Бауыржан бағалаған лейтенант Исламқұловты біз қашан бағалайтын боламыз?

Бауыржан бағалаған лейтенант Исламқұловты біз қашан бағалайтын боламыз?

Мұхамедқұл Исламқұлов Ұлы Отан соғысына “Социалистік Қазақстан” газеті редакциясынан аттанған еді...

“...Сөйтіп, мен полк командирі болдым.

– Ал, енді сіздің орныңызға кімді 1-батальонның командірі етіп тағайындаймыз?– деп сұрады Логвиненко, штаб бастығының сөзін бөліп.

– Лейтенант Исламқұловты тағайындадым.

– Қалайша?!

– Исламқұлов жақсы командирлердің бірі. Батальонды соған сеніп тапсырдым.

– Ол партияда жоқ қой...Оның әкесі 25 жыл болыс болған...

– Мен де партияда жоқпын...Оның өзі емес, әкесі болыс болған...

– Мен Исламқұловты тағайындауға қарсымын!

– Сіз мені тағайындауға да қарсы болғансыз.

– Мен комиссармын!

– Мен командирмін, Петр Васильевич, – дедім комиссарға.

– Бұдан бұрынғы жиырма-отыз ұрыста ол батальонды мен басқарғанмын. Ол - менің батальоным. Сондықтан оны кімге тапсыру алдымен менің еркімде... Комдивпен Исламқұлов туралы алдын-ала келісіп алған болатынмын.

– Бай-болыстың баласы деп айтпаған боларсыз? – Айтқан жоқпын... Батыл, ауыр мінез, салмақты, ақылды командирдің бірі деп айттым”.

Иә, қадірлі оқырман, біразыңыз еске түсіріп үлгерген шығарсыз, жоғарыдағы үзінді Бауыржан Момышұлы атамыздың “Москва үшін шайқас” кітабынан алынып отыр. Бұл жердегі лейтенант Исламқұлов кім? Ол – Баукеңнің қанды көйлек досы. 1906 жылы Шымкент губерниясының Арыс-Бадам өңірінде дүниеге келген, 20-жылдары Ташкентте ашылған Орта Азия мемлекеттік университетінің журналистика факультетін алғашқылар¬дың бірі болып бітірген азамат. Мұхаметқұл кейін мектепте, аудандық газетте, губерния аппаратында қызмет істеген. 30-жылдары “Оңтүстік Қазақстан” газетінің тұңғыш редакторы болған Бейсенбай Кенжебаев оны осы газетке тілші етіп алады.

Сол жерден Мұхаң “Социалистік Қазақстан” газетіне ауысып, соғыстың алдындағы екі жыл Алматыда қызмет етеді. 1941 жылдың шілдесінде Талғардағы жаңадан жа¬сақталып жатқан, 316-атқыштар дивизиясына өз еркімен барып жазылады. 316-шы демекші, Қазақстанда, генерал-майор И.В.Панфиловтың жетекшілігмен жасақталған бұл дивизияны Жоғарғы Бас қолбасшының Мәскеуді алуға ұмтылған фашистердің ең басты күші жұмылдырылған күре жолды қорғауға жіберуі де кездейсоқтық емес. Басқа-басқа, патшалық империя тұсында да, де, кеңес кезеңінде де қазақ халқының кім екендігін зерттегендер, зерттеу нәтижесін мемлекеттің пайдасы үшін дұрыс пайдалана білуге ұмтылғандар аз болмаған. Мәскеуді төсін төсеп қорғаудан басталып, Сталинградта жалғасын тауып, Берлинге бірінші болып Ту тігумен аяқталған, “жаным – арымның садағасы” деген ұстаныммен тәрбиеленіп өскен қазақ ұлтының батырлық, ерлік қасиеті Ұлы Отан соғысында барынша жарқырап көрінді. Оны алған көретін, тұңғыш дәлелдеген осы 316-шы, кейін 8-ші гвардиялық деп аталған И.В.Панфиловтың дивизиясы еді. Мұхаметқұл үнемі басқа батальондағы взвод, рота командирі, штаб бастығы болып келгенімен, соғыс барысында бүкіл 41-жылғы шайқас барысында Баукеңнің батальонымен үнемі көрші шепте иық тіресе айқасты. Талай рет атақты комбатқа көмек қолын да созды. Оған мысалдарды әскери жазушы А.Бектің “Волокаламск тас жолы” романынан кездестіруге болады. “...Ура!” біз де, немістер де күтпеген тұстан естілді. Мен бұл өзімізге басқа жақтан көмекке жіберілген лейтенант Исламқұловтың взводы екенін түсіндім. Ең шешуші сағатта ол өзін нағыз батыл да айлалы жауынгер ретінде көрсете білді. Бұл, жаудың артына байқатпай шығу, қолайлы сәтті күтіп, сол сәт туғанда атылу - оңай іс емес”. Енді ержүрек жігіттің рота командиріне жоғарылаған кездегі қимылына көз салайық.

“... – Жолдас Момышұлы, бүгін сіздің Горюныдағы позицияңызға неміс танкілері шығуы керек еді, бірақ, шыға алмады. Бізге әзір беймәлім резервіміз бұл соққыға өз кеудесін тосты. Танкілерді тас жолға шығармады. Кімдер олар? Полк штабымен байланыс жоқ, - деді генерал Панфилов... Ротасымен Ядрово селосын қорғап тұрған Исламқұловты батальон штабына шақырады. Штабқа жақындаған ол түскі тамақ дайындап жатқан жорық кухнясының қасынан өтеді. Осы сәтте, кухня орналасқан алаңға тыс жақтан неміс автоматшылары шыға келеді. Ысқарған оқтар, үрейге толы айқай, не сістерін білмей сасқалақтаған жұрт. Менің келбетті келген, “өлімнен ұят күшті” деген өсиетпен өскен қандасым билікті тез өз қолына алады. Бірінші болып оқ атып, үлгі көрсетеді. Сол маңайдағы жиырма шақты жауынгердің бәрін жинап, бұйрық беріп, винтовкамен залппен қайта-қайта оқ атып, танкілеріне жол ашпақшы болған жау әскерін жатуға мәжбүр етеді. Сырттарынан атылған атысты естіген комбат жағдайдың не болғанын түсініп, батальонды басқа позицияға ауыстырып үлгереді. “Оларды қорғап қалған кім болды?” деп генералдың білмей отырған беймәлім резерві кухня қызметкерлері болып шықты. ...– Білесің бе, Бауыржан, генерал “мылтығың майланбаған” деп бір аспазға ұрысып, тамағын ішпей кеткен жоқ па еді? Әне, сол аспаз да соғысты. – Мылтығы майланған ба екен? – Онысын білмедім, бірақ атып жатты. – Жарайсың, Мұхаметқұл! Сен өте үлкен күшті – тұтқиылдаған болған соққыны қайтара алдың. Генерал бүгін “бұл қандай резерв?” деп сұрап еді, ол резервтің кім екені енді белгілі болды”. Сондықтан да генерал-лейтенант К.К.Рокоссовский: “Бүкіл Қызыл Армия бойынша білмеймін, бірақ менің 16-шы армиямдағы полк басқаратын аға лейтенант жалғыз сіз ғанасыз” – деп Бауыржан Момышұлын полк командирі етіп тағайындаған кезде ол өзінің орнына Исламқұловты қойып кетті. Бір емес бес (!) рет қоршауға түссе де соның бәрінен Баукең секілді командирімен бірге абыроймен шығып отырған, тәні шыныққан, рухы шыңдалған, генерал И.В.Панфиловтың резервіне, яғни оң қолына, оның ең қиын да қатерлі шайқасқа апарып салатын алмас қылышына айналған, дивиязиның жеңіс жолындағы еңбегіне сіңірген үлесі кейбір полктан асып түспесе кем соқпаған ерке де серке батальонның бұдан былайғы тізгінін ұстау ерлерді басқаратын ереннің ғана қолынан келетін тірлік еді.

Әрине, батыр Бауыржан да бұны бәрінен жақсы түсінді. Ол кісі өзінің сол кездегі жан-күйінің жағдайын “Лениншіл жас” газетінің 1970 жылғы 6 маусымдағы санында басылған “Арысым еді...” атты естелігінде былай еске алады. “Қайтып келе жатып жолда: “От пен судан өткен батальонымды кімге сеніп тапсырамын?” деп ойлап келемін. Көп ойланып, көп толғанып, батальонымды Мұхаметқұл Исламқұловқа тапсыруға шешімге келдім”. Батырдың бұл ойы қалай жүзеге асқаны өзінің “Москва үшін шайқас” атты кітабында суреттелген. Біз оны әңгімеміздің басында келтіріп келтірдік. Баукеңнің сенімін ақтады ма Мұхаметқұл? Cөзсіз! Тіпті артығымен десе де болады. Өйткені, жаудың Мәскеуге өршелене ұмтылуы бұл кезде шарықтау шегіне жеткен еді. Майданға үсті-үстіне жаңа күш төгіп жатқан, оқ-дәріден тапшылық көру дегенді білмейтін жауға қарсы қанша жерден жанқиярлықпен күрескенімен, қатары күннен-күнге селдіреген панфиловшылар кейін шегінуге мәжбүр болып отырды. “Москва үшін шайқаста” Соколово селосы үшін шайқас екі-ақ ауыз сөзбен берілген. “...– Тосқауыл қалдырып, негізгі күшіңізбен Дедюшкино селосына шегінуге кірісіңіз! – деді полковник. – Демек, тағы бір жерден майдан шебін опыра бұзған екен ғой, – деді комиссар, – әйтпесе бізге шегін демес еді. ...Сол жақта ұрыс жүріп жатыр, зеңбіректердің барлығын сонда ауыстырғанбыз. Орталық пен оң жақтағы күштер шегінуге кірісті... Ең соңынан Исламқұловқа шегінуге рұқсат етілді”. Соңғы сөйлемнің нені білдіретінін “ұрыста көргеніңнің бәрін айта беруге болмайды, айтылғанның бәрін жаза беруге болмайды, жазылғанның бәрін бірдей баспаға ұсына беруге болмайды” дейтін Баукең өзінің жоғарыда айтылған естелігінде ғана ашып кетеді. “Бірнеше күн, бірнеше түн соғыстық. Исламқұловтың батальоны алғы шепте еді. Ең жауапты жерлерде болды. “Бәрін айт та бірін айт” дегендей, Соколово қыстағында дұшпан бізді тықсырып қоршай бастады. Исламқұловты шақырып алдым. – Мұха! Жағдайды көріп отырсыз ғой. Мен полкты алып шығуым керек, нақ осы жерден. Алып шығу оңай емес, сол себепті сізді тосқауылға тастап кетемін. – Түсіндім, Бауке! Полкті аман алып қалу үшін бір батальонды жаудың арандай ашылған аузына тығын болсын деп тастай салғанмен бірдей бұл. Мен полкты қоршаудан шығарып, жаңа шепке алып келдім. Екі күннен кейін Исламқұлов бізді қуып жетті”. Панфиловшылардың ендігі бекінісі Крюково стансасы еді. 1941 жылы 1 желтоқсан күні осы елді мекен үшін басталған қиян-кескі ұрыстың бір аптаға созылғаны белгілі. Және артиллерия, минометсіз қоян-қолтық айқас болған. Біресе дұшпан алады бекіністі, біресе қызыл әскерлер алады. 5 желтоқсан күні Бауыржан Момышұлы жараланады. Беломыртқада отырып қалған оқты сол жерде дәрігерге тілдіріп жіберіп алдырады да жарадар күйі көмекшілері арқылы ұрысқа басшылығын жалғастыра береді. Қолындағы картаның Крюководан шығысқа қараған бөлігін кесіп алып отқа тастайды. “Бұл жақтың жер жағдайын білудің бізге қажеті жоқ!” деген командир сөзі қызыл әскерлерге жайдың оғынан да тез тарайды. Олардың рухы асқақтап, бойларына қуат бітеді. Қаталдығы мен әділдігі бірдей полк командирін жанындай жақсы көретін сарбаздардың оған деген құрметі бұрынғыдан да көтеріледі. Осы сұрапыл соғыстың ең бір шешуші кезін Баукең былай еске алады. “Бір мезет 2-ші, 3-ші батальондардың командирлері қосарлана телефон соқты. – Жолдас командир, менде 7-ақ адам қалды, – дейді бірі. – Жолдас, командир, менде 12-ақ адам қалды, – дейді екіншісі. Телефоншыға дереу 1-батальонның командирі лейтенант Исламқұловты жалғастыр дедім. Мұхаметқұл трубканы көтерді. – Мұқа, 2-батальонда 7 адам, 3-батальонда 12 адам қалыпты. Сізде ше? – Менде 120 адам. Екі майор да қасымда отыр. – Ендеше трубканы соларға беріңіз! Екеуіне де сол арада бөлімшелерімен Исламқұловтың қарамағына көшуді бұйырдым. – Трубканы Исламқұловқа беріңіз! – Мұқа, команданы қолыңызға аласыз! Мына екеуін ұрысқа саласыз! – Ойбай-ау! – деді Мұхаметқұл. – Бұлар майорлар ғой, қалай болады мұңы өзі? – Жасақсыз майор –– майор емес! Олардың батальонды түгел жоғалтқанына мен сенбеймін. Дереу кірісіңіз. Істің анық-қанығын анықтаңыз. Ал, ана екі майорды қатардағы жауынгерлер сапына қосыңыз. Тексеру қорытындысын маған хабарлаңыз. – Құп болады, Бауке!”

Тексере келгенде екі майордың да қарамағында жүзден аса жауынгер бар екені, тек “шегінейік” деген сөзді олардың өзі айтуға батпай, қазақ Бауыржанға сөзі өтсе оның өзі қатты сыйлайтын осы қазақ Мұхаметқұлдың сөзі өтер деген есеппен келіп отырғаны белгілі болады. Соғыс деген адамның барлық жақсы жағы мен жаман жағы ашылмай қалмайтын және кеңінен ашылатын жер екен ғой. Айла-амалсыз, қулық-сұмдықсыз жүре алмайтын адам пендешілік кескін-келбетін қысылтаяң жерде осылай көрсетіп алып отырған... Батыр жаратылған азамат сол Крюковоның түбінен қарсы шабуылға шыққан Қызыл Армия қатарында 1942 жылдың 7 ақпанына дейін майдандағы ұрыстарға қатысады. Оның батальоны осы күні Ожедово селосын жаудан азат етеді. Бірақ, Исламқұловтың өзі де оққа ұшады. Оның қазасының шын мәнінде қалай болғанын арада 27 жыл өткен соң барып, 1969 жылы батырдың туған ұлы Қайрат Бауыржан Момышұлының өз аузынан естиді. “Әкең менің қолымда қайтыс болды. Дәлірегі мені кеудесімен қорғап қаза тапты. Жауынгерлердің қалай орналасқанын көрейік деп блиндаждан шығып келе жатыр едік, мені біреу шақырды. Мен дауыс шыққан жаққа қарай бұрылдым да Мұхаметқұл алға қарай озып кетті. Білмеймін, осы кезде оның нені байқағанын, сірә неміс мергенінің мылтығындағы оптикалық көздеуішке шағылысқан сәулені көріп қалса керек, Мұхаң жалт бұрылып мені бассалды. “Бұған не болды?” деп ойлап үлгергенімше болған жоқ, ол мені құшақтаған күйі жерге құлады. Мен “не болды” десем үн жоқ. Жүріп кеткен екен...Оқ сол жауырынының астынан дәл жүрекке тиіпті. Мұхаңды денесін Крюководағы “бауырластар қабіріне” жерлеу үшін санитарларды шақырып, денесін арбаға артып, алғы шептен артқа қарай жібердім. Қағазға: “Оказать честь в погребении тела героя Советского Союза Исламкулова Мухаметкула! Б.Момышулы”, – деп жазып, санитардың қолына ұстаттым. Ол мен үшін әрқашан Герой болып қалады!” Қайрат Исламқұлов даңқты қолбас¬шыға қалай, қашан жолықты? 60-шы жылдардың басында Мәскеудің болат және металл балқымалары интститутында оқып жүрген студент “Қазақстан Жазушылар одағы. Бауыржан Момышұлына” деп екі рет хат жазады. Біріншісі жауапсыз қалады да соңғысына 1963 жылдың мамыры деп қол қойылған сурет пен батырдың орысша жазған хаты келеді. 1969 жылы Баукең Сарыағашта демалып жатыр дегенді естіген Қайрат курортқа келіп, батыр жатқан бөлмені тауып алады. Алдымен корпус алдында отырған, ішінде жалаң аяғына калош киіп алған біреуі бар, бес-алты қарияның қасынан: “Асслаумалейкум!” деп өтіп кетеді. Баукеңнің нөміріне келсе есік ашық, ешкім жоқ екен. Кезекші әйелді тауып алып сұрайды. Ол есіктің алдындағы қарияларды көрсетіп: “Анау таяқ ұстаған ұзын мұртты адам сенің іздеген кісің”, – дейді. Жаңағы калош киіп отырған шал...Қайрат қариялардың қасына қайтадан келеді де бұл жолы бәрімен қол беріп амандасып болып, Баукеңе қарап: “Момышұлы сіз бе?” дейді. “Баукең бетіме адырайып қарады. Салбыраған мұрты көтеріліп, әрбір талы кірпінің тікеніндей тікірейіп кетті! Маған: “Сен кімсің?! – деді. Мен басымды көтеріп, бойымды тіктеп алдым да: “Мен – Исламқұлов Қайратпын!” – дедім. Одан әрі болған нәрсенің әрбір сәті күні бүгінге дейін жадымда жаттаулы. Алдымен ақсақалдың таяғы қолынан түсіп кетті. Ол болса таяғын алуды ойлаған да жоқ, екі көзі мені бұрынғыдан да бетер тесіп барады. Жаңағы тікірейіп тұрған мұрттың барлық тікені қайтадан құлады! Сәлден соң қалтырап-дірілдеп орнынан түрегелді. Мені бауырына қысып сүйіп жатыр, сүйіп жатыр. Сосын шалдарға қарап: “Мені досымның баласы іздеп келді”, – деді. “Жүр!” – деп бөлмесіне ертіп барды. Мұздатқыштан алып, өзіне бір қырлы стақан толтырып шарап, маған бір стақанды толтырып арақ құйды. “Пей, помянем моего брата, твоего отца”, – деді. Баукең шешіліп біраз әңгіме айтты. “Әкеңнен түрің аумайды екен, бірақ ол ұзын еді. Ал саған бой бермепті, сосын сен қап-қарасың, ал ол әппақ болатын. Медсанбаттағы қыздардың бәрі сенің әкеңе ғашық еді” деді... “Мінезі қандай еді оның! Өте сабырлы болатын. Нағыз интеллигент болып туылған адам-тын сенің әкең”, – деді. Өзінің менің әкемді Кеңес Одағының Батыры атағына бір емес екі рет ұсынғанын, бірақ болыстың баласы болғаны себепті оның атын құжаттардан сызып тастағанын айтты.

Содан соң ол кісі менің әкемнің өз кеудесін оққа төсеп, командирін қалай ажалдан аман алып қалғаны туралы да кітаптарына жазған екен, бірақ баяғы “қырағы цензура” оны да өткізбепті. “Сенің әкең болыстың емес жарлының баласы болғанда бәрі де басқаша болар еді...” деді ол кісі”. Шынында да марқұмға жаңағыдай құрмет көрсету тек Бауыржан Момышұлы сияқты кесек тұлғаның ғана ойы мен қолынан келетін іс екені кімге де болса күмән туғызбас. Қайрат Исламқұлов бүгіндері ғылыми ортаға белгілі азамат. Техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері ол көп жыл бойы Қазақ химия-технологиялық институтында, 1992 жылдан бері Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінде проректор, кеңесші болып абыройлы қызмет атқарып келеді. Қайрекең 1 монография, 12 оқу құралының авторы, 15 өнертапқыштық куәлік иегері. Оның ішінде 3-уі аса маңызды құпия еңбек болып табылады. Қайрекеңнің жаны мен қолының тазалығы 40 жылдан астам уақыттан бері бірге қызмет істеп келе жатқан әріптестерінің арасында аңызға айналған десек артық айтқандық емес. 26 жыл бойы балаларымен бірге ескі үйдің бірінші қабатындағы күн түспейтін сыз пәтерде тұрғанда да “менен жұмысқа қанша кейін келгендер жаңа үйден пәтер алып кетіп жатыр ғой” деп ешкімнің алдына барып өтініш жасамаған. “Мен бір-ақ нәрсеге өкінемін, – дейді Қайрекең өзі. – Батыр ағамен екінші рет жолығудың сәті түспеді. Баукең менің жай-күйімді естіп, сол кездегі обкомның бірінші хатшысы Ливенцовқа хат жазып беріп еді. Мен ол хатты апарып бермедім, түгілі жыртып тастадым.

Сақтап қойсам ғой, Баукеңнен естелік болып тұрар еді...” Біз бұны не үшін айтып отырмыз? Тәуелсіздік келгелі “Халық қаһарманы” атағын белгіледік. Оны талай жақсы мен жайсаңдарға бердік. Бірақ, бұл марапат ең алдымен өлім мен өмір арпалысқан соғыста көзсіз ерлік көрсеткен ерлердің үлесі емес пе еді? Алда Жеңістің 65 жылдығы келе жатыр. Соның қарсаңында жоғарыдағы мәселені ескерсек. “Я лично выполнил свой моральный долг перед памятью М.Исламкулова, опубликовав о его подвигах десятки трудов как на русском, так и на казахском языках...” деп жазыпты Баукең 1963 жылғы хатында.

Ал, басқамыз ше?

Өмірзақ АҚЖІГІТ,

Қазақ үні