Порошенко Донецкіні қайтаруға уәде берді
2015 ж. 19 қаңтар
1266
1
Украина президенті Петр Порошенко Киев елдің шығысындағы ресейшіл сепаратистер басып алған аудандарды өз қарамағына қайтаратынын мәлімдеді.
Қаңтардың 18-інде Киевте өткен Донецк маңындағы Волноваха селосында қаза тапқан 12 адамды еске алу шеруінде сөйлеген Порошенко Украина сепаратистерге территориясының "бір қарысын да бермейтінін" айтқан.
Шеруге қатысқандар қолдарына Украина туы мен "Мен - Волновахамын" деген жазулар ұстап шықты. Қаңтардың 13-і күні Волновахада жолаушылар автобусына артиллерия снаряды түсіп, 12 адам қаза тапқан. Киев оқиғаға сепаратистерді айыптайды.
Бірақ сепаратистер атқылауға қатысы барын жоққа шығарады. Жексенбі күнгі шеруге қатысқандар Украина шығысындағы қақтығыс құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Осыған ұқсас акциялар Украинаның бірнеше қаласында өткен.