Дауыс беруге асыққан депутаттар Назарбаевтың сайлауға қатысуын өтінді
2015 ж. 19 ақпан
3552
11
Мәжіліс Назарбаевтан кезектен тыс президент сайлауын өткізу мерзімін белгілеуді сұрады деп хабарлайды КТК арнасы.
"Саяси науқанды биылдан қалмай өткізу керек" деген төменгі палата депутаттары Ассамблеяның ұсынысын бірауыздан қолдап отыр. Халық қалаулылары тіпті елбасының нақты шешімін күтпей-ақ, сайлаудың өтетін күнін әлден болжап қойыпты.
Жоспар бойынша депутаттар алты құжатты қарауы тиіс еді. Олар: бюджет, сауда-экономика, халықаралық байланыс, әуе тасымалы сынды салаларға қатысты заң жобалары. Бірақ, аяқ асты күн тәртібіне қарсы шыққан депутат Жұматай Әлиев әріптестеріне маңызды мәселені ұмытып бара жатқандарын еске салды.
"Қазақстан Халқы Ассамблеясының мерзімінен бұрын сайлау өткізу жөніндегі ұсынысын дауысқа салайық. Дауыс берейік, әріптестер", - деді мәжіліс депутаты Жұматай Әлиев.
Әлиевтың ұсынысын ешкім талқылаған да жоқ. Бірауыздан қолдап, қабылдады. Сайлауды биылдан қалмай өткізу қажет деп шешкен 103 депутат Ассамблеяның ұсынысын қолдауды сұрап, елбасыға үндеу жариялады.
"Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Ассамблея кеңесінің Конституцияның 41-бабының 3-1-тармағына сәйкес келетін ұсынысын , яғни кезектен тыс президент сайлауын өткізуді қарастыруыңызды сұраймыз", - деді мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов.
Парламент депутаттары бұл сайлаудың мемлекетіміздің нығаю жолындағы маңызды стратегиялық кезең болатынына сенімді. Халық қалаулыларының айтуынша, жұрт жарыса хат жолдап, президент сайлауын өткізуді сұрап жатыр екен. Сондықтан депутаттар елбасының нақты шешімін күтпей-ақ саяси науқанның ай мен күнін, тіпті кімнің жеңіске жететініне дейін болжап қойыпты.
"Менің ойымша ол 19-шы сәуір, не 25 сәуір болуы керек. Елбасының сайлауға түсуін халық сұрап отыр. Бұл біздің тұрақтылығымыз бен елдігімізге тікелей байланысты. Сондықтан да халық оны қолдайды. Сондықтан да мен ойлаймын, елбасы міндетті түрде түсу керек және ол сайлауда жеңеді", - дейді мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.
Ассамблеяның кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы ұсынысын сенат та талқыламақ. Жоғары палата мәжіліс сынды аяқ асты қозғамай, бұл мәселені күні бұрын жоспарларына енгізіп қойған. Ал соңғы жауап президенттің еншісінде.