Т.ДҮЙСЕНОВА – «БЕСТІК», А.РАУ – «ЕКІЛІК» БАҒА АЛДЫ

мажилис Алдында өзіміз жазғандай, біздің мәжілісмендердің жаңа жылда жаңаша жұмыс істеп, қимылы ширай бастады. Қаралатын мәселелер бойынша сыни көсқарастар қалыптасып, соған орай айтыс-тартыстар да көбейді. Үн-түнсіз кез келген заңды қабылдай салатын күндер келмеске кеткен секілді, лайым солай болғай! «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, Мәжілістің соңғы отырыстары тартымды өтуде. Отандық кәсіпкерлер және Қарағанды кеншілері мен металлургтерінің мәселесі майшаммен қаралып, тіпті тойда тыр-жалаңаш билеушілерге дейін қатаң сын айтылып, оларға нақты шара қолдану керектігі де ұсынылды. Мәжіліске есеп беруге келетін министрлердің жағдайы қиындай бастады, бұрынғыдай ұйқылы-ояу отыратын депутаттар жоқ енді. Мәжілісмендер олардың әрбір сөзін електен өткізіп, ұсыныстарына өз ескертулерін жарыса айтып жатыр. Еңбек заңының жер-жерлерде бұзылуына байланысты министр Тамара Дүйсеноваға дүрсе қоя берген әріптестерін спикер Қ.Жақыповтың өзі әзер тоқтатты. «Бұл министрлік жарады! Көп рахмет сіздерге. Бұлар осында келіп-кетіп, «құлақтан тебетін» еркек министрлерге қарағанда біраз шаруа тындырды. Жұмыс ауқымы өте кең – денсаулық сақтау, әлеуметтік сала. Бәрін қамтуға тырысады. Нардың жүгін арқалаған нәзікжан министр Тамара Дүйсенованың еңбегі еркек атаулы өзге шенділерге үлгі» – деді ол. Ал Инвестициялар және даму вице-министрі Альбет Рау коммунист-депутат Косаревтен оңбай «таяқ жеп», «екі» деген баға алып шықты. «Мен Альберт Павловичке «екі» деген баға қоямын. Семейдегі жедел жәрдем ауруханасы әрең салынып бітті. Құрылыс талаптары өрескел бұзылып, өте қымбатқа түсті. Енді ол ақталмай, электр қуатынсыз керексіз болып қала ма?» – деп қыспаққа алды коммунист. Вице-министрдің бұдан былай одақтас елдерден автокөлік әкелумен тек қана ресми диллерлер ғана айналысады деген жаңалығы да сынға ұшырады. Өйткені қатардағы осы істі кәсіп етіп жүргендер табыстан қағылатын болды. Бұл туралы ресейліктермен келісім де жасалынып қойыпты. Ал, «жеке тұлғаларға көлік сатып алуға шектеу болады ма, жоқ па?» деген сұраққа вице-министр ашық жауап бере алмады. Соған қарағанда алған «екілік» вице-министрдің еңсесін басып тастаған секілді. Ештеңе етпейді, келесі жолы дұрыстап дайындалып келетін болады және бұл өзге шенділерге де айтарлықтай сабақ болды дер едік. Зейнолла АБАЖАН