Сырласам айлы кеште ауылыммен

БІР ХАБАР КҮТТІМ ӨЗІҢНЕН

 

Бір телефон күткелі қашан сенен,

Жаныңнан дана деген дара деген.

Бейкүна мазаны алған мақпал сырлар,

Масаты ойдан төгілген қара өлең.

 

Наз көңіл сетер оймен егіз өрім,

Ақ жүрегім арманның кені керім.

Ақ үміт асыл оймен желігемін,

Терең сыр тұнығыңа телінемін.

 

Кездерді кекілді шақ ұмытам ба,

Қанша айтса түгемейтін сыры таңға.

Қосамын әуенімді ауыл кеші,

Ақ өзен, айдын көлді сұлу сазға.

 

Ол өзі қандай қымбат сәттер еді,

Жаныңа сая болған ақ терегі.

Еске алсаң базары мол есіл сәтті,

Жастыққа жаным қайта тап береді.

 

Махаббат сыр көліне таранамын,

Бал бүршік бұлақ бойын жағаладым.

Бір бейне алыстағы арман болып,

Шомылар тосын нұрға бар алабым.

Кеудеме аласармас сыр қаладым.

Ақ сырға жаны құштар санаменен,

Бір телефон күткелі қашан сенен.

Тропкадан қыранның үнін естіп,

Сырласам даламенен.

 

Сырласам айлы кеште ауылыммен,

Ойы орман, өзені өркеш, тауы бүрген.

Туған дала тұнық көл қырқалы өңір,

От береді ойыма дауылменен.

Нәр силайды жаныма жауынменен,

Бір телефон күткелі қашан сенен.

 

 

ӘР ДАЙЫМ БАҚЫТ ҚОЛЫҢДА

 

Бақыт деген немене деп сұрай кетті бір досым,

Мазамды алды жаным-ау, шын бақытты білмесің.

Қалай жауап беруді мен өмірден сұрадым,

Туа сала кидірген бақыт мақпал күрмесін.

 

Бақыт деген жаным-ау, жарық күнің емес пе,

Бақыт деген жауыңды жеңе алғаның егесте.

Бақыт деген ананың құшағында мейірлі,

Балалармен бақытты теңескенің емес пе?

 

Бақыт деген әкенің тілегінен шыққаның,

Бақыт деген өмірдің азаптарын ұққаның.

Бала кезгі құрбыңмен бір реткі күресте,

Алып ұрып жыққаның.

 

Бақыт деген көмір кен көппен бірге қазғаның,

Гүріс-гүріс ұрып темірге тас опырар балғаның.

Терден алтын шайқаған табысынан игілік,

Бақыт деген қайғысыз атқан әрбір таңдарың.

 

Жақсы көрген жандармен тосын бақыт кездесу,

Бақыт араз адаммен жыл айланбай елдесу.

Саған сұқты қараған мұздай суық жүрекпен,

Сұр жыландай күйге еніп бақыт нағыз кездесу.

 

Топ ортада әуезді ән шырқауда бір бақыт,

Көңілдерді жабырқау тастау ғой ол жырғатып.

Сыр бөлісер адаммен сырласар кез келгенде,

Кетсе кейде күн батып ол да рас бір бақыт.

 

Толастамас жырыңды топты ортада оқысың,

Жайлауыңа мақпал түс қосса әсем тоты сән.

Сол ортада құрбыңмен бірге барып бастауға,

Қандай бақыт сырласып көк жасаңда  отырсаң.

 

Нұрға оранған қалаға арғымақты байласаң,

Ақ ойыңмен ғасырды ғасырларға жалғасаң.

Білім кенін тереңнен қазып кітап-мұхиттан,

Білгеніңді ұрпаққа бақыт қой шын арнасаң.

 

Ертеңі деп елімнің ой толғасаң ылғида,

Көз қадасаң құзарға мойын бұрмай құлдиға.

Әр күніңнің тізгінін қоға түзу ұстасаң,

Бақытсыз күн жылжима, бақытсыз ай сырғима,

Бақыт қолыңда ылғида.

Құрлысхан ТӘЛИЯНҚЫЗЫ