Депутаттар мектепке секс-сабақтарды енгізуді ұсынды

  • ©fishki.netҰлыбритания парламентінің депутаттары бастауыш мектептің бағдарламасына сексуалдық тәрбие беру сабақтарын енгізу қажет деп санайды. Олардың ойынша, балалар тек еркек пен әйел арасындағы жыныстық қатынас туралы ғана емес, бір жыныстылар арасындағы секс жайында да білуі тиіс. "Соның арқасында педофилдік әрекеттер сияқты қылмыстардан сақтануға болады", - дейді олар.
Sky News телеарнасының хабарлауынша, бүгінде халық қалаулылары жастардың сексуалдық сауаттылығын көтеру саласындағы мемлекеттің жұмысына қанағаттанбай отыр. Олардың айтуынша, бастауыш және жоғары сыныптардың оқушылары ондай ақпаратты білуге құқылы. Бірақ олардың секс-сабақтарға бару-бармауын ата-аналар шешуі тиіс. Депутат Грэм Стюарттың сөзіне қарағанда, секс туралы ақпараттың арқасында жастар өз денсаулығын сақтап қана қоймай, қауіпсіздік шараларын да сақтай алады. Мәселен, бастауыш сынып оқушылары сол сабақтар арқылы жыныстық қатынастың қай түрі дұрыс екенін біледі. Сөйтіп, кәмелет жасқа толмағандарға қатысты сексуалдық эксплуатацияның алдын алуға болады. Қазір британ мектептерінде сексуалдық қатынас мәселесі тек жаратылыстану ғылымдары аясында ғана көтеріледі. Оның өзі "жыныстық қатынас арқылы берілетін аурулар" тақырыбы кезінде 14-16 жастағы оқушыларға оқытылады. Ұлыбританияның білім министрлігі аталған пәнді енгізуге қарсы емес. Алайда оған дейін аталған сабақты оқытудың сапасын көтеріп алған жөн.

Автор: Арман АСҚАР alashainasy.kz