыр, барқы Зардыхан Урал ағамыздың әкесі Қойшы батырдан бастап Сейілхан, Солтан, Арабхан, Беги, Қобдабай, Ауғанбай(Ысқақ Иүкселдің бабасы), Атшыбай, Қамза, Қапан, Ыдырыш, Адубай, Айылбай, Рахимолла, Ракаділ, Ескендір, Мынан, Әмірсана сияқты көптеген кісілердің есімі аталған. Ерлердің ерлігі, қайсарлығы, шыдамдылығы қазақ әйелдерінің ана ретінде, әйел ретінде, жар ретінде көзінің жасын бұлап жүріп көрген қиыншылықтары бәрі-бәрі жазылған. Пәкістан арқылы шетке шыққан қазақтың он неше жылға созылған ұзақ та азапты көшін, шоқып-шоқып, бөлшектеп жазған шығармалармен салыстырғанда, келешек ұрпаққа түсіндіретін деректі бірегейі осы кітап болған.

Өз басым тарихшы ретінде көп нәрсеге қайтадан қанық болғаныма қуандым. «Ештен кеш жақсы» дегендейін енді бүгінгі ұрпақ аталарымыз толарсақтан қан кешіп отырып қалдырып кеткен тарих деп оқитын бір кітап дүниеге келген екен. Болашағымыздың игілігіне жараса игі еді-ау.

 

Мариям Хакім Қалибек немересі,

саясаттану ғылымының докторы

Түркия, Анкара қаласы