«ЖЫР МАРЖАНЫ» ОҚЫРМАНДАРЫНА ЖОЛ ТАРТТЫ

ЖЫР МАРЖАНЫ Алматыда Қазақстан Ұлттық кітапханасында «Мереке» баспасынан жарық көрген «Жыр маржаны» атты 10 томдық қазақ поэзиясы антологиясының тұсаукесер рәсімі өтті. Сөйтіп қазақ әдебиеті сонау Күлтегіннен бастап бүгінгі күнгі жас ақындарымыздың жырына дейін қамтыған көлемді еңбекпен толықты. Антологияның тұсаукесер рәсімін белгілі ақындар Исраил Сапарбаев пен Темірхан Медетбек жасап, жыр мерекесін Ұлттық кітапхана директоры Әлібек Асқаров ашып, жүргізіп отырды. – Атырау облысы әкімдігінің тапсырысымен және қолдауымен «Жыр маржаны» атты 10 томдық қазақ поэзиясының антологиясы жарық көріп, жырсүйер қауымды қуантып отыр. Қазақ кітап басу тарихында бұрын-соңды қазақ халқының арғы тарихынан белгілі баба жыраулардан бастап бүгінгі жас таланттарға дейін барынша толық қамтылған көлемді 10 томдық қазақ поэзиясы антологиясы оқырмандарымызға ұсынылған емес. Бұл рухани өміріміздегі айтулы оқиға, ұлттық әдебиеттің қуынышы, – деді антологияны басып шығарған баспа басшысы, жазушы Мереке Құлкенов. Баспагер-жазушы 678 ақынның басын қосып, үш мың данамен жарық көрген жыр жәдігері болып табылатын антологияның өмірге келуіне ұйыт-қы болған Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атына қазақ әдебиеті жанашырларының ақ алғысын білдірді. «Ғасырлар қойнауын қопарып, тарих тамырын бүгінгі өлең әлемімізге әкеліп жалғаған толыққанды дәл осындай поэзия антологиясы шығып көрмепті. Ол алдымен сонысымен құнды» – деді кітапқа алғысөз жазған ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Темірхан Медетбек. Бұдан кейін сөз сөйлеген Оразақын Асқар, Марфуға Айтқожина, Сейфолла Оспанов, Иран-Ғайып, Шөмішбай Сариев, Зейнолла Тілеужанов сынды ақындар әдебиетіміздегі осынау жаңалыққа жоғары баға беріп, бұл жұмысты жоғары деңгейде іске асырған «Мереке» баспасының ұжымына жылы лебіздерін білдірді. Шынында да әр томы көркем безендіріліп, әр ақынның бейнесі қылқаламмен салынған екен. Жиын барысында өз өлең-дерін жарыса оқыған жас ақындар қазақтың маржан жырының ғасырларға жалғасып, мәңгі жасай беретінін анық көрсеткендей еді.