Елімізде ұстаздар мен дәрігерлердің жалақысы өспейтін болды
2015 ж. 19 ақпан
4389
13
Уәде айтылған жерден әріге аса алған жоқ. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы биыл өспейтін болды деп хабарлайды КТК арнасы.
Қазына шығынын қайта қарап шыққан үкімет бюджетке осындай өзгеріс енгізіпті. Заң жобасын мәжіліс талқылады. Жыл басында үкімет министрлік, әкімдік қызметкерлері мен ұстаздар, дәрігерлердің жалақысы биыл 1-ші шілдеде 30 пайыз өседі деген.
Бірақ бюджеттің 610 миллиард теңгесін үнемдеу мақсатында жалақы мәселесі келесі жылға қалыпты. Сонымен қатар, биыл жаңадан салынатын кейбір нысандардың құрылысы да кейінге шегеріледі.
Керісінше, ауылшаруашылығы, агробизнес, шалғайдағы елді-мекендерде баспана салуға қосымша ақша қаралмақ. Ол үшін облыстық бюджеттерге 30 миллиард теңге бөлінеді. Әлеуметтік төлемдер жәрдемақы, шәкіртақы да еш өзгеріс болмайды.
Ал қалған пайдасы мен тиімділігі күмәнді шығынның бәрі қысқармақшы. Тіпті биыл парламентте де депутаттардың жүріп-тұруына жұмсалатын 2 миллиард теңге қысқартылады.
"Депутаттардың ұсынысы бойынша, іссапарлар, сараптамалық зерттеу жүргізу мен бірқатар әкімшілік шығындар қысқартылды. Электронды байланысқа кететін ақша да үнемделеді", - деді мәжіліс депутаты Гүлжан Қарақұсова.