“Жебе” тобы: Өнер жолына еріккеннен, болмаса ақшаны ауаға шашу үшін келген жоқпыз

img_2682

– Сұхбатымызды шығармашы­лық­тарыңыздағы жаңалықтардан бастасақ деп едім...

– Шын өнер адамы ізденбей, жаңалыққа ұмтылмай жүре алмайды. Осыдан екі-үш ай бұрын бірнеше арнадан ең алғашқы бейнебаянымызды бердік. Аллаға шүкір, халықтың көңілінен шықты деп ойлаймыз. Хабарласып, қадамымызға ақ баталарын беріп жатқан аға-апаларымыз аз емес. Шығармашылық өмірде тоқырау немесе сарқылу орын алған жоқ. Керісінше, репертуарымызға жаңа әндер көптеп қосылып жатыр. Жақында ғана Мырзахан Ахметовтың әні мен сөзіне жазылған  «Ажарым-ай» атты әнді жазып шықтық. Нәзік туынды болғандықтан күш салмай, тек жүрекпен айтқанды жөн көрдік. Бірінші Алланың, екінші Дінмұханбет Серікұлы ағаның арқасында екінші бейнеклипіміз де дайын болды. Мұның бәрі – шығармашылығымыздың өрге басуы деп білеміз.  

– Екінші клипіміз дайын болды дедіңіздер. Құпия болмаса қандай әндеріңізге түсірілім болды?

– «Солмайтын гүлім» деген әнімізге түсірдік. Мақсаты немесе айтар ойы терең деп айтуға келмейді. Трэкті, өте көңілді бейнеклип. 

– Көптеген әншілер жанды дауыспен ән айтудан қашқақтайды. Сендердің болашақта тек жанды дауыспен ән айтуларың мүмкін бе?

– Әрине, мүмкіндік болып жатса тек жанды дауыста айтқанды жөн көреміз. Бүгінгі күні арайлап атқан таңмен жарыса, күннің батқанына дейін дайындық үстіндеміз. Бірақ телеарнадағы режиссерлер көбінесе фонограммамен айтқанымызды қалайды. Оның үстіне, біздегі сахналар да жанды дауыспен айтуға жағдай жасалмаған.

– Қандай шығармашылық тұлғалармен байланыстасыңдар?

– Аллаға шүкір, талантты ағаларымыз жеткілікті. Бізге деп арнаған өлеңдері көңілімізден шығып жатады. Талант Арынғали, Ибрагим Иса, Құралай Омар, Қуаныш Қолқаев, Мырзахан Ахметов секілді ақын ағаларымызбен бірге жұмыс атқарып келеміз.   

– Осы күнге дейін біраз сұхбат беріп үлгерген боларсыздар. Кезекті журналистпен кездескенде қандай сұрақтан қауіптеніп, қандай сұрақты қаламай отырасыңдар?

– Өте орынды сұрақ. Біз өнер жолына еріккеннен болмаса ақшаны ауаға шашу үшін келген жоқпыз. Бала арманымыздың жетегі бүгінгі күннің жетістігіне жеткізді. Бұл күнге жеткендер де бар, жете алмай жүргендер де баршылық. Өзіміз де осы бәйгеге атымыздың басын жіберген соң, барынша қазақилығымызды, тілімізді, дінімізді ластамауға тырысып, керісінше жас ұрпаққа тәрбиелік мәні бар дүние жасауға ұмтыламыз. Күні-түні еңбектеніп, барынша қызығушылықпен жұмысы­мызды жалғастырып жатқанда «квартеттер көбейіп кетті?», «Ерекшеліктеріңіз қандай?», «Қандай стильді қалып­тастырасыздар?», «Әншілер көбейіп кетті» деген сұрақтар шыны керек, мезі етті. Бұл сұрақтар арманымызға саусақ­тары­мыздың ұшын тигіздік- ау деп жүргенде, біреу қағып төмен қарай итеріп жібергендей болып көрінеді. «Көш жүре түзеледі» деген керемет бір сөз бар. Көштің артынан еріп, алдындағы аға-апаларымыздың ақыл- кеңестерін тыңдап, Алланың берген талантын өшіріп алмауға тырысып келеміз. Уақыт -  емші. Ғұмырымыздың қаншалықты екенін бір Алла біледі. Ақшаның күшімен жүргендер көштен қалып, дарынды жастар қосылып, уақыт өте келе кімнің кім екені анықтала бастайды.

– Жалпы өнердің сіздер үшін құдіреттілігі неде?

– Өнерге көзқарасымыз ерекше. Өнер біз үшін хобби ретінде немесе ермек үшін емес. Өнерді шынайы жүрегімізбен, кіршіксіз көңілімізбен, құдыретті сезіммен сүйеміз. Өнерге өгейсініп, жәй ғана хобби ретінде келген болсақ, мүмкін осылайша сұхбат құрып отырмас та едік

– «Көргім келіп тұрады,

Жанарымды жұмсам да» деп әндеткелі халықтың қошеметіне бөленіп жүрсіздер. Шумақтары сырлы сезімге толы әндерді таңдайтын кезде кімнің пікірі маңызды?

– Продюсеріміз Дінмұханбет ағаның және музыкалық продюсеріміз Арман Бексұлтан­ның пікірлері біз үшін өте маңызды. Осындай талантты ағаларымыз бар кезде ән таңдау жағы қиынға соқпайды. Ақын, композитор ағаларымыз өз туындыларын ұсынып жатады. Ән ұнап жатса, міндетті түрде ақылдасып бір шешімге келеміз.  

– «Жебе» тобы болып құрылғаннан бері өмірлеріңізде қандай өзгерістер орын алды? Өнер сіздерге не берді?

– Біріншіден, өнер жолын дұрыс таңдағанымызға өкінбейміз. Сахнада көрсеткен өнерің жұртқа ұнап, қошеметтеп жатса, шабытың тасып, жігерлене түседі екенсің. Өнер бізге шабыт және халықтың қошеметін сыйлады. «Жебе» болып құрылғаннан бастап тоқтамастан жұмыс істеп келеміз. 

– Репертуарларыңдағы әндер­дің жүректеріңе ерекше жақыны бар ма?

– Кезінде бір ананың «ішіңнен шыққан бала болған соң, әрине, жақсы көріп, әрдайым алаңдап отырасың» деген сөзі есіме түсіп отыр. Репертуарымыздағы әрбір әніміз біз үшін қымбат дүние. Әрқайсысын жаздырар алдында біраз тер төгіп, жан-жақты қарастырып, барынша жүрегімізбен орындауға тырысамыз. Жүрегімізден шыққан туынды болғандықтан, әрбір әніміз жүрегімізге жақын.

– Сіздерді университеттердің қабырғасынан жиі байқаймыз. Оған не себеп болды екен?

– Ия, дұрыс айтасыз. Көптеген мерекелік іс шараларды студенттермен бірге өткізгеніміз рас. Қазақ Ұлттық университетін ерекше атап айта аламыз. Себебі қазақ  ұлтына, жеріне тән әрбір мерекені бей-жай қалдырмай, жоғарғы дәрежеде өткізіп жатады. Мерекелік кештерінен бізді қалдырмайды. Онысына біз тек ризамыз. Ректорынан бастап, ең аяғы студенттерге дейін осы өнер адамдарының жұмыстарын бағалап, әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Жалпы студенттердің өнерге деген талпыныстары жаман емес. Тырнақтай  еңбектерімізге биік баға беріп, болашаққа деген сенімімізді нығайтып жатса, біз тек шабыттана түсеміз.

 

Арайлым   САДЫКОВА