САРЫАҒАШТЫҚТАРДЫ ТЫНЫШТАНДЫРУҒА АҚСАҚАЛДАР ТАРТЫЛДЫ

9 ақпан, 2015

4 ақпанда Сарыағаш ауданында екі азаматтың арасында туындаған тұрмыстық даудың салдарынан бір адам көз жұмған болатын.

Сарыағаш тұрғындарын тыныштандыруға ауыл ақсақалдары тартылды Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті таратқан дерек бойынша, Қазақстанның құқық қорғау қызметкерлерінің жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Бостандық ауылының тұрғыны Навмидин Нарметов ұсталған. Бүгінде аталған қылмыстық іспен ІІМ арнайы тергеу тобы айналысуда. Осы оқиғаға байланысты наразылық білдірген ауыл жастарының арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тәртіпке шақырылды. Бұдан бөлек облыс әкімдігінің мамандары мен прокуратура қызметкерлері бірлесіп, ауыл тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бүгінде құрамында жергілікті атқарушы орган қызметкерлері, ауыл ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдерінен құралған топтар аудандағы барлық мектептер мен қоғамдық орындарда кездесулер өткізуде. Тәртіпсіздік орын алған ауыл мен сол маңдағы елді мекендердің сауда нүктелерінде ішімдік сатуға тыйым салынды. Орын алған қайғылы оқиғаға байланысты жергілікті тәжік диаспорасының ақсақалдары мен жастары марқұмның үйіне барып кешірім сұрап, болашақта тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бірлескен шешімге келді. Сонымен бірге көршілес ауыл жастарын сабырлыққа шақырып, заң бұзушылыққа жол бермеу керектігін айтып отыр. Бүгінде ауылдағы жағдай тұрақты деп хабарлайды ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Источник: BAQ.KZ