Әсіресе, олардың жусаннан иіссу өндіруге болатынын дәлелдеп шыққаны көңіл қуантады. Бұл ілкімді іс елімізде осы сала бойынша зауыт салуға жол ашуы мүмкін.
Қазақ даласында жусанның көптеген түрі бар. Бұлардың әрқайсысы өзіндік ерекше қасиетке ие екенін ешкім жоққа шығармайды. Қазіргі таңда отандық ғалымдарымыз осы өсімдікті зерттеу ісін жүйелі түрде жалғастырып, одан түрлі өнімдер алуды жолға қоюда.
Мәселен, қолданбалы химия институтының мамандары бұған дейін жусаннан эфир майын өндірген. Осыған байланысты құрылым директоры әрі жоба авторы, осы бағытта 13 жыл бойы тынымсыз еңбектеніп келе жатқан ғалым Ерлан Сүлеймен: "Эфир майлары елімізде өсетін өсімдіктен алынады. Біріншіден, жасанды қоспа емес, ол – табиғи. Кейбір пневмония, тұмау, аллергия ауруларына қарсы дәрі-дәрмек жасауға болады. Екіншіден, эфир майлары ароматерапия ретінде қолданылады", дейді.
Жусаннан тек эфир майын алып қана қоймай, одан иіссу әзірлеу мәселесі де институт мамандарының басты назарында тұр. Мамандар жусанды иіссу өндірісіне таптырмас шикізат деп есептеуде. Бұл өсімдіктің өткір иісті қасиетін негізге ала отырып, 3 жыл көлемінде тер төккен химиктер осы аралықта түрлі өнім дайындап шығарды.
Қазіргі таңда аталған өсімдіктен жасалған иістендіргіштерді медициналық мекемелер қолдана бастаған. Оны жағымсыз иісті жоюға, бактериялардың тарауына жол бермеуге пайдалануда.