МИЛЛИАРДЕР МИТТАЛ ПРОКУРОРЛАРЫМЫЗҒА ПЫСҚЫРЫП ТА ҚАРАМАДЫ

Lakshmi Mittal, Arcelor Mittal's President and Chief Executive Officer, leaves the Elysee Palace in Paris Біздің жер қойнауындағы пайдалы қазбалар арқылы байып жатқан миллиардер Лакшми Миттал иелігіндегі «Акселор Миттал Теміртау» АҚ компаниясында тағы да шу шықты. Алпауыт кәсіпорын кеншілер мен металлургтердің айлығын 25-50 пайызға дейін қысқартып, қарапайым жұмысшылардың еңбегін еш етпекші. Жүгенсіз кеткен кәсіпорын бірінші рет «бас жарып, көз шығарып» отырған жоқ. Біздің кен игеру нарығына кіргелі көрсетіп келе жатқаны үнемі осы. Шынын айтсақ, осы атышулы кәсіпорын жұмысшылардың жүйкесін тоздырып, өмірлерін тозаққа айналдырып бітті. Оларға әй дейтін әже, қой детін қожа қалмағандай. Шахталар опырылып құлап, жиырмадан астам кенші қара жерге көмілді. Кәсіпорында жылына ондаған апаттық жағдайлар орын алып, қаншама адам мүгедек болып қалды. Айлап, жылдап айлық бермей адамдарды шулатып қоятыны үйреншікті жағдай. Жұмысшылар кәсіпорын кеңсесіне келіп өзін-өзі өртеуге дейін барған оқиғаның болғаны да рас. Бір кезде әлемге әйгілі болған өндіріс ошағын техникалық жағынан қайта жарақтандыру олар үшін мүлдем жат түсінік, қалтасына түсетін пайданы ғана ойлайды. Сөйте тұра жарты ғасырдан астам бұрын салынған комбинаттың құлаған алып мұржасын жобаға сәйкес салынбаған деп сынағандарын қайтерсіз. Ал оның орнына «әлемдік стандартқа сәйкестіріп», өздері тұрғызған мұржа бір жұма өтпей жалпасынан түскенін қалай түсіндіреді екен? Жұмысшылардың толассыз түскен шағымына орай кезінде Премьер-министр болған Серік Ахметов кәсіпорынды бақайшығына дейін тексеріп, қатаң бақылауға алуды тапсырғаны бар. Ол да көмек болмады, есесіне өзінің басы пәлеге қалды. Мына жағдайды естіген Мәжіліс депутаттары да айқайға басып жатыр. Тіпті орнынан көп қозғала қоймайтын прокуратурамыздың қаһарына мініп, білек сыбана араласқаны да айдалаға айқайлағанмен бірдей болып шықты. Кәсіпорын басшыларының бұл әрекетін заңға, өзара жасалған келісімшартқа қайшы келетінін айтып, жақында айыппұл да салды. Құқық қорғаушылар кәсіпорын иелеріне жалақыны қысқарту туралы бұйрықтарының күшін жоюға кеңес берген-ді. Бірақ, оны елеген Лакшми Митталды көрмедік, прокурорларға пысқырып та қарамады. Тіпті салған айыппұлды төлемейміз дегенді ашық айтты. Лондонда міз бақпай жатқан миллиардер иесінің атынан батыл сөйлеген «Арселор Миттал Теміртау» АҚ бас директоры Виджай Махадеван айылын да жияр емес. Керек болса, қосымша құн салығы ретінде мемлекетке төлеген 12 млрд. теңгемізді қайтарыңдар деп қиқу салуға көшті. О заман да бұ заман, қосымша құнға салынатын салықты ешбір елде ешбір заң алып тастаған жоқ. Ол сонау капиталистік қоғамның түп-тамырына дейін тексеріп, талдаған Карл Маркстің «Капитал» атты құнды еңбегінде экономиканың ерекше ережесі ретінде соқырға таяқ ұстатқандай етіп көрсетілген. Сонда Миттал мырза Маркстен де асып кеткен ғұлама болғаны ма? Шығарған өнімінің өтпей жатқанын алға тартқан миллиардер дағдарыс соның ғана басына түсіп жатқандай ақша жоқ деп жылайды. Бұл қалай болғаны, кенді өзіміз қазып, болатты өзіміз балқытып, өнімді жүгіріп жүріп өзіміз өткізіп, түскен пайданы Тұманды Альбионда тып-тыныш жатқан оның есепшотына уақытынан кешіктірмей аударып тұруымыз керек пе? Ондай Митталдың бізге керегі қанша? Өткенде қарағандылық металлургтер мен кеншілердің артында өзі тұрғанын айтып, жұмысшыларды ренжітпеуді сұраған мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өтініші сол қабылдауда болған бөлмеден шықпай жатып ұмытылғаны ма? Прокурорлар мен жергілікті билікке пысқырмайтын, Елбасының ескертулерін құлағына елемейтін өзімшіл миллиардердің компаниясын қазақ жерінен қуып, елімізден аластау ғана қалған секілді. Бірақ, ол да оңай жұмыс емес, оған біздің биліктің бара қояры екіталай... Зейнолла АБАЖАН