Кезектен тыс сайлау: әдет пе әлде саяси қажеттілік пе?

Саясаткерлер мен сарапшылардың бәрі «кезектен тыс президент сайлауы сенсацияға айналмайды» дейді. Бұл Нұрсұлтан Назарбаев үшін соңғы сайлау болады деген де пікірлер айтылды.

Кезектен тыс парламент және жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауында дауыс беріп жатқан сайлаушы. Алматыдағы №263 сайлау учаскесі, 15 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Кезектен тыс парламент және жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауында дауыс беріп жатқан сайлаушы. Алматыдағы №263 сайлау учаскесі, 15 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан халқы ассамблеясының мерзімінен бұрын мемлекет басшысы сайлауын өткізу туралы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған ұсынысы басты саяси жаңалыққа айналды.

Бұл идеяны биліктегі «Нұр Отан» президенттік партиясы толық әрі бірауыздан қолдап үлгерді. Партия азаматтар мен елдің саяси күштерін ең негізгі сайлау науқанын кезектен тыс өткізу бастамасын қолдауға шақырды. Нұрсұлтан Назарбаев әзірше үнсіз.

Бірақ Қазақстанда мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу дәстүрге айналған деуге болады. Азаттықтың «Бұл жолы президент сайлауын заңда бекітілген мерзімнен бұрын өткізу не үшін қажет?» деген сұрағына саясаткерлер, депутаттар мен сарапшылар жауап берді.

Азат Перуашев, «Ақ жол» партиясы төрағасы

Азат Перуашев, "Ақ жол" партиясының жетекшісі. Астана, 20 қаңтар 2015 жыл.Азат Перуашев, "Ақ жол" партиясының жетекшісі. Астана, 20 қаңтар 2015 жыл.

– Бұған үш түрлі уәж келтіруге болатын сияқты. Меніңше, бұл ұсыныстың тиімді тұсы бар. Біріншіден, 2007-2008 жылдардағы қаржы дағдарысынан алған тәжірибеге қарағанда, қазіргі экономикалық проблемалар біртіндеп ұлғая түсетін сыңайлы. Дағдарыс келесі жылы да үдейтін сияқты. Сондықтан экономикалық қиындықтарды еңсеру үшін, елдегі тұрақтылықты және дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін кезектен тыс президент сайлауын өткізу керек деген уәж келтіруге болады.

Екіншісі – саяси уәж. Қазақстан айналасындағы геосаяси кеңістікте тұрақсыздық факторы байқалып отыр. Украинадағы жағдайды, Ресей мен Батыстың санкциялық тіресін айтамын. Оның үстіне ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін кепілдік қажет. Бастама көтергендер, мысалы, президенттің мұрагері туралы тақырып «жауыр болды» деген уәж келтірген. Сондықтан қазіргі қиын жағдайда саяси тұрақтылық қажет.

Үшінші дәйегім – қарапайым. 2016 жылы президент және парламент сайлауы өтуі тиіс болған. Бірақ заң бойынша бұлай болмауы тиіс. Онда «Неліктен парламент сайлауын өткізбеске?» деген сұрақ туады. Президент сайлауы көптеген мәселелерді шешеді, саяси жүйе мен мемлекеттік биліктің тұрақтылығы нығаяды. Сондықтан бұл уәждермен келісуге болады.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы

Досым Сәтпаев, саясаттанушы.Досым Сәтпаев, саясаттанушы.

– Кезектен тыс парламент немесе президент сайлауы өтеді деген әңгімелер былтыр күзден бері айтылып келеді. Бірақ мен үшін сайлау мерзімінде өте ме әлде кезектен тыс өте ме – ол маңызды емес. Біріншіден, бұл – Қазақстанда кең тараған практика, оған таңданатын ештеңе жоқ. 2011 жылғы соңғы президент сайлауы да кезектен тыс өткен. Мен үшін басқасы маңыздырақ.

Қазақстанда қазіргі мемлекет басшысы қатысатын президенттік сайлау сайлау емес, қайта сайлау екенін жұрттың бәрі біледі. Мен тіпті бұл «сайлауларды» өкілеттілік мерзімін ұзарту туралы референдум дер едім. Сондықтан ең бастысы «Сайлаудан кейін елдің саяси жүйесіндегі жағдай жақсара ма? деп ойлау керек. Егер президент сайлауға қатысу туралы шешім қабылдап жатса, бұл оның соңғы сайлауы болатын сияқты.

Талай жылдан бері айтылып жүрген билік сабақтастығы қамтамасыз ету механизмі келесі президенттік мерзім ішінде жүзеге аса ма деген де сұрақ туады. Өйткені президентке берілген уақыттық ресурс шектеулі. Оның үстіне әкімшілік ресурсты да естен шығармайық.

Конституциялық реформа іске асып, парламенттің рөлі күшейе ме, билік сабақтастығына қатысты айқындала ма? Сарапшыларды осы мәселелер алаңдатып, осы мәселелерге көңіл бөлуі тиіс. Ал сайлаудың қашан, қай күні өтетіні туралы мына әңгімелер – негізгі мәселелерді талқылауды бұра тарту.

Шындығына келсек, элита мен президенттің айналасындағы адамдардың ерік-жігері жетсе, олар сайлау атаулыдан мүлде бас тартар еді. Олар «девальвация мен сайлау науқанының бірін таңдау керек болды» деген уәжге сүйенсе жетіп жатыр еді. Билік бір жағынан қаржы-экономикалық жағдай ушығып кетсе, елде әлеуметтік шиеленіс те өседі деп қауіптенген болар.

Гүлжан Қарағұсова, Қазақстан парламенті депутаты

Гүлжан Қарағұсова, Қазақстан парламенті депутаты.Гүлжан Қарағұсова, Қазақстан парламенті депутаты.

– Жеке пікірімді айтайын. Әлемде не болып жатқанын көріп отырсыз. Қазір сыртқы фактор қандай рөл ойнайтынын, билік ауысу сияқты жағдайларға ұласатынын білесіз. Міне, осындай факторлар жұртты алаңдатады. Ал екінші жағынан бұл түрлі нұсқаларды қарастыру мүмкіндігін береді.

Оның үстіне Нұрсұлтан Әбішұлының сыртқы факторды үнемі назарда ұстап отыратынын ешбір әсірелеусіз немесе жарамсақтанусыз-ақ айтуға болады. Еліміздің ерекшелігін ескерсек, сыртқы фактордың бізге ықпалы зор. Анау Украина, анау Ауғанстан немесе жуырда бірыңғай экономикалық одаққа кіреді деп үміттеніп отырған Қырғызстан тыныш аймақтар емес қой. Сондықтан бұл – бізге берілген, «Таяу бес жылдықта бізде ештеңе өзгермейді» деген белгі сияқты.

Екіншісі – ішкі фактор. Мысалы, «Нұрлы жол» әлеуметтік бағдарламасын жүзеге асыру керек. Ол 2020 жылға дейінгі мерзімге арналған. Кенет бұл бағдарлама орындалмай қалса ше? Сондықтан президент өзі бастаған бағдарламаны ақырына дейін өзі орындасын. Осы жайттардың бәрін зерделесек, кезектен тыс сайлау өткізуді өте жақсы вариант деуге болады.

Аркадий Дубнов, ТМД елдері бойынша сарапшы

Аркадий Дубнов, ТМД елдері бойынша сарапшы.Аркадий Дубнов, ТМД елдері бойынша сарапшы.

– Бұл үлкен сенcация деп ойламаймын. Меніңше, бұл сценарий былтыр, яғни мұнай бағасының арзандауы мен Кремльдің Украинаға қатысты ұстанған саясаты үшін Батыс елдері салған санкциялар Ресейдегі экономикалық дағдарысқа ұласып, Қазақстан мен постсоветтік кеңістік елдерін үлкен экономикалық сынақтар күтіп тұрғаны белгілі бола бастаған кезде қарастырылған.

Өйткені Қазақстан және Орталық Азия аймағындағы өзге елдер үшін сайлау мерзімін ары-бері жылжытуға болмайтын демократиялық дәстүрлерді ұстанудан гөрі қалыптасқан саяси конъюнктураны сақтау маңыздырақ.

Автократтық басқару стилі тән елдерде саяси процестер әдетте биліктегі режимді сақтап қалу мақсатымен іске асып келе жатқанына 30 жылдай болып қалды. Оның үстіне қазір әлемде бұл құбылысты демократияға қарсы қастандық деп қабылдамайтын болды, өйткені халықаралық процестердің турбуленттілігі халықаралық тұрақтылыққа үлкен қатер төндіретін болғандықтан, әлемдегі негізгі күштер (державалар) мұндай режимдердің тұрақтылығы мен беталысын бақылауда ұстауға көбірек ынталы.

azattyq.org