Сыртқы істер министрі адам жегіштерден қауіптенеді

Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның сайлану мүмкіндігі қандай? Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында депутаттар алдында Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов осы сұраққа жауап берген болатын, деп хабарлайды "Алаш айнасы" интернет порталы.

СІМ басшысы кейбір елдерге елші жібермеуінің себебін түсіндірді Тоқтала кеттін жайт, Сыртқы істер министрлігі 2017-2018 жылдары бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын ілгерілетумен айналысады. Нью-Йоркте арнайы өкілдік еліміздің осынау миссиясымен белсенді жұмыстар атқаруда.

Дегенмен, бұл жұмыстың оңай емес екені де белгілі. Өйткені, БҰҰ-нда 193 мүше мемлекет болса, соның әрқайсысының дауысы бар. Тіпті 20 мыңға жуық халқы бар Науру секілді мемлекеттің де АҚШ пен Қытай секілді алпауытпен бірдей дауыс беру құқығына ие. Сондықтан да, Сыртқы істер министрі Қазақстанның кандидатурасын ілгерілету үшін шағын мемлекеттермен де жұмыс жасалып жатқанын алға тартады. "Африка, Латын Америкасындағы елдер, мұхит жағалауындағы елдердің барлығына біздің өкілдер барып, олардан тікелей қолдаулар сұралып жатыр. Расын айту керек, олар да өз кезегінде Қазақстаннан бір дүниелерді сұрап қалғысы келеді. Осылайша, БҰҰ аясында әрбір дауыс үшін таласып жатырмыз", - деді Ерлан Ыдырысов. Дегенмен, сыртқы саясат басшысы әлемнің 193 елін аралап, олардың баршасынан қолдау алып шығудың тым қиын екенін айтты. "Бұл бір жағынан қиын ғана емес, кейді аса қауіпті. Мәселен, біз жеке басына төнетін қауіпке қатысты елшімізге Папуа-Жаңа Гвинеяға бармай-ақ қоюды ұсындық. Өйткені, ол жақта адам жегіштерге қатысты біраз оқиғалар орын алған. Сосын "құрысын, бармай-ақ қой" дедік", - дейді министр Ыдырысов.

Источник: Алаш Айнасы