Адам басып өлтірген шенеуніктің ұлы күдіктіден куәгерге айналып шыға келді

Астана сотында тағы бір лауазымды шенеуніктің ұлына қатысты іс қаралуда. Екі жылға жуық тергелген қылмыстық іс бұған дейін 5 рет жабылып, сотқа әрең жетті деп хабарлайды КТК арнасы.

Астанада адам басып өлтірген шенеуніктің ұлы күдіктіден куәгерге айналып шыға келді "Мемлекеттік сараптама" мекемесі басшысының орынбасары Берік Нұрманбетовке тиесілі джип 20 жастағы жігітті қағып мерт қылған. Апат болғанда көлікте шенеуніктің ұлы екі досымен отырыпты. Бір қызығы көлік иесінің баласы кінәлі емес, куәгер ретінде қатысуда. Процеске марқұм Ұланның әйелі мен ата-анасы да келді. Жол апаты бір жарым жыл бұрын болған. Қала ішінде жоғары жылдамдықпен келе жатқан джип жаяу жүргіншілер өтетін жерде 20 жастағы Ұлан Байжұмановты қағып, мерт қылады. Сол "Лексус" Астанадағы "Мемлекеттік сараптама" мекемесі басшысының орынбасары Берік Нұрманбетовке тиесілі екен. Көлікте ұлы Нұрдос Нұрманбетов пен оның екі досы отырған. Бір қызығы қылмыстық іс шенеуніктің баласына емес, қасындағы Диас Кивеновке қатысты қозғалыпты. Ұланның ата-анасы тергеушілердің мұнысына күмәнмен қарап отыр. "Рөлде Кивенов емес, Нұрдостың өзі отырған. Өйткені, апаттың ертеңіне шенеунік әкесі "Астанадан 1 бөлмелі пәтер берейін" деген ұсыныс жасады. Біз бас тарттық", - дейді марқұм Ұлан Байжұмановтың анасы Клара Қамарова. Сөйтіп, Кивеновке қатысты іс екі жылға жуық тергеліп, енді ғана сотқа жетті. Тергеушілер оны "құрамында қылмыстық әрекет жоқ" деп 5 рет тоқтатқан. Тек елбасының араласуынан кейін қылмыстық іс қайта ашылды дейді марқұмның анасы. "Сот отырысының протоколында менің сөздерімді бұрмалап жазған. Сондықтан сотқа да сенбей отырмыз. Құжаттарда Ұланға қатысты қылмыстық іс оның өлімінен жарты жыл бұрын, яғни 16 қаңтарда қозғалды деп тұр. Ол аздай тергеушілер күдікті ретінде марқұм ұлым Ұлан Байжұмановтың өзін тіркеп қойған", - дейді марқұм Ұлан Байжұмановтың анасы Клара Қамарова. Осылайша тергеушілер мен сот әбден әбігерге салды деген жәбірленуші жақ істі жүргізіп жүрген судьядан бас тартуға арыз жазатындарын жеткізді. Ал, сотқа куәгер ретінде қатысып жүрген Нұрдос Нұрманбетовтың көлігі апатқа алғаш рет ұшырап отырған жоқ. Шенеуніктің ұлы бұған дейін де үш баланың анасын жол бойында басып кетіп, мерт қылған. Ол кезде құрығы ұзын әкесі марқұмның отбасына ақша беріп құтылған екен. Егер шенеуніктің атақты адам қаққыш ұлын сол кезде көлік жүргізу құқығынан айырғанда Ұланның өмірі қыршындай қиылмас па еді?!

Источник: КТК