Ауыт МҰҚИБЕК: Байқайсың ба, біздегі рух басқа?!

1
3162

 

Ауыт Мұқибек:

 

Мұқағалидың жұлдызы

 

Аспан ашық, жұлдыздар самсап тұрған кез. Қарап тұрсам, бір жұлдыз бір қалыпты қарқынмен

Батыстан Шығысқа қарай жылжып барады. Жер серігі ме деп ойладым. Сосын, «Ананы қарашы!»

деп Мұқаңа көрсетіп едім, ол оған қарамастан-ақ, «Өй, ол менің жұлдызым ғой!»деп қоя салды.

 

Орзақын Асқардың

Мұқағали туралы

естелігінен.

 

Нарынқолдың ар жағы біздің мекен,

Туды онда да өр мінер жүз, мың… көсем.

Кілең көкке шапшыған тұлпарлар ол,

Тоқтамайтын ала ұшып, тізгіндесең!

 

Жазылды аты Мұқаңның тұнық тасқа,

Бекер емес, жұлдызы Шығысқа ақса.

Байқайсың ба, біздегі мінез бөлек,

Байқайсың ба, біздегі рух басқа!?

 

Айналды ақын қашалып алып тасқа,

Бекер емес, жұлдызы жарық шашса!

Байқайсың ба, біздегі тебін бөлек,

Байқайсың ба, біздегі шабыс басқа!?

 

Шығыс жаққа сол жұлдыз шындап ақса,

Болмағаны тым жаман бұл қазаққа!

Байқайсың ба, біздегі намыс бөлек,

Байқайсың ба, біздегі мұң да басқа!?

 

Сырғып барып сол жұлдыз жай сынаптай,

Асқан екен біз жаққа, тайқып ақпай.

Тәуелсіздік таңымен елге оралды,

Бір шоқ жұлдыз жарқ етіп, айтып-айтпай!

 

Дейтін емес өкініп, «Уа, дәриға!»,

Қала да риза, Мұқаңа дала да риза!

 

Сол жұлдызы ақынның Шығысқа аққан,

Болу мүмкін, не Мұрат, не Мағиза!

 

Берді қанат бізге де елім ұш деп,

Кілең алға басамыз, шегініс жоқ!

Шығысқа аққан Мұқаңның сол жұлдызы,

Болу мүмкін, не Ауыт, не Білісбек!

 

Бұл шоқ жұлдыз жанып кеп Шығыс жақтан,

Алатаудан жайы бар тыныс тапқан.

Біле-білең, қайнаған жыр майданы,

Қан майданнан кем емес қылыштасқан!

 

Абай – дара, әрине, Мұқаң – жалғыз,

Біз олардан шоқ алып тұтанғмыз.

Алыптарды алғамыз бір түгендеп,

Алатауды бетке алып ұшарда біз!

 

Іші де ақ, болса егер, сырты қанша ақ,

Келген елміз Ұлы атажұртын аңсап!

Жолбарыстар қозғалып үлгіргенше,

Жүлделі боп жатады түлкі, қарсақ!..

 

Атқа мінген тілеуін тілеп ердің,

Отан десе, шашады от жүрегі елдің.

Шолақ сайлар, қашан да, тез тасығыш,

Алдын орап кетеді ірі өзеннің!

 

Көкжалдармыз жетілген түзде жүріп,

Жеріміз жоқ ертеңнен үзген үміт.

Қандендердің күшігі Мұқаңа үрген ,

Шәу-шәу етіп қояды бізге де үріп!

 

Шыңымызға барамыз дара беттеп,

Жалынбаймыз біреуге ала кет деп!

Буырқансақ Мұқаңдай бізді ағалар,

Жұмыстан да шығара салады ептеп!

 

Балтыр сыздап, демейміз тірсек тоңды,

Өлең жазып өкіртіп жүрсек болды!

Екіленіп жатпаймыз мұндай шақта,

Бірден кете береміз сілтеп қолды!

 

Әсем жазды өткізіп, көркем күзді,

Ақ айдында біздің де желкен жүзді.

Бүгін шетке қаққанмен, Мұқаң құсап,

Елейтін жұрт шығады ертең бізді!

 

Бара жатса ой қалғып, сезім жұтап,

Түңгі аспанға қараймын көзімді сап!

Сол сар жұлдыз кетеді кейде маған,

Ана ұшеуі жоқ жерде, өзім құсап!

 

Мұқаң мен жыр туғаннан егіз дейді,

Шамырқанса, шабыты теңіз дейді.

Арыстаным еді деп, ертең қазақ,

Ана үшеуін білмеймін, мені іздейді!

 

 

Ақордада «Ақбоз үй»

 

Ақордадағы қабылдауда ҚР Президенті Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков ағаға «ULAS»-тың Электронды «Қазақ үйін» сыйладым.

                                        Автор

 

Бірде торы мінгені, бірде жирен,

Қабылан мен құндызды күнде киген,

Қазақ құры кірмейді барған үйге,

Тағы құры шықпайды кірген үйден!

 

Азаматпын сол жолды көре қалған,

Шын тілесең бәрін де береді Аллам.

Жеңге қолға қарайды, қайын келсе,

Жүгіріп шығу мүмкін ғой немере алдан.

 

Кіп-кішкетай «Қазақ үй», Маха, мынау,

Ініңіздің сауғасы атағы дәу!

Ақорда мен халықтың арасында,

Ауық-ауық айтылып жатады дау.

 

Білесіз ғой, Көші-қон – менің дауым,

Қап барады жат жұртта қалың қауым.

Ақордада келеді өмірің өтіп,

Мүмкін емес, ән-күйді сағынбауың?!

 

Сені іздейді, білемін, қанша қауым,

Барша өтініш, айтады барша дауын.

Өмірің өтіп барады Ақордада,

Ақ боз үйді мүмкін бе аңсамауың?!.

 

Қанша жерден болса да беті жарқын,

Мұндай баққа жатпайды жетіп әркім.

Деген оймен әкелдім бұл сауғаны,

«Ағам туған ауылын есіне алсын!».

 

Басталады ұлы әндер ұлы Абайдан,

Мұса да өлең шығарған құрап ойдан.

Құлагерін сері Ақан жоқтағанда,

Қайтіп қана шыдасын жыламай жан!

 

Кес-кестеген тобырлар алдын мәңгі,

Ұлы Мәди, тыңдайсың сал Біржанды.

«Ғалиясын» шалқытып Балуан Шолақ,

Ұкілі Ыбырай шырқайды «Қалдырғанды».

 

Өсек отын жүргендер мәңгі көсеп,

Жығады екен шұңқырға нарды да әкеп.

Әсет әні бұл «үйден» асқақтайды,

Өзіміздің кәдімгі арғын Әсет!

 

«Жанботаны» тыңдайсың, «Шашубайды»,

Әшімді де тыңдайсың, Кәсімбайды.

Таңжарықты тыңдайсың, жеті жылдай,

Шер байланып, бүркеген басын қайғы.

 

Термені де тыңдайсың, ертегіні,

Осы қазақ шетінен, сенсең, ірі!

Қорқыт ата қобызын боздатады,

«Саржайлауын» Тәттімбет шертеді ұлы…

 

Жан дауысын өңшең бір өктем ердің,

Көрінгенге келмейді текке бергім.

Ғасырлардың үні бұл бізге жеткен,

Бізге жеткен зары бұл шеттегі елдің.

 

Күйін шертіп қазақтың, әнін шырқап,

Келсем-ау деп шетте жүр жалынды ұрпақ.

Тыңдасын деп әкелдім әдей Сізге,

Ақ боз үйдің Ақорда зарын бір сәт!

 

Аспан елтіп, сазына дала билер,

Туады әлі жаңа әндер, жаңа күйлер.

Өшкен жанып, өлгендер тірілмей ме,

Қонса келіп Арқаға сол ақ үйлер.

 

Арқама осы КӨШ деген мұң батпаса,

Құмар ақын емеспін Сіз жаққа аса!

Сарыарқаның тіпті де сәні артпай ма,

Ақ үйлерден ақ түтін будақтаса?!

 

Жаншып әбден тастапты-ау сананы езгі,

Мөлдіретіп қойдық қой қара көзді.

Қосылып аққан өзеннің екпіні қатты,

Қосылып айтқан болмай ма ән әуезді?!

 

Ініңіздің, Маха аға, осы арманы,

Ақын болғым келмейді қатардағы.

Әлі талай Сізбенен кездесермін,

Ақорданың бұйырса, татар дәмі!

 

Бермедім бір збандап тыным Сізге,

Шеттегі елдің жеткіздім мұңын Сізге.

Көштің жолы ашылса, көк Аспанның,

Айын Оған сыйлар ем, Күнін Сізге!

 

Екі араға, жан аға, дәнекерсің,

Дәнекерсің, қол жетпес және төрсің.

Сіз бен бізді қуантып сол ұлы Көш,

Даламызға бос жатқан сән әкелсін!

 

Күтіп отыр қанша ауыл, қаншама адам,

Сандалыстан пенде жоқ шаршамаған.

Ақордаға «Кішкене үй» кірді, міне,

«Үлкен үйдің» үмітін арқалаған.

 

Келсе екен ел Есілді кешіп, шіркін,

Іздей берсек табамыз есік кілтін!

Сізге жетсек, ар жағы алыс емес,

Патшаға да қалармыз жетіп бір күн!

 

***

Біздің үйді сұрасаң, Астанада,

Соға кет, келіп мұнда жатсаң, аға!

Дегеннен соң ақырын көшіп келгем.

Бас ақындар тұрады бас қалада.

 

Артып, міне, келеді жыр салмағы,

Білсең, менмін өлеңнің бір саңлағы.

 

Бұл қаладан кетпеймін енді еш қайда,

Бақан алып қолыңа қусаңдағы.

 

Болғаннан соң Арқаның жері көркем,

Салады ойнақ өзіне сеніп еркең.

Әбіш аға секілді, Төлен аға,

Оқиды жұрт таласып мені де ертең.

 

Ақын жаны мәңгі жаз, мәңгі көктем,

Табады орын әр көңіл, әр жүректен!

Алдыменен іздейді аласұрып,

Келген қазақ бел асып арғы беттен.

 

Тұру деген Арқада зор, шын бақыт,

Жатыр Есіл жағаға толқынды атып.

Өтіп бара жатамын сол Есілден,

Көпірлерін Астана солқылдатып.

 

Жаным менің жаралған гүлге етене,

Жан-жағымда жайқалып тұр бетеге.

Кетіп бара жатамын балпаң басып.

Әрең сиып бір өзім бір көшеге.

 

Болмай кетті мағана күлкімде түк,

Келсе деумен келемін жұртым көшіп.

Өлең жазып отырам түні бойы,

Бір бүйірін қаланың бүлкілдетіп.

 

Бір үндеспей заманмен, бір үндесіп,

Айтады кеп ел мұңын жырым кесіп.

Тұрады жұрт, көресің, анадайдан,

Ауыт келе жатыр деп күбірлесіп.

 

Ақордаға жақын кеп ірге тиді,

Заман өзі арқама міндет үйді.

Имекеңнің, білемін, мұршасы жоқ,

Жазғанымды Жүнісбек күнде оқиды.

 

Бәрін көрдім қайғы мен қасіреттің,

Сөйте жүріп, жырымды жасын еттім.

Шақырып онша кетпейді жиын-тойлар,

Жұмысқа да алмайды батып ешкім.

 

Сезгеннен соң қауіпті іргедегі,

Ащы-тұщы көңілге жыр келеді.

Қандастарды шақырам, Нұрекеңе,

Боп қалар деп, әйтеуір, бір керегі.

 

Көрген елміз мың азап, мың текпіні,

Басылып қалды келетін жұрт екпіні.

Қандастарды шақырам, Имекеңе,

Тиіп ертең қалар деп бір септігі.

 

Арта түскен ғасыр бұл жұрт айласы,

Саны молдың бәйгеде шырқайды аты.

Әйтеу қазақ көбейсе екен деймін,

Тисін маған, тимесін бір пайдасы!

 

Тұлпардайын шідерін үзіп шабар,

Жақсылықты отырам қызықтап әр.

«Қазақ келсін шеттегі!» деуден өзге,

Бөтен ниет жоқ менде бұзып-шағар.

 

Біз баратын көмбелер рас алыс,

Асу айқын жолдағы, жыра таныс…

Жоққа қашан бас иіп көріп едім,

Тоқтамасам, жеткізер мына шабыс!

 

Асығады биікке жанның бәрі,

Деме менің зарымды малдың зары.

Артым қуып жеткенше, мен де ақырын,

Ығыстырып үлгірем алдымды ары.

 

Басады деп даламды неге тұман,

Сөйлем келем шеттегі көп атынан.

Амандығын берсе Аллам, Астанада,

Мен де бір күн бас ақын боп отырам!

 

***

Жау анталап, болашақ тұманданса,

Тоқтай қоймас Арқаға құлан да онша!

«Қазақ келсін шеттегі!» деуден өзге,

Мен байқұстың, ойлашы, кінәм қанша?!

 

Түскенімен ісі жоқ әуреге елі,

Соған мені біреулер жау көреді.

Біле-білсең Алаштың ақынымын,

Батырымын тағы да дәу денелі.

 

 

Келмейтұғын қазақты көктеткісі,

Үй артында ойлама жоқ деп кісі!

Соған мені біреулер дұшпан санап,

Жұмыстан да келеді шеттеткісі.

 

Бола алмайды жол бөгет құт қадамға,

Қай кезде де адалдық шықпақ алға!

Ең қиыны – кітабым шықпай қалар,

Кедей бола тұрармын мықтағанда.

 

Мықтағанда батырар күндес мұңға,

Алмас пышақ қайралмай жүрмес қында.

Мені елейтін жандар да табылып қалар,

Шыдай тұрсам қасқайып бір бес жылға!

 

***

Бізде дейді шылқыған мұнай біткен,

Рахмет айтасың Құдайға іштен.

Күн кешірдік он шақты ай жыл басынан,

Әйеліміз екеуміз бір айлықпен.

 

Қойны-қоншын қомпитып теңгелері,

Арғы беттен қыдырып ел келеді.

Ағаларға иіліп сәлем салып,

Інілерге береді ас жеңгелері.

 

Шілде аяқтап, біткенше сары тамыз,

Бәйтерекке барлығын ала ұшамыз.

Хан шатырды көрсетіп, ерке Есілді,

Таныс еместермен де танысамыз.

 

Емес қазақ ежелден саяқ халық,

Бел ауырды демейді, аяқ талып…

Үкіметен көңілі қалған әбден,

Ақордаға қайтады таяп барып.

 

Арманы ғой аңсаған көптен бергі,

Араласын аяғы жеткен жерді.

Оқжетпестің шығарып шыңына да,

Көрсетеміз биіктен сексен көлді…

 

Сақал шықты, жүргенде мұртқа асығып,

Жөн сұрайды сол келген жұрт бас ұрып.

Қонақтардан пәтердің қос бүйірі,

Керілгенде, кетеді сыртқа шығып.

 

Менмін бүгін олардың би, төресі,

Ұмытылған өткеннің күйкі елесі.

Сол қазақтар гуілдеп сөйлегенде,

Желп-желп етіп тұрады үй төбесі.

 

Жаралғаннан, қазағым, өрелі елсің,

Болсын дейтін бала еркін, немере еркін.

Мен шақырған қандастар осы, міне,

Келем десе, тағы да келе берсін!

 

Келе берсін сол қара орман халық,

Көтерісем жүктерін қорбаң қағып.

Бірін кеште қоштасып аттандырсам,

Екіншісін қарсы алам таңнан барып…

 

Астында анау КӨК ТУДЫҢ тұнық түсі,

Келеді елдің ұйысып, біріккісі!

Қайта кетіп қалғаны жан қинайды,

«ТІРКЕУ» деген бәледен сынып тісі!

 

Бұдан артық сыңайлы сый таппаған,

Ондап сатып алады күй таспадан.

«Қандай жұмыс, қарағым, істейсің деп»,

Сұрап қалса, қайтем деп қипақ қағам!

 

Ақындық та бір түрлі «қыңыр кәсіп»,

Қойды заман иттерін ырылдатып.

Кетерінде мақтайды әйелімді,

Есігіне ел пойездың шығып жатып.

 

Қысалады екен мұндайда бір тұрлі адам,

Үйір болып көрмеген жылтырға жан.

Сырып тастап әйелді, ал мен байқұс,

Патшамыз да жақсы деп шыр-пыр болам.

 

 

ҮКІМЕТ ЖӘНЕ МЕН

 

Деп тұрған жұртқа үйірін кісінеп табам,

Айқара құшақ ашуы керек қой бүкіл есті едам!

Мен билікке, Құдай бар, қарсы емеспін,

Қарсы боп тұр, қайтейін, Үкімет маған!

 

 

Қазаққа бақыт тіледім, тілесем Хақтан,

Ел мұңын ғана күніне жыр етем батпан!

Айыбым менің қандастар келсін дегенім ғана,

Ауытқып көрген жерім жоқ Нұрекең жақтан!

 

Құмалақ салшы деп, сенсеңіз, бақсыға да айттым,

Өзім құрмет тұтатын, жалынып, жақсыға да айттым.

Шеттегі қазақ келсін деген де Нұрекең сөзі,

Мен оны айтсам, өзгеден қаттырақ айттым!

 

Көбейе бастап ек енді, күн ысып шамалы,

Үмітім желге, туыстар, шын ұшып барады.

Қазақ келсін шеттегі десем, Үкімет,

Келтірмеуге қасарып, тырысып бағады!

 

Ерлерім қайда Алпамыс текті алып денелі,

Құтқармай ма теңізге кеткен барып кемені.

Келсем деген қазақты Алатауыма,

Аямай Үкімет тобықтан қағып келеді.

 

Болмай-ақ қойсын, өкпе жоқ, мә деп берері,

Келген ел өзі байлық пен сән ап келеді!

Келсем деген қазақтың Атажұртыма,

Тосқауыл қойып алдына әлектенеді!..

 

Келеді тынбай көгімде қыранша-ақ ұшқым,

Бермейді саған қазақтай шын ән сап ешкім!

Мен айтарымды аямай айтып келемін,

Тынар екен түбі немен бұл арпалысың?!!

 

 

МЕНІҢ ЖОЛЫМ

 

Менің жолым – кешегі бабам жолы,

Опырып кеткен көпірін заман қолы.

Арандарға жем болды халқым менің,

Борандарға тап болды далам долы!

 

Менің жолым – ұзақ жол, жеңіс жолы,

Бар бағыты бақытқа тегіс толы.

Келе жатқан жерінен шыңға тартып,

Бұрып кетті біреулер еңіске оны!

 

Менің жолым – сара жол, арман жолы,

Тимей жүріп шабыс пен зардан қолы –

Бастап келіп бабалар бір белеске,

Табыстаған тағы бір Тарланға оны…

 

Атажұрттан өзгені жерсінбеген,

Бота боздап, аталар еңкілдеген.

Менің жолын Ұлы жол, біле-білсең,

«Қазақ түгел шеттегі келсін!» деген!

 

Араласам елдермен тым іріктеп,

Жетелейді алдыға бір үміт тек.

Бүгін маған көп, білем, тіс басулы,

Бүгін маған түюулі жұдырық көп.

 

Жас болсам да өтті көп іс басымнан,

Жаным таза ұқсайды шыққа тұнған.

Шығарғандар жұмыстан шығара берсін,

Қалсам, қала тұрайын тұстасымнан!

 

Жас болсам да өтті көп іс басыман,
Жаным таза, ұқсайды шыққа тұнған.
Шығарғандар жұмыстан шығара берсін,
Қалсам, қала тұрайын тұстасымнан!Жас болсам да өтті көп іс басыман,
Жаным таза, ұқсайды шыққа тұнған.
Шығарғандар жұмыстан шығара берсін,
Қалсам, қала тұрайын тұстасымнан!Жас болсам да өтті көп іс басыман,
Жаным таза, ұқсайды шыққа тұнған.
Шығарғандар жұмыстан шығара берсін,
Қалсам, қала тұрайын тұстасымнан!Жас болсам да өтті көп іс басыман,
Жаным таза, ұқсайды шыққа тұнған.
Шығарғандар жұмыстан шығара берсін,
Қалсам, қала тұрайын тұстасымнан!Жердің дұшпан ежелден иеніне өш,

Ағылады ерең-ақ түйелі көш!

Күн кешеміз жабықпай, жалтақтамай,

Ешкімге де жатпастан сүйеніп еш.

 

Басқалардан шығады даусың да өктем,

Бастайсың бір сезіне нарқыңды еппен.

Дүниеге қарайсың басқа көзбен,

Басылып қалған серпіліп, халқым, көптен…

 

Қазақ деген қасқайып тұрса қалқан,

Бақыт әнін атпай ма шырқап әр таң!

Елім сонда, көресің, бөркін атып,

Бір жырыма атайды бір Самархан!

 

 

Туған жер

 

Ерте-кеш пе,

Той дегенің тарқайды.

Толы көңіл,

Тоқ көңіл де ортайды.

Адам қылған туған жерім еді ғой,

Туған жерге қайту керек –

Қартайдым!

Қадыр Мырза Әли

 

Қайту деген ауылға үлкен іс пе,

міне салып ақшамда бір көлікке,

 

Таң ағармай Маралтай жетіп барар,

Мына тұрған зыр етіп Шымкентке!

 

Жүре бермей ойынмен шалқып бекер,

Ақын болсаң, ел жүгін артық көтер.

– Қайдасың, – деп, Дидар дос – Қарағанды?!

Пойызымен Астана тартып кетер!

 

Дейтін емес ауылы шеткері еді,

Розаның әне тұр Қаскелеңі.

Алматыға тиіп тұр Ұйғыр аудан,

Бақыттарға көліктің жоқ керегі!..

 

Ауыл барып, алаңсыз тынығарға,

шыққың келсе шынымен ұлы жолға,

Мына белдің ар жағы Әулиеата,

Одан ары Шымкент, Қызылорда…

 

Көсіліп жатқан қазақтың даласын бай,

Жалғайды жол деп жатыр жаңа, сымдай…

Өскемен мен Оралдың екі арасы,

Қас пен көздің бұл күнде арасындай.

 

Артық болмас бәрін де біле отырған,

Дауыл айдап қазақ көп қыр асырған!

Шегара аттап мұндағы ел қиналмайды,

Жер емес пе ауылы мына тұрған.

 

Аз болса да будақтар түтін саны,

Туған жері – әркімнің Мысыр шәрі!

Шынында да арқасы сол ауылың,

Сені бір күш биікке ұшырса ары.

 

Өмір кештік қиялмен, арманмен де,

Мұнда әкелді от болып жанған кеуде.

Жер жетпейді шынында бұл әлемде,

Кіндік қаның шыр етіп тамған жерге.

 

Ажал бір күн алам деп, қиылса кеп,

Айта алмайсың, ағайын, түйір себеп.

Қазақ тілеу тілейді қайда жүрсе,

Туған жерден топырақ бұйырса деп.

 

Жетсе ажал алам деп қас-қағымда,

Ойнақ салар қара бұлт аспаныңда.

Тұрақ табар екенбіз біз қай жерден

Туған жері қап қойған жат қолында?!

 

Атақ берген жоқ бізге, мәнсап берген,

Орын алу қиын-ау самсап төрден.

Тұрақ табар екенбіз біз қай жерден,

Атажұртын алыстан аңсап келген?!

 

Арғы бетте қомақты ел отыр әлі,

Ертең олар басқаға шоқынады!

Ойманбұлақ төрі енді алыс маған,

Бұйырмайды Ілемнің топырағы!

 

Мен мінгенде келместің кемесіне,

Алсын осы сөзімді ел есіне!

Жанарбектер ағалап жүргенімен,

Қоймас бізді шығарып төбесіне!?

 

Заман мені көш-көш деп зар қақтырған,

Табу керек сол үшін таңдап бір маң.

Ұзын жолдың ыңғайлы-ау бойы ғана,

Алматы мен Құлжаны жалғап тұрған.

 

Азаматпын Алашқа аты қалар,

Өлсем бір тал болады ел шашыма зар.

Көсіліп жатқан қазақтың даласынан,

Көрлік жерді жайым жоқ сатып алар!

 

Барым салдым Көшімді кемелдеуде,

Өлем-ау деп тым ерте елеңдеуге.

Құлжа жолы бойынан бір жер тауып,

Сонда апарып жерлеңдер мен өлгенде!

 

Мені қатты, шеттегі ел, алаңдаттың,

Қатерге де сен үшін қадам бастым.

Атажұртты бетке алып көшкен елді,

Көрімде де келеді санап жатқым!

 

Белден де ассын, айбынды шыңнан да ассын,

Тиері хақ жерге бір бұл жамбастың.

Алатауды бетке алған көш дүбірін,

Көрімде де келеді тыңдап жатқым!!!

 

Алсаң бәрін мың алғыс, мың батаның,

Ойда отың өшпейді, қырда шамың.

Қазақ көші тағы да тоқтар болса,

Қайта оянып, сол күні тіл қатамын!

 

(Соңы)

 

 

 

 

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз