Күн көзінен сәуле болып түспекпін

0
950

ТӘРІК ЕТІП ТАМҰҚ ТҮНДІ…

 

Бақ тайған кірпігінен,

Мың өліп, мың тірілген.

Жабырқау жүрек едім,

Емделген жыр тілімен.

 

Тәлейі сырғанаған,

Жас едім құрғамаған.

Ескі үміт жапырағы ем,

Ессіз жел жұлмалаған.

 

Ұмсынған ұлар-арман,

У сыйлап тына ма алдан.

Ұшбу дос таба алмадым,

Маңымда мың адамнан.

 

Тағдырдың мазағы да,

Мұң қосқан азабыма.

Шер ғана шайырлардың,

Шағынам ғазалына.

 

Үйірген құйын ғалам,

Не керек сыйың маған.

Қайтейін қарақат түн,

Мойыл ніл бұйырмаған.

 

Жаралы жүрек едім,

Жетті емге бір әуенің.

Тәрік етіп тамұқ түнді,

Таң болып түрегелдім.

 

 

МҰЗТАУДЫҢ ДЕМІ   САЛҚЫН-ДЫ

 

Қуалап өтті жарқылды,

Қанша үміт арна сарқылды.

Манаурап маңғаз қарайтын,

Мұзтаудың демі салқын-ды.

 

Қойнында жортпас киігі,

Қыран құс аспас биігін.

Алып бір аппақ киеңе,

Сиынып қайттым сиынып.

 

Қасиет боп жұртқа былайғы,

Қатып бір қалған сыңайлы.

Жеменей жылы болғанмен,

Мұзтаудың суық райы.

 

Сәулесін сыйлап сыртында ай,

Сырғиды жақын күн тұрмай.

Жер-өреге Тәңірдің,

Жайылмай қалған құртындай.

 

Теңізден қалған лағылдай,

Алқадай тұрған тағылмай.

Таңдайын қақты бар әлем,

Бұйырмай тұрған бағындай.

 

Айбыны бөлек алыптың,

Әлемнен жерден парықты,

Тау біткеннің тек тастан,

Жаралмайтынын таныттың.

 

Жақпардан шықпас жаңғырық,

Көрмеген мүлде шаң қуып.

Тазалық деген шындықты,

Дәлелдеп тұрсың мәңгілік.

 

Қарыққан көздер жаурайды,

Бу менен мұнар баурайың.

Кертіп бір кесек алуға,

Ешкімнің дәті бармайды.

 

Қуалап өтті жарқылды,

Қанша үміт арна сарқылды.

Мызғымас біліп нарқыңды,

Таулардан тауып парқыңды,

Мұзтауым, маңдай тауым деп,

Жүректен жырым сарқылды.

Сүйемін сұлу халқыңды,

Сүйемін мұзтау қартымды.

Жер беті жылы болғанмен,

Мұзтаудың демі салқан-ды.

 

 

ҚҰС ТЕКТІМ

 

Жылулықты сезінетін құс тектім,

Саған шексіз аспан керек тағы нұр.

Күн көзінен сәуле болып түспекпін,

Гүл дәуреннің бағы бұл.

 

Сенің сұлу сезіміңмен үндесіп,

Ұлы тауда ұлпа тағдыр жүр көшіп.

Ана қыранды аңсап кетіп барасың,

Мама бұлтқа мінгесіп.

Саған тылсым құзар керек қия-шың,

Күннің көзін ұялтатын нұрсың сен.

Желкен керек жайылуға құлашың,

Жауын керек, күрсінсең.

 

Гүлдің күнге ынтызары қандай-ды,

Ал қара жер, мәңгі шөлі қанбайды.

Аспан сендік, сен аспандық көлемсің,

Кие босқа қонбайды.

 

Мәңгілікке құс ғұмырын күзеткен,

Ұшу тегің болмас әсте ізет кем.

Өмір сыйлау керек сенің жолыңа,

Табанынан сыз өткен.

 

 

АРМАНСЫҢ…

 

Армансың,

Туған тауыңды аңсап кетіп қалғансың.

Жер жылуы серпін беріп сезімге,

Қызыл шыңда алаулы

өрт боп жанғансың.

Тілексің,

Майлы, Жәйір лүпілдеткен жүрексің,

Мысыр шәрі ұжымағын тәрік етіп,

Еліңе ұшқан түлексің.

Серісің,

Муза буған ертегінің ерісің,

Сұлу дүние үйіріп соққан ебісін.

Ығыңда өлең-жырдың перісі,

Жусан иісі бұрқыраған келісі,

Биылғы жыл жеңісің.

Ерке едің,

Бұл шаттықпен өлшенбейді ертеңің.

Адамдықтың бөлшелі –

«Ақыным» деп ардақтайды ел сені,

Қаламыңның ұшында жүр таңдырың,

Бар ғұмырың еңселі.

Жырсың сен,

Тарлан тауың таратады күрсінсең,

Ай да аяңын тоқтатады іркілсең.

Арқа-жонға тарихты таспалап,

Тарғыр тасқа айналсам деп жүрсің сен,

     Туған тауыңды аңсап…

Гүлнар Қуанбекова

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз